Облыста ауыл шаруашылығын механикаландыру, дәнекерлеу ісі, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, бағдарламалық қамтамасыз ету саласының мамандарын дайындайтын №7 Бетқайнар колледжі бүгінгі уақыт талабына сай студенттерге білім мен тәрбие беріп отыр. Енді қытайлық колледждің филиалы осында іске қосылса, бітіруші түлектерге колледж дипломымен қоса халықаралық дәрежедегі сертификат та берілетін болады. – Биылғы жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, еңбек адамдарына, кәсіби мамандықтарға ерекше көңіл аударылуда. Бұл бастаманы еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттырып, техникалық және кәсіптік білім беру саласына деген көзқарасты өзгертуге бағытталған маңызды қадам деп білеміз. Осы мақсатта ел көлемінде түрлі жобалар жүзеге асырылып, техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының базасында өндірістік әлеуетті дамыту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, колледжіміздің базасында Қытай Халық Республикасының «XIAN LIXUN TECHNOLOGY» техникалық колледжінің филиалын пилоттық жоба ретінде ашу үшін Сиань қаласының кәсіптік білім беру комитетімен бірнеше келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде тараптар арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда колледждің ескі ғимаратында жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, оқу кабинеттері, шеберханалар мен зертханалар ашу үшін жағдай жасалған.
Жоба бойынша жасалған меморандумға сәйкес «XIAN LIXUN TECHNOLOGY» техникалық колледжі өздеріне бірнеше міндеттемелерді алуда. Атап айтқанда, материалдық-техникалық базаны жабдықтау, бұған 100 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Сонымен қатар жоғары білікті арнайы пән оқытушыларымен қамтамасыз етіп, колледждің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері үшін колледж базасында халықаралық тағылымдамалар ұйымдастырады. Бітіруші түлектердің кем дегенде 60 пайызын жоғары жалақы жұмыспен қамтамасыз етуді және бітіруші түлектердің 10 пайызына дейін жеке кәсібін ашу үшін қаражат бөлуді, WorldSkills чемпионатына қатысуға ниет білдіруші студенттерді даярлауды жүзеге асырмақшы. Әрине, бітіруші түлектерге колледж дипломымен қоса халықаралық дәрежедегі сертификат та берілетінін айта кеткен жөн. Осындай кең көлемді халықаралық әріптестік колледждің білім беру сапасын арттырып ғана қоймай, бәсекеге қабілетті, заманауи талаптарға сай кәсіби мамандарды даярлауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз, – дейді №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнара Әлімбаева. Әрине, білім беруде теориялық оқыту жеткіліксіз. Адам іске тәжірибемен шыңдалады. Сол себепті бұл колледждің студенттерін іс тәжірибеден өткізу үшін колледж аумағында дәнекерлеу цехы, тігін фабрикасы және жылыжай жұмыс істейді. Студенттердің игілігі үшін «Жас маман» бойынша жалпы 355 миллион 172 мың теңгеге техникалар алынған. Оның ішінде Виртуалды дәнекерлеу симуляторы TKR Welding, «Виртуалды шындық көзілдіріктеріне негізгі трактор қондырғыларын жинайтын» тренажері, BOZKURT Дән сепкіш тракторы, John Deere комбайны, Deutz Fahr 6130 W-тракторы, 3 СХ ЕСО экскаваторы бар. Сонымен қатар «MP-1» жүнге арналған қырғыш машинасы, «БЧВМ1-м» таратқыш машинасы, «ВМ-200» киіз басатын машинасы, «АСО-200» жүнді арамшөптерден алдын ала тазалау қондырғысы, жүнге арналған шағын жуғыш, «ВМ-200» үшін жұмыс үстелі, жүнді жуғаннан кейін сығуға арналған айналдыру біліктері, өнеркәсіптік кесте тігу машинасы, «HFJ-26F-02» компьютерленген көрпе тігу машинасы, тоқыма және пластмассаға арналған лазерлік кесу және гравюра машинасы, әртүрлі операцияларға арналған негізгі әмбебап тігін машинасы, әртүрлі саңылау қалталарды жасауға арналған машина, жүк көлігі, реверсивті бұрандалы соқа 4+1 корпус, тыңайтқыш шашу машинасы, трактор мен комбайнды жүргізуге арналған тренажер, PRONAR T 653 тіркегіш те қамтамасыз етілген. Осы техникалардың бәрін студенттер қолдана отырып, теориялық тұрғыда оқығандарын іс жүзінде меңгеріп келеді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен колледждерде білім беру бағытына сай кәсіпорын ашып, табыс табудың тетігі қолға алынғаны баршаңызға мәлім. Осы бастамамен біздің колледжде де тігін бағытында кәсіпорын ашылды. 2023 жылы бос тұрған ғимаратқа 51 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорынға құрал-жабдықтар алу үшін жергілікті бюджеттен 90 миллион теңге бөлінді. Қордай ауданы тұрғылықты жері бойынша Қырғыз мемлекетімен шекаралас болғандықтан колледжге білікті мамандар тарту мақсатында «Ай Tex» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен екі жақты келісімшарт жасалынды. Келісімшарт бойынша кәсіпорынға тапсырыс алу және құралжабдықтарға сервистік қызмет көрсету аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің міндетінде. Бүгінгі таңда үлкен тапсырыстар қабылдау үшін келіссөздер жүргізілуде. Осы кәсіпорынның жұмысында «Айтынбет» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Жанар Жетпісбаева тәлімгер ретінде бағыт-бағдар беріп, көмек көрсетуде. Бүгінгі таңда өзіміздің жоғары курс студенттері өндірістік сабақтары мен кәсіптік практикасын осы кәсіпорында өткізуде. Кәсіпорынға ауыл тұрғындарынан 40 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Биылғы қаңтар айынан бері жұмысқа қабылданатын азаматшалар кәсіпорында кәсіби дағдыларын меңгеру үшін тағылымдамадан өтуде. Яғни, колледж базасындағы кәсіпорынның игілігін тек студенттер ғана көріп қоймай, ауыл тұрғындарына да пайдасы тиіп отырғанын баса айтқым келеді, – деген Гүлнара Еділбайқызы колледж студенттеріне арналған жатақхананы 2023 жылы ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджеттен 181 миллион теңге бөлініп, заман талабына сай жаңартылғанын да айтты.
Жатақхана аумағы жалпы 807,7 шаршы метрді алып жатыр. Әр бөлме 17,1 шаршы метрді құрайды. Жалпы сыйымдылығы 150 орынға арналған, 71 тұратын бөлмесі бар. Студенттер тұратын бөлмелер екі есікті шкаф, сабақ орындайтын үстел мен орындық және төсек орындармен қамтамасыз етілген. Бөлмеде 2 студенттен тұрады. Жатақханада 3 демалатын қонақ бөлмесі, 2 теннис ойнайтын бөлме, екі асхана, киім жуатын, кептіретін бөлмелер, 4 дәретхана мен жуынатын бөлмелер бар. 1 теледидар, 2 кір жуғыш машинасы, 4 үтік, 4 тоңазытқыш, 2 үстел тенисі, 2 су жылытатын тен, 1 су диспансеры, 2 жүгіретін тренажер студенттердің тұрмыстық тұрғыда қажеттіліктерін толық қамтуға арналған. Қазіргі таңда өтініштер бойынша 100 студент орналастырылған. Жатақханада студенттер өміріне қажетті жағдай жасалған. Бірінші қабатта кітапхана, оқу залымен қатар оқуға құштар колледж, дәрігерлік пункт, оқу кабинеттері талапқа сай жабдықталып, студенттердің қолданысына беріліп отыр.
Жеке стратегиясын құра алатын, ой-өрісі икемді, әлеуметтік серіктестіктер мен жұмыс берушілердің талаптарына сай, бәсекеге қабілетті білікті маман даярлауды басты мақсат еткен колледж жас талапкерлерге тек білім беріп ғана қоймай, Отанын сүйетін, еліне қызмет етуде еңбектенуден аянбайтын әрі білім жолында ізденіске құмар тұлғаларды жан-жақты дамыта тәрбиелеуге басымдық береді. Сабақтан тыс тәрбие жұмыстары, қосымша қоғамдық жұмыстар арқылы студенттерді патриоттық тәрбиеге баули отырып, әр студенттің бойында бар қабілетін анықтап, оны ары қарай жетілдіру назарға алынады. Оқу орнында тиісті заң ережелері де қатаң сақталатынын атап өткен жөн болар. Батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дейді. Мұнда да алдымен тәртіп, заң талаптарының сақталуы басты назарда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында» деген болатын. Біз бұл оқу орнындағы студенттердің пікірінен білімге құштар, өнер, кәсіп үйренуге ұмтылған, талабы таудай екенін аңғардық. «Ұлым» дейтін елі барда «елім» дейтін ерлер шыға берері анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Мұғалімнің мүддесін қорғауда үлкен рөл атқарып келеді
- 15 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




