Бектасовтар әулеті биыл «Мерейлі отбасы» байқауында бақ сынауды жөн көрген. Әрине, татулығы мен тірлігі жарасып, төрт құбыласы сай болып тұрса, сайыстарға қатысып әулетінің намысын қорғағанға не жетсін! Осындай сеніммен додаға түскен теміржолшылар әулеті Бектасовтар аталған байқаудың облыстық кезеңінде бас жүлдені иеленіп, енді республикалық кезеңге жолдама алып отыр. Бұл әулет сонда несімен ерекше деген сұрақтың туатыны заңдылық.
Отағасы Күмісхан Бектасов барлық саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған болатын. Аталған салада 44 жыл бойы тер төгіп, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін де кеудесіне таққан сәті естен кетер ме? Әттең бір әулеттің бәйтерегіндей азамат 2009 жылы 70 жасқа қараған шағында өмірден озғаны өкінішті. Дегенмен, соңына сом алтындай ұрпақ, ұлағатты істерін қалдыруы Күмісхан ақсақалдың да мәңгі жасай беретінін көрсетеді. Отанасы Ұлмекен Бектасованы Тараз қаласының біраз аумағы таниды. Көркем мінезді, жайдары, кең пейілді Ұлмекен апамыздың қашанда мерейі үстем, жолы ашық. Бір әулеттің қазынасына айналған Ұлмекен апамыз биыл 77 жасқа қарады. Қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Жамбасарық ауылында 1949 жылы дүниеге келген апамыз жастай Бектасовтар әулетіне келін болған. Тәрбиелі келін бола жүріп өмірге алтын асықтай ұлдарды, күміс қасықтай қыздарды алып келді. Еңбектен де қол үзген жоқ. 1978-2003 жылдар аралығында Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтер болып қызмет істеді. Жалпы темір жол саласында 25 жыл еңбек еткен. Қазіргі таңда зейнеткер. Ұл-қыздарына, олардан тараған ұрпаққа бақыт тілейді. «Толқынды толқын қуады, жақсыдан жақсы туады» демекші, Күмісхан мен Ұлмекен 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Сол перзенттерден 13 немере, 11 шөбере тарап өсіп, өнуде. Әулеттің перзенттеріне жекелеп тоқталсақ, тұңғыштары Бауыржан 1968 жылғы, қазіргі таңда «ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖТ Жамбыл бөлімі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша бас маман болып қызмет атқарады. 2022 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Отбасында 2 ұл, 2 қыз, 4 немере тәрбиелеуде. Жұбайы Гүлназ екеуінің отау құрғандарына – 33 жыл. Гүлназ Советқызы Тараз вокзалында бейнебақылау операторы болып жұмыс істейді.
Бауыржаннан кейінгі Гүлнар Күмісханқызы 1986-2015 жылдар аралығында «ҚТЖ» акционерлік қоғамында Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында электромеханик болып қызмет атқарған. Қазіргі таңда зейнеткер. Отбасында екі ұл, бір қыз, жеті немере тәрбиелеуде.
Екінші ұлы Сүгір «ҚТЖ» АҚ Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында өндірістік телім бастығы болып қызмет атқарады. Ол «Адал еңбегі үшін», «Үздік маман» медалінің иегері. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеуде. Сүгірдің жан жары Әмина Амангелдіқызы да, баласы Жайдар да теміржол саласында тер төгіп жүр.
Күмісхан ақсақалдың қыздары Толғанай мен Әсем де – теміржолшылар.
Немересі Әбілқайыр Хамитұлы «DAR RAIL» ЖШС – жеке локомотив паркі бар жеке жүк тасымалдаушы компаниясында электровоз машинисті болып қызмет істейді. Ол 2023 жылы «Үздік машинист көмекшісі» медалімен марапатталған.
Міне, байқап тұрсақ Күмісхан ақсақалдың өзінен бастап ұл-қыз, немерелерінің көпшілігі тағдырларын болат жолдың бойымен байланыстырған. Бұл әулеттің теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілдері 250 жылға жуықтап қалатыны анық. Ал әулеттің анасы Ұлбосын Бектасованың аузынан жақсы сөз айтылып, ойынан тек шүкірлік пен жақсы тілек кетпейді.
– Бұл әулет – теміржол саласына берілген әулет. Менің де мамандығым осы сала болды да, тіпті еңбек жемісін берді. Мамандықтың ішінде жаманы жоқ. Дегенмен, бір мамандықты таңдап, соның шебері болған кісінің ұтары көп. Теміржол саласы жеңіл іс деп айта алмаймын. Ауыр, қиыншылығы көп сала. Соған қарамастан ұл-қыз, немерелеріміз де ата кәсіпті таңдап, жұмыстарына адалдық танытып келеді. Биыл облыстық «Мерейлі отбасы» байқауынан бас жүлдені жеңіп алдық. Бұйырса, республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында бақ сынайтын боламыз. Сол жауапты байқауға дайындықты бастап та кеттік. Осы жасқа келгенде маған жарыстың да қажеті шамалы. Менің тілейтінім – еліміздің тыныштығы мен дамуы. Сонан соң тілейтінім – отбасымның амандығы, өсіп, өнуі. Басқа байлық, марапат сұрамаймын. Менің байлығым – осы ұрпақтарым. Отағасы Күмісхан да отбасын, балаларын байлыққа санады. Елімізде бақытты, берекелі де, тату, өсіп-өнген әулеттер көбейе берсін, – дейді ол.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




