Жақсылық Сәтібековтің шығармашылығы насихатталды
Ақын әдетте көкірегіне толған шер-шеменін өлеңмен шығарады деп жатады. Ал КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облысымыздың Құрметті азаматы Жақсылық Сәтібеков – қара өлеңге қазығын байлап, сол поэзия көкжиегінен бақытын тапқан ақын. Балалар әлемінің бағбаны ретінде де бүлдіршіндерге өлеңнен байғазы сыйлаған жан.
«Ақынның аты, ғалымның хаты өлмейді», демекші, алаштың аяулы ақынын Байзақ ауданының өнер жанашырлары қалтарыс қалдырған жоқ. Сарыкемер ауылындағы Н.Киікбаев атындағы орта мектепте «Маржан шашып жүректен...» атты мектеп оқушыларының тұңғыш көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын ұйымдастырды. Кеш ақынның сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Кенен атамды!» әнімен ашылды. Ақынын сағынған жерлестері әнші Гүлназ Әлімқұлова орындаған әнге ду қол соқты. Іс-шараны аудан әкімдігінің бас инспекторы Салтанат Иманова ашып, ақынның азаматтық болмысына, асқақ жырларына назар аударды. Мұнан соң Жақсылық ақынның жары Әзиза, бірге туған бауыры Жарқынбек Сәтібеков, жазушы-драматург Елен Әлімжан сөз сөйлеп, аяулы ақынның сан қыры туралы әңгімеледі. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына алпысқа жуық оқушы қатысты. Байқау барысында ақынның «Атамекен», «Жартас», «Көшеней сарыны», «Ана», «Тасжарған», «Сына мені!», «Төрлетіңдер, жолдастар!», «Борыш», «Мықтылық» секілді үздік 15 өлеңі оқылды. Әр талапкер байқау шарты бойынша ақынның билетте көрсетілген екі өлеңін жатқа оқып беруі тиіс және оқу шеберлігі, дауыс мәнері мен тіл тазалығы жоғары деңгейде болуы шарт. Байқау қорытындысында Н.Ақшабаев атындағы орта мектептің оқушысы Абай Якупов бас жүлдеге лайық деп табылса, Сарыкемер орта мектебінің оқушысы Ерасыл Орман жүлделі бірінші орыннан көрінді. Сондай-ақ, Ақтоты Уалихан, Бақытжан Рүстемов, Гүлсім Бейсембай, Ақшуақ Қиялбек, Ілияс Бейісбай, Динара Әлмахановалар да жүлделі орындардан тыс қалған жоқ. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің бәрі диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Кешті ақын Қасқырбай Нарбатыр жүргізіп отырды. Осылайша, Байзақ жұртшылығы қара өлеңге айналып кеткен ақынын еске алды.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді