«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қимаймын

Қимаймын
Автор
Мәңгі оралмас балғын шақ... Керемет ең, кінәсіз ең, таза ең! Екеуміз бір сыныпта оқыдық. Менде бір ақың бардай үнемі маған жазықсызданжазықсыз шүйліге беретінсің. Ал мен саған есемді жібермеуге тырысатынмын. Қырсық едім, қайтпас қайсар едім. Бір күні алгебра пәнінен бақылау жұмысын жазатын болдық. Таза қос парақты партамның үстіне қойып, қоңырауда қаннен-қаперсіз сыртқа шығып кеттім. Сынып бөлмесіне қайтып оралсам...

Әппақ қос парағыма аяқкиім табанының екі ізі түсіпті. Бұл менің жүрегіме басылған қара таңбадай көрінді көзіме. Мұны кім істегенін сұрадым, ешкім жауап қатпады. Мұншалықты бассыздықты оқушылар түгілі, бүкіл мектеп оқушыларының бірі де маған жасай алмайтын. Сенің ісің екенін лезде түсіне қойдым. Аса шапшаңдықпен (ол кезде сен жоқсың әлі) сенің сабаққа ұстайтын, тек сенің ғана бақытыңа бұйырған калькуляторы бар қымбат папкаңды жерге қойдым да, аса маңғаздықпен үстіне шықтым. Қара папкаға аймандай болып, менің екі табанымның ізі түсті. Папканы көтердім де, сенің партаңның үстіне қойдым. Сен келдің бір кезде. Менің ашуыма тиетін амал тапқаның үшін аса көңілді екенсің. Қара папкаңды көрген соң сенің де жүзің тұтығып кетті.

– Кім, кім істеді мұны? – деп ақырдың бар қаһарыңды төгіп. Мені сатуға кімнің дәті барсын, қанша сұрасаң да ешкім жауап бермеді. Өз кінәмді жасыруды ар санадым да өзім:

– Мен! – дедім құдды бір дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай ақырып.

 – Сүрт! ؘ– дедің сен бұйырып.

– Сүртпеймін! – дедім сазарып.

– Сүрт! – дедің тағы ақырып.

– Сүртпеймін! – дедім одан сайын сазарып. Осы кезде сен не істеріңді білмей ызадан мырс етіп күліп жібердің. Осы кезде досың Сәлім:

– Жағынан бір пер! Қыңсылап тұрып сүртетін болады! – деді. Сен бұл сөзді естіп, қасыма жақындадың да оң жақ бетімді шапалақпен тартып кеп жібердің. Құлағым «шыңңң-ңң-ңң» ете қалды, бетім сенің алақаныңның қаттылығынан қыпқызыл қызанақ болды кәдімгі.

– Бәрібір сүртпеймін! – дедім тістеніп. Сен орныңа сылқ етіп отыра қалдың. Райыс деген иманды сыныптасымыз қалтасынан қол орамалын алды да, сенің папкаңды сүрте бастады. Оның бұл адамдық қасиеті мені ұяттан жерге кіргізді. Оған «Кешір!» деген бірауыз сөз айттым да Сәлімге қарап:

– Сен, Сәлім емес Зәлімсің! – дедім де кабинеттен зып беріп, шығып кеттім. Сол сабақ біткен соң бір-ақ оралдым (бақылау жұмысы да әдіра қалды). Келесі сабақ тарих пәні болатын. Ішімнен: «Енді өмірімде бірде-бір ер адамның өзіме қол жұмсауына жол бермеймін!» – деп тістеніп отырмын. Ал сенің жансыз кеудең ғана отырғандай сезілді маған. Сен отыратын партаға қарай көз қырымды да салмауға тырысып бақтым, бірақ бір белгісіз күш сенің маған тесіле қарап отырғаныңды сездіртіп тұрды. Сөйтіп сенен қашықта отырайын деп алдыңғы партаға келіп жайғастым. Сен лезде менің артымдағы оқушыны өз орныңа жібердің де, менің артыма келіп отырып алдың. Ұзын шашымнан жұлқып тарта бастадың. Бәрібір қарамадым.

– Бері қарашы! – дедің. Бұл жолы дауысың жалынышты шықты. Сонда да міз бақпадым. Бір кезде орныңнан атып тұрып дәл қарсы алдыма келіп тұрып алдың да:

– Бері қара! – дедің. Дауысың жалынышты болса да ышқына шықты. Кенет лезде атымды атап тұрып:

– Мен сені сүйеміннн! – деп мені еріксіз жүзіңе қараттың. Бағанағы қаһардан дым қалмапты, тіпті ізі де жоқ. Тек мен екем әлі сазарып отырған. Шашымның арасына қос қолымды күштеп тұрып салалап салдым да:

 – Болмайды! – дедім тістеніп. Ал сен тағы:

– Мен сені сүйемін! Бірақ сені өзіме қимаймын! – деп сөзіңнің аяғын жұмсартып жәйлап айттың да ілбіп басып, кабинеттен шығып кете бардың...

Содан бері тура 26 жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Бірақ, сен тартқызған сол бір шапалақ, сол бір сезім еш өзгермегендей. Есіме түссе жағым қарысып, тістене қаламын. Бір күні сен менің үйіме келдің. Анығырақ айтқанда, маған емес, жолдасыма келдің. Әлі үйленбепсің. Жолдасым үйде жоқ болатын.

– Кезінде жігіттің сұлтаны едім!.. Осы сөзді айтқанда көзің жасқа толып кетті, оны білдірмейін деп сырт айналдың. Жүзіңді қайта бұрғанда жасқа тұнған жанарың сол қалпында екен. Кенет көзің терезеде тұрған «жынды суға» түсіп кетті. Жүзің лезде жадырап шыға келді.

– Көріп тұрғаныңдай, үйде жолдасым да, арақ та жоқ!

– дедім міз бақпай. Менен дәл осыны күтпепсің сен, сасып қалдың. – Жарайды, кейін келемін! Үйден шығып бара жаттың. Есікті жаба бере көзің тағы сол қу араққа түсті. Бұл жолы сен мені емес, қу арақты қимай кетіп бара жаттың. Ал мен сол «жынды суды» саған қимадым. Арақты саған емес, сені араққа қимадым, себебі. Оны сен де сездің... Рас, бір кезде сен мені өзіңе қимадың. Ал мен сені әлі күнге дейін араққа қимаймын, жан аға! Қанымыз бір, руымыз бір, не шара?!.

 

Гүлсара БАЙДАНОВА

журналист

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар