«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Зеңбірегін сүйреп, Берлинге жаяу жеткен жауынгер

Зеңбірегін сүйреп, Берлинге жаяу жеткен жауынгер
Автор
Күні кеше елімізде Жеңістің 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді. Осы күні ғасыр аманаты болған көзі тірі майдангерлерге құрмет көрсетіліп, ел ертеңі үшін күрескен боздақтар рухына тағзым жасалды. Олардың өшпес мұралары мен тарихи еңбектері жастарға жыр болып айтылып, ерлердің есімі тарих сахнасында тағы бір мәрте жарқ етті. Солардың қатарында саналы ғұмырында еліне деген адалдық туын жоғары көтеріп өткен Досым Қалиев те бар.

Досым Қалиев 1922 жылы Қордай ауданы, Әлжан ана ауылында дүниеге келген. 18 жасында Қызыл әскер қатарына алынып, атты кавалериялық әскер сапында борышын өтеп жүрген Досымды келесі жылы Ұлы Отан соғысы басталған тұста Мәскеу түбіне жөнелтеді. Онда ол зеңбірекші ретінде алты айлық даярлықтан өтіп, 1-ші Украин майданы құрамында соғысқа кіреді. Төрт жылдық қана білімі болса да, сұм соғыстың бар қайғы-қасіретіне төтеп беріп, табандылығының арқасында артилерист болып шыққан ол талай тағдыршешті майдандарда от басып, Отан үшін жан аямай күресті.

Сарбаздың соғыстағы жылдары туралы майдангердің ұлы Қырғызбай Қалиев:

«Әкеміз соғыста Украинаның шығысынан батысына дейінгі жерді зеңбірегін сүйреп, Берлинге жаяу жүріп өткенін күрсіне есіне алатын. Жол бойы отқа оранған ауылдар мен қираған қалалар сол кездегі қай сарбазға болсын жанына ауыр жара салды. Кейіннен соғыс туралы кино туындылар мен материалдар жарыққа шыққанда ғана артилеристің аяз бен аптап ыстықта өткен өмірінің азапты сәттері көп болғандығын жете түсіндік. Кеңестік «Баллада о солдате» фильміндегі Алеша Скворцовтың неміс танкісін қиратқаны үшін он тәулік демалыс алып, он сабын алып үйіне оралатын сәті көптің есінде болар. Ол сол кездегі ең үлкен сыйдың бірі болатын. Біздің әкеміз де Чехословакиядан осындай базарлықпен оралды. Соғыс аяқталар тұста әкеміз Берлинге жеткенімен, Рейхстагқа кіре алмады. Бір түннің ішінде бұйрық түсіп, жолдастарымен көтерілісті басу үшін ағылшындық «Студебеккерлерге» зеңбірегін артып, Прагага аттанып кетті. Сол түн ол үшін зеңбірегі алғаш қолынан ұзаған сәт ретінде есінде қалса керек...», – деп есіне алады.

1946 жылы, Ұлы Отан соғысы аяқталғанына бір жыл толғанда Досым Қалиев еліне оралып, «Конезавод – 96» кеңшарында ферма бригадирі, ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет атқарады. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрсе де майдангер бұрынғы қаруластарынан хат алып, өзге де жауынгерлермен ұдайы байланыста болған.

– «Қанша тілді білсең де, адамның тілін таппасаң бәрі бекер» деген ғой... Соғыс уақытында әкеміз қауіпсіздік қызметкерлерінің қолынан «Майданда снаряд алып беріп көмектесетін адам таппай жатқанда, сендер оны атуға алып бара жатсыңдар» деп орыс солдатына араша түсіп, аман алып қалыпты. Сонда жанында тұрған лейтенант бұл істің қауіпті екенін ескертсе де, әкеміз басын тігіп, шала орысшасымен жауапкершілік алатынын жеткізеді. Кейіннен сол солдат әйелі мен үш баласының атынан рақметін айтып, ұзақ жылдар хат жазып тұрыпты, – дейді Қырғызбай Қалиев.

Қайда жүрсе де ел арасында сый-құрметке ие болған майдангердің ерен еңбегі елеусіз қалмады. Ол жанкешті жылдардағы өрлік пен ерлігі үшін «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені» мен Варшаваны, Берлинді алғаны үшін, Германияны жеңгені үшін және үш дүркін «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар