«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қуат алып Абайдың тіл күшінен...»

«Қуат алып Абайдың тіл күшінен...»
Суретте: Абайдың шөбересі, майдангер Мағауина Газел Жағыпарқызы. Мақаланың авторы – Ф. Оразбековаға жазған сөздері (2001, Алматы қаласы)
«Абай «сөз сарасын» қадірлеген ұлттық және сол ұлттың өкілі екендігін мақтан тұтқысы келетін азаматтардың рухани бойтұмары... Абайға табынбаған адам – ақылға табынбайтын адам!», – дейді Ғабит МҮСІРЕПОВ. «Қайран тіл, қайран сөз – наданға қадырсыз», – деп жырлаған Абай. Қазір Абай сөзі халқымыздың рухани ырысы, байлығы, ұраны болады. Абай қасиетті ана тілінің шешендік бастауы, қамқор бабасы. Абай өз дәуірінде шұбарлана бастаған қазақ тілінің тазалығы үшін күрескен болатын. «Асыл сөзді іздесең Абайды оқы, ерінбе», – деп жазыпты Сұлтанмахмұт ТОРАЙҒЫРОВ.

Абай – ұлы классик, қазақ халқының жазба әдебиетінің негізін салушы, яғни, Ілияс Жансүгіров айтқандай, – «Абай тілі әдебиет тіліне үлгі».

Тілдерді қалай меңгеріп, олар арқылы білімді дамыту жолдарын Абайдан үйрену керек. Мысалы, Халық батыры және жазушы Бауыржан Момышұлы еңбектерінде өзінше ұсыныс ретінде жазған: «Кімде-кім қазақ тілін жақсы меңгерем десе, Абайды білу керек. Ал кім орыс тілін жақсы білемін десе, Пушкинның өлеңдерін бала кезінен жатқа білу керек».

Ақынның өзі арабша, парсыша сауатын бала кезінен ерте ашқан. Абай ежелден келе жатқан осы тілдердің әдеби негізін ойдағыдай меңгерді.

Жас Абай сонымен қатар орыс тілін де оқып үйренді, сол арқылы Сократ, Платон, Аристотельдерден бастап Спиноза мен Спенсерге дейінгі аса көрнекті ойшылдар трактаттарының мән-мағынасын терең түсінді. Өзінің шығармаларында пайдаланған. Бірнеше тілдерді меңгергені туралы ақын, жазушы Міржақып Дулатов та назар аударған: «... Ғылымсыз, қара халық арасында, сахара қазақтары ішінде жалғыз жұлдыздай болып жанып шығып, тілі, оқушыларын оятатын өлеңдері оны бүкіл атырапқа мәшhүр етті.

Шығармалары қазақша жазылды. Мейлінше мол еңбектенумен орыс тілін үйреніп, орыс әдебиетіне еркін жетіліп, достасып алды... тілі ләзатты, араб, парсы, түрік, қалмақ тілдерінен хабардар, тарих, география пәндерінен мағлұматы кең болып, танымы ауқымды еді. Адамшылық ой-қиялы өте таза, ұлтжанды, елін, жерін сүйген кісі еді».

Ал орыс әдебиетінен қанша тамаша өлеңдер мен поэмаларды қазақшаға аударып, қазақ елінің ағартушылығын көтерді. Бұл туралы атақты ғалымсаяхатшы П.Семенов-Тян-Шанский 1903 жылы «Біздің Отанымыздың толық географиялық баяны» атты Ресей журналында: «Абай – жаңа ағымның ақыны, Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударып қыр сахарасына таныстырды», – деп жазған.

Сәкен Сейфуллин Абайдың құдіретті сөзін ардақ тұтты:

Сөзіңнің қарап тұрса, мағынасы мол,

Бастаушы адасқанда болғандай жол.

Өзге сөздің патшасы – сенің сөзің,

Я бар бол, бұл дүниеде, яки жоқ бол.

 

Тағы да былай деп жазған:

Саналы көзі ашыққа сөзің алтын,

Санасызға жел сөз, соққан салқын.

Ойында санасыздың ешнәрсе жоқ,

Ілгері бассын деген қазақ халқын.

 

Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев Абайдың асыл сөздеріне өлеңімен өз бағасын берген:

Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес,

Қарадан хакім болған сендей жанның,

Әлемнің құлағынан әні кетпес.

 

Абайдың сөздері ерекше әсер ететіндері туралы ақын Ә.Әлімбетұлы да жазған:

Оның сөзі ғылымның бір саласы,

Ашылды оқығанның ой санасы.

Абайдың үлгісімен барлық ақын,

Сөзінің тазалаған кірін жуып.

Ал ақын, ғалым Ахмет Байтұрсынов А б а й « Қ а з а қ т ы ң б а с а қ ы н ы » екенін дәлелдеп, ойларын әрі қарай жалғастырған: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай – көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген...

Білген нәрселерін жазғанда «мынау халыққа түсінуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшілігі болар» деп, таяқтан тартынбаған. Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалпында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Еуропа кітаптарын оқыған». Сонымен қатар былай айтқан екен: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда».

Абай тілі туралы басқа ақындар да көп жазған. Мысалы, Иса Байзақұлы:

Таңдамалы тәтті тіл – Абай тілі,

Ақынға дос, жанына тиеді жылы.

Шымырлатып дененді сүйсіндіріп,

Шертіледі жүректін нәзік қылы.

 

 Ақын Мұқағали Мақатаев:

Қуат алып Абайдың тіл күшінен,

 Жыр жазғанмын Абайдың үлгісімен.

Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем мың кісіден.

 

Ал Абай өзі айтқандай:

Өнер алды – қызыл тіл,

Тіл өнері – дерт пен тең.

Олай болса, Абай тілінің, қазақ әдебиет тілінің тазалығын сақтап, әрі қарай дамуына сапалы біліммен үлес қосу керек.

Фатима ОРАЗБЕКОВА,

педагог-ардагер, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар