«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құран сөзін бағыштаудың құны қанша?

Құран сөзін бағыштаудың құны қанша?
Ашық дереккөз
Қазіргі таңда жұртшылық дін ұстаған имамдарға да сын көзбен қарайды. Бәлкім ол дін өкілдерін имандылықты таратушы білім иелері деп сыйлағаннан болар. Дегенмен сол имам-молдалардың ұстанымы әртүрлі бола береді. Мәселен, жаназа кезінде Құран оқығандары үшін қаржылай сый дәмететін молда бар, ештеңе дәметпейтін тахуа молда және бар. Ондайды көзіммен көрдім. Былтыр ауылға бір қария кісінің жаназасына барғанымда ауылдың бас имамы Әбдікәрім Ділдаұлы Құран оқығаны үшін берген теңгені алмай қойды. Кейінгі бейсенбілікте де сөйтті. Таңғалдым.

Ал, Жуалы ауданының бір ауылында 12 баласы бар ақсақал өмірден қайтады. Балаларына жаназаға не беретіні туралы да өсиет, аманат айтып кетіпті. Балалары ақсақалдың аманатын орындады. Жаназаны шығарған имамға бір тай мінгізіп, жанында құран оқыған екінші имамға 30 мың теңге берді. Бұл жерде қасиетті Құранды бағыштаған ілім иелерін құрметтеу де бар. Әке аманатын құрметтеу де бар.

Жақында Сарысу ауданында болған оқиға да ушығып барып басылды. Ол жерде де молданың сауатсыздығы көрініп тұр. Алатын нәрсесінің нақты сомасын айтуы дұрыс емес. Әйтпесе, жуалылық ақсақал берген тай оның сұраған ақшасынан бірнеше есе қымбат қой. Бұл жерде мәселе айқайдың шығып кетуінде. Әйтпесе, әр жерде кейбір қаржысы мол кәсіпкерлер имамға автокөлік те мінгізіп жатыр.

Негізі ақы егесі имамға не береді? Ешкімнің шаруасы болмағаны жөн. Өмірде қаржысы барлар Құран оқыған имам өз алдына, ештеңе істемеген жандарға да, жас отбасыларға да көмектесіп жатыр.

Бұл ретте имамдарды да сөзге тартқан едік. Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Жуалы мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбек: «Құран оқығаны, жаназа шығарғаны үшін имам немесе молда ақша сұрамауы керек. Ілім сатылмайды. Бірақ ақы иесінің сауап үшін шын ықыласпен ұсынған теңгесін имам алса өз еркі. Ол Құран оқығанына өтемақы емес. Үй иесінің ризашылығы» деп түсіндірді. Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаев та өз ойын былай білдірді.

«Қазақта бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демей ме? Сарысу ауданында орын алған жағдай осы мысалға келеді. Танымал азаматпен тәжікелескен молда қазіргі уақытта мешітте жұмыс істейтін маман емес. Өзінше шақырған жерге барып жаназа шығарып, Құран оқуды жеке табыс көзіне айналдырып жүрген кісі. Оған қарап баға беріп жатқан ешкім жоқ. Кім жаман, имам жаман, не жаман мешіт жаман дейді. Кейбір дінмен дүрдараз ақсақалдарға да бұл жақсы болды. «Имамдардың да қолы таза емес. Мешітке абайлап кіру керек» деп шыға келді. Шын мәнінде жағдай солай ма?

Негізі имам жаназа намазын оқығаны үшін немесе Құран бағыштағаны үшін ақы алмауы керек. Шариғат талабы осы. Қайталап айтамын, Құран сөзі сатылмайды. Бірақ, таяқтың екі ұщы бар. Имамдар да – адам. Имамның да отбасы бар. Кейбірі 6-7 бала өсіріп отыр. Жұмысы мешітте. Мешіттегі жұмысына да ақы төленбейді. Кейбір имамдарға ғана аз мөлшерде төлене бастады. Оның өзі бүкіл имамның он пайызына жетержетпес. Сонда имам қалай күн көруі керек? Осы сұрақ туралы ойланған кісілер бар ма? Арасында жаназа намазын шығарып, сый дәметсе, оның аяғы немен тынғанын көріп отырсыздар. Жағдайды ушықтырған ағамыздың өзі – асаба. Ол төрт сағат той басқарғанға 200 мың теңге кемінде сұрайды. Тіпті кейбір сұраныстағы асабалар 1 миллион теңгеге той басқарса, танымал әншілер әр тойға 3-4 миллион теңгеге әрең келіп жүр. Сонда басқа адамдарға болады да, имамға ғана болмай ма? Салыстырсаңыз тойда желкілдек, жеңіл ойлы ән айтқандар қалаған қомақты ақшасын алады да, Алланың дініне қызмет еткен, әр үйге имандылық таратқан жылы жүзді имамдар бәріне тегін жүгіруі керек пе? Салыстырып көріңіздер» деді.

Біз имамдардың уәжінен соң ойланып қалдық. Дінге тиым салған кешегі Кеңес одағы кезінде де әр ауыл тұрғындары қожа, молданы ерекше құрметтеді. Өздері ішіп жемесе де, бәрін сол дін ұстанған кісілердің аузына тосты. «Қожекең риза болсын» деп, қариялар күз кезінде бір тоқтысын молдаға өңгертіп жіберетін. Ілімді сыйлағаны ғой. Қалай десек те имамдар ізгілік пен имандылықты таратып жүрген жақсы қасиет иелері. Мүмкіндік болса ондай білімі терең, дінге қызмет етіп жүрген жандарды құрметтеген жөн.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар