«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жуалы енді өз минералды суымен мақтанбақ

Жуалы енді өз минералды суымен мақтанбақ
Автор
Халықты тұрғын үймен қамту саясаты ел Президентінің басты назарында. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде кешенді жұмыстар іске асып келеді. Осы орайда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Жуалы ауданына жұмыс сапары аясында Б.Момышұлы ауылында жаңадан бой көтерген 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Салтанатты іс-шарада аймақ басшысы пәтер иелерін қуанышымен құттықтады.

– Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға, халықтың тұрмыс мәселесін шешуге септігін тигізері анық. «Баспана – бақыт кілті» демекші, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға және халықтың тұрмыс мәселесін шешуге септігін тигізері анық. Біз пәтер кезегінде тұрған облыс тұрғындарының санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұл күні баспаналы болу бақытын сезінген жанның бірі – көпбалалы ана Роза Керімбаева болды. Ұзақ жылдар ауданның білім саласында қызмет еткен ол еңбегінің еленгеніне шынайы ризашылығын білдірді.

– Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Бүгін ұзақ жылдар күткен баспанамызға ие болып отырмыз. Ел Президентіне, өңір басшылығына осындай қуаныш сыйлағаны үшін алғыс білдіремін. Бүгін осында пәтер кілтін алып отырған жаңа көршілерімді де шын жүректен құттықтаймын, – деді Роза Дарханбекқызы.

Жалпы аумағы 11 520,2 шаршы метр болатын нысанның құрылысын «Бином» ЖШС жүргізген.

Тұрғын үйлерде үш бөлмелік пәтерлер де бар. Айта кетейік, облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Өңірде өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 759 мың шаршы метрді құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға артқан. Ал биыл 765 мың шаршы метр тұрғын үй беру көзделген.

Бұл бағытта Жуалы ауданында да тұрғын үй кезегіне сұраныс артуда. Бүгінде ауданда кезекте тұрған тұрғындар саны 1074-ке жеткен. Соңғы үш жылда ауданда баспана кезегінде тұрған отбасыларға 18 пәтерлі екі үй берілген.

Тұрғындар талабы – басты назарда

Бұдан кейін аймақ басшысы жергілікті тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге салалық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза есеп беріп, негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерді арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жалғас Әлижанұлының сөзінше, ауданда жалпы өнім көлемі жыл басынан бері 28,5 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 12,4 пайызға өсім қалыптасқан. Ал өнеркәсіп көлемі 9,4 миллиард теңгені құрап, ауыл шаруашылығында 10,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұдан бөлек, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,2 миллиард теңгені құраған. Кездесуде өңірде жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып өткен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауданның бірқатар бағыттағы әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты.

– Өңірде бірінші жарты жылдықта экономикалық өсім 113 пайызды құрады. Оның ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 120 пайыз деңгейінде қалыптасып, ауыл шаруашылығында 98,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Сондайақ есепті кезеңде өңірге 301,8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бүгінде аталған бағытта 30 жоба іске асырылып, 1,1 мың жаңа жұмыс орнын құру қолға алынды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Жамбыл облысы жеке инвестиция мен өнеркәсіп саласында алдыңғы қатарда келеді. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіруіміз керек. Жуалы ауданы – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Аудан ауыл шаруашылығы мен инвестиция тартуға қолайлы жағдайларымен ерекшеленеді. Аймақтың туристік әлеуеті мен көлік-логистикалық мүмкіндіктерін де оңтайлы пайдалана білуіміз қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жиында жуалылықтар тері-жүн игеру бағытындағы цех ашу, төтенше жағдайда техника бөлу, «Қаралма» демалыс аймағы мен білім ошақтарының құрылысы, ауыз су мен көпір салуға қатысты мәселелерді көтерді. Облыс әкімі аудан басшылығына азаматтардың талаптілектерін назарға алып, жаңа жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, жол қауіпсіздігі мен туризм саласы, білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап, аталған жұмыстарды бақылауға алу қажеттігін тапсырды. Кездесу соңында аймақ басшысы бірқатар тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

«Ақсай Жуалы» кәсіпорны іске қосылды

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауданда ауыз су өндіруге бағытталған жаңа өндіріс орны – «Ақсай Жуалы» кәсіпорнының ашылуына қатысты. Қайрат ауылында орналасқан кәсіптік нысан – өңірдегі экологиялық, әлеуметтік және экономикалық маңызға ие ауқымды жоба. 2023 жылы құрылысы басталған зауыттың жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайды. Жоба жыл соңына дейін толық қуатында жұмыс істейтін болады. Қазірдің өзінде кәсіпорын тәулігіне 10- 15 тонна таза минералды су өндіріп отыр. Ал жоба толық іске қосылғанда бұл көрсеткіш 50- 60 тоннаға дейін артпақ. Кәсіпорынның ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бірегей жобаның экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыда артықшылыққа ие екендігін жоғары бағалады.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауларында өңірлерге инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Бұл – ел экономикасын дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетіктерінің бірі. Осы орайда, бүгін Жуалы ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған жаңа өндіріс – «Ақсай Жуалы» минералды су шығаратын кәсіпорынның іске қосылуы – аталған міндеттің нақты орындалуының жарқын көрінісі. Аталған жоба тек экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Оның басты мақсаты – жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың өмір сүру сапасын арттыру. Өңіріміздің табиғи ресурстары мен қолайлы климаттық жағдайы сапалы ауыз су өндіруге зор мүмкіндік береді. «Ақсай Жуалы» кәсіпорны – осы әлеуетті тиімді пайдаланып, өңір экономикасына үлес қосып отыр, – деді Ербол Шырақпайұлы.

«Ақсай Жуалы» брендімен шығатын минералды су өнімдері 0,5-тен 5 литрлік құтыларда тұтынушыға ұсынылады. Суды сүзу, тазарту және бөтелкеге құю үдерістері толықтай автоматтандырылған, заманауи желілер арқылы жүзеге асады. Барлық санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталады. Цехтың жылыту жүйесі табиғи газбен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда кәсіпорында 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта зауыт толық қуатына қосылғанда бұл көрсеткішті 50-60 адамға дейін арттыру көзделген. Бүгінде «Ақсай Жуалы» өнімдері облыстың бірнеше аудандарында және көршілес өңірлерде саудаға шығарылуда.

 

Жуалы ауданы

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар