«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жанұяға жылу сыйлаған Жанар

Жанұяға жылу сыйлаған Жанар
Автор
Әр әулеттің тілегі – ұрпақ жалғастырып, өсіп-өну екені белгілі. Қазіргі таңда көп балалы болуды құптайтын келіндердің қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылына барған кезімізде Абай көшесінде «Алтын алқа» иегері Жанар Нұрымбетова тұратынын білдік. Сол отбасына барып, батыр ананы сөзге тартқан едік.

Жанар Әлмұханқызының Салықовтар әулетіне келін болып түскеніне ширек ғасыр өтіпті. Жолдасы Әлібек Салықов екеуі ауылдың үлгілі отбасына айналып келеді. Әлібек Құлан ауылында автомобильдің дөңгелегін жөндеу орталығының білікті шебері. «Жақсы келін – құт» демекші, ата-енесі де соңғы демдері біткенше келіндеріне алғыстарын жаудырумен кетіпті. Салықовтар деп айтып қалдық. Артық Салықов – ұзақ жыл мектепте мұғалім болған, көпшілікке сыйлы. Өлең жазып, шабыт шақыратын да қасиеті болыпты. Артықбай ақсақалдың жары Ақанай апа да өте сыйлы, құрметті кісілер болса керек. Қазір екеуі де арғы әлемнің қонақтары.

Ал енді Әлібек пен Жанардың отбасына оралсақ. Жанар балаларға қарап үйде отыр. Үлкен қыздары Ақмарал тұрмысқа шыққан. Қазіргі таңда «Ана көрген тон пішер» деп Ақмарал екі қыз тәрбиелеп отырған ана. Ақмаралдан кейінгі ұлдары Қазыбек 24 жаста. Теміржол саласында еңбек етеді. Мамандығы – теміржолшы. Екінші бала Наурызбек – дәнекерлеуші, Медет – аспазшы мамандығын меңгерген. Осы екі жігіт Отан алдындағы борышын өтеп, әскерге барып-қайтқан. Аружан 11-сыныпқа көшсе, аз күндерден соң Нұргүл 9-сыныпқа барады. Ал 5 жасар Зарина балабақшада. Аружан мен Нұргүл сурет салу өнеріне бейім болса, Зарина би билеуге құмар. Ата-анасы қыздарының осы өнерлерінен де үлкен үміт күтеді. «Абай атындағы осы ауылға келін болып түстім. Тағдырыма еш өкінбеймін. Ауыл халқы тіршіліктерін дамытып, еңбек етуде. Әр ауланың жетістігі ауылдың жетістігіне жол ашады емес пе? Жаратушының қалауымен батыр ана атанып отырмын. Әуелі анамнан, кейіннен енемнен алған тәрбиемді өзімнің ұл-қыздарыма дарытып жүрмін. Отаншылдық, елді құрметтеу тақырыбында айтып отырамыз. Екі баламның әскерге барып, борыштарын абыройлы өтеп қайтуы осы тәрбиенің жемісі болар, бәлкім. Қазіргі таңда өзім де немере сүйдім. Қызымыздың өрісі ұзарып жатқаны да бізге керемет қуаныш сыйлады. Осы көзге көрінген алтын перзенттеріміздің қызығын көрсек дейміз. Әлібек екеуміздің мақсатымыз да, арманымыз да осы», – дейді «Алтын алқа» иегері Жанар Нұрымбетова.

Есет ДОСАЛЫ

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар