«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біздің өңірде де бекіре өсіруге болады

Біздің өңірде де бекіре өсіруге болады
Автор
Балық шаруашылығы елімізде кенже қалып келе жатқаны жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы атап өтіп, Үкіметке бұл сала бойынша бағдарлама жасау керектігі жайлы тапсырма берген болатын. Сол тапсырма аясында Үкіметтің «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» арнайы қаулысы қабылданып, 2030 жылға дейінгі мерзімде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бекітілді. Басты мақсат – халықты пайдалы балық өнімдерімен қамтамасыз ету.

Қабылданған қаулыға сәйкес еліміздің әр өңірінде балық өсірумен айналысатын жеке шаруашылықтар пайда бола бастады. Сарапшылардың айтуынша, әзірге бұл саладағы проблемалар шаруашылықтың осы түрімен айналысатын бизнестің адымын аштырмай, бас көтертпей тұр.

Біріншіден, өзіндік құны жоғары болғандықтан отандық балық өнімдерінің бәсекеге қабілеттігі төмен. Салдарынан, өзімізде осы су жануарының көптігіне қарамастан дүкен сөрелеріндегі балық өнімдерінің 90 пайыздайы импорттық өнім. Негізінен салқындатылған және мұздатылған балық экспорты басым. Балық өсірумен айналысатындарға Салық кодексіне сәйкес 2024 жылдан бастап арнайы режим қолданылады, яғни салық 70 пайызға төмендетілді.

Екіншіден, инвестиция салушыларға салық жеңілдіктері мен преференциялары бар арнайы экономикалық аймақта жер учаскелері беріледі. Бұдан басқа да салаға қатысты көптеген шара қабылданды. Оның ішінде шаруашылық жүргізуде көпжылдық мерзімге шарт жасасу, кейбір артық талаптарды алу, шығындарды өтеуден босату, су айдындарында шаруашылықтарды орналастырудағы шектеулер мен кейбір құқықтардың берілуімен қатар, 0,15 гектардан аспайтын тоған мен балық өсіру бассейнін салуға жоба-сметалық құжат әзірлеу және мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жөніндегі талаптар алынып тасталды. Сондай-ақ балық шаруашылығын одан әрі дамытуға қатысты қолданыстағы заңдар мен кодекстерге түзетулер енгізілген.

Жалпы, балық шаруашылығын дамытуда қабылданып жатқан шаралардың арқасында бизнес субъектілері арасында іскерлік артқан. Жыл сайын салаға деген инвестиция түсімі өсіп келеді. Мысалы, 2021 жылы 6,2 миллиард, 2022 жылы 10,4 миллиард, ал былтыр инвестиция көлемі шамамен 22 миллиард теңгені құрады. Балық өсіру нағыз табыс көзі екенін біреу білсе, біреу білмейді. Бұлай дейтініміз, елімізге балық өнімдері 50-ге жуық мемлекеттен келеді екен. Негiзгi өнім жеткiзушi елдер – Ресей, Норвегия және Қытай. Балық өнімдерінің импорты жылдан-жылға өсіп келе жатқаны нарықтың болашағы зор екенін айқындайды.

2020 жылы «Жамбыл облысының балық шаруашылығын дамыту» өңірлік бағдарламасы бекітілген болатын. Оған сәйкес өсірілген балық көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жалпы, Жамбыл облысы аумағында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлердің саны күн санап артуда.

Бағдарламаға сәйкес, өткен 2024 жылы облыс аумағындағы 464,3 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып, меже артығымен орындалып, 483 тоннаны құраған. Оның ішінде 436 тонна форель балығы болса, 47 тонна тұқымдас балық. Сондай-ақ, биылғы бағдарламаға сәйкес 666,1 тонна тауарлық балық өсірілмек. Облыс әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, аталған көрсеткішке жету үшін 4,7 миллион дана балық шабағы қажет екен.

Осыған орай шабақтар өңірдегі «Сандель», «Арнұр», «Алтын бұлақ» шаруа қожалықтары мен Шардара, Қапшағайда орналасқан балық өсіру тәлімбақтарынан алынады. Бұл бағыттағы жұмыстар қазір барынша жандану үстінде. Егер жоспар ойдағыдай орындалып жатса, көп ұзамай алынған өнімді экспортқа шығарудың мүмкіндіктері мол. Әлемдік нарықта, әсіресе қара уылдырыққа деген сұраныстың жоғары екені белгілі. Бағасы аспандап тұрған құнды тауардың экспорттық әлеуеті мол болатынын мынадан-ақ байқаймыз: Ресейде қара уылдырықтың бір келісі 800 долларды құраса, Еуропа елдеріндегі баға бұдан кемі 5-10 есе қымбат. Ал бір бекіреден шамамен 28 келі уылдырық алынатынын ескерсек, балық өсірудің нағыз табыс көзі екенін оңай түсінесіз.

Облысымыздың Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Қазақстанда балық шаруашылығының мол қоры бар. Ғалымдар мен сала мамандарының айтуынша, балық шаруашылығының әлеуеті жылына 600 мың тонна тауарлық балыққа бағаланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің балық саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілген болатын-ды. Ресми деректер бойынша, елімізде жыл сайын 45- 50 мың тонна балық аула¬нады. Елімізде балықты арнайы өсірумен айналысатын 502 шаруашылық бар екен. Бөліп қарастырсақ, оның 364-і көл-тауарлық балық шаруашылығы, 93-і тоған. Сондай-ақ тізімге 27 тор қоршамада өсіру, 18 тұйықталған және бассейндік балық шаруашылығы кіреді. Қолда бағылатын балықтың негізгі түрлері – тұқы (тұқы, дөңмаңдай, амур), албырт (форель), бекіре тұқымдас балықтар және африкалық жайын мен асшаяндар.

Бүгінде балық шаруашылығы субъектілерін субсидиялауда балық шаруашылығы мен жемшөп өндірісіне салынған инвестицияларды 25 пайызға, азық сатып алу кезіндегі шығыстарды 30 пайызға, балық өсірудегі биологиялық негіздемені, балық өсіру материалы мен дәрілік препараттар және бағалы балық түрлерін көбейту, аналықтарын сатып алуға жұмсалған шығындарды 50 пайызға дейін өтеу бойынша қаржылық қолдау бар. Балық шаруашылығын дамыту мәселесіне зер салсақ, оларды өңдеу цехтарын ашуды қажет етеді. Облысымызда балық өңдеумен айналысатын екі балық зауыты бар екен. Олар – Мойынқұм ауданында орналасқан Мыңарал балық зауыты мен Меркі ауданындағы Меркі балық зауыты. Екі зауыт та жылына 1 500 тонна балық өңдеуге мүмкіншілігі бар.

Сонымен қатар биыл ALFISH жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Мойынқұм ауданы Мыңарал стансасының маңынан жылына мың тонна балық өңдеуге қуатты цехының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Облыс аумағында жалпы сомасы 1,9 миллиард теңге болатын қуаттылығы 1 828 тонналық 18 жаңа инвестициялық жоба жұмысы ұйымдастырылуда. Оның ішінде 8 карп балығын өсіру, 9 форель балығын өсіру және 1 африкалық жайын, бекіре балығын өсіру шаруашылығы бар. Қолда өсіру арқылы құнды балықтың қорын көбейтудің мүмкіндігі туып отыр екен. Міне осыны жақсы түсінген Тараздағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің басшылығы 2021 жылдан бері балық өсіруді қолға алып, Байзақ ауданының Үлгілі ауылының маңынан «Аквакультура» ғылыми-өндірістік орталығын (ҒӨО) ұйымдастырып, қызметін бастапты. Таяуда сол ғылыми орталықта болып, балық өсірумен айналысып жатқан ғылыми қызметкерлермен жүздесуге мүкіншілік болды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын балық шаруашылығына жіті көңіл бөлініп келеді. Сала – ауылдық жерлерде өндіріс көлемінің артуында, халықтың табысы мен жұмыспен қамтылуында маңызды рөлі бар секторлардың бірі. Жалпы деректерде шетелдің бір азаматы бір жылда 14 килограмм балық тағамын жейтіні айтылады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған мәліметте әр адам жылына 16 килограмм балық тұтыну қажет екен. Балық – дәруменді, жеңіл тағам. Буын саулығы мен көздің жақсы көруі осы балық етіне байланысты. Жас та, жасамыс та жей беру керек. Бірақ бағасы ірі қараның бір килограмм етінің пұлымен пара-пар болған балыққа көпшіліктің қолы жете бермейтіні де рас. Мұндайда балықты қолдан өсіріп, халыққа тиімді бағамен ұсынар кәсіпкердің көбейгенін тілейсің. Әрине, бабын тапса, бәсекелестік артса, бағасы да қалтаға салмақ салмайды емес пе? Біздегі «Аквакультура» ғылыми-өндірістік орталығын ашу идеясының авторы және жетекшісі Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясының түлегі, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Венера Әділқызы Арыстанғалиева болатын. Орталықта үш зертхана бар. Бүгіндері ғылыми-өндірістік орталық штатында (өндірісін қоса алғанда) 17 адам жұмыс істейді. Ғылыми ізденісіміздің біразын Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық ғылыми зерттеу университетімен бірлесіп мемлекеттік гранттар бойынша ғылыми жұмыстар жасап жатырмыз. Оған мемлекеттен қолдау барын айтып өткеніміз жөн. Балықтарға берілетін жемнің бір бөлігі (30 пайыз) мен шабақтарды, дәрі-дәрмектерді және бағалы балық түрлерінің аналығын сатып алу құнын жартылай болса да субцидиялауда. Біз өсіріп отырған балықтар арасында бекіре мен форель басым. Бұл балықтар түрі таза суды қажет етеді. Әр балықтың түріне байланысты су температурасы да әртүрлі болу керек. Форель салқын, таза суда өсірілсе, сазан балықтары өсірілетін су температурасы 20 градус болу керек. Сондықтан олардың өсуіне барынша жағдай жасап, құбырмен жерасты суын алып, оны тазартатын құрылғыларда жаңа технологияларды пайдаланудамыз. Сонда балықтар жылдам өсіп, қысқа мерзімде, яғни 6-8 ай көлемінде сатылуға жіберуге болады. Ал уылдырықтардың жетілуі мен көбеюі үшін, оны пастерлеу бағытында да біраз жаңа технологияларды енгіздік. Ол да жеңіл жұмыс болған жоқ. Балықтың өсуіне, су бассейінін тазартатын қандай су өсімдіктері барын да зерттеудеміз. Ғылыми ізденіс тоқтаусыз жүріп жатыр. Ынта болса, барлығы болады екен. Биыл ұйымдастырылған құбылмалы балық өсіретін агроферма келешекте мол табыс көзіне айналатынына сенеміз. Біздің болжамымыз бойынша майда ұрықтық шабақтардан бөлек жылына 18-20 тонна тауарлы балық өсіреміз деген меже бар. Ең бастысы – балықтың көбеюіне барынша жағдай жасап, жаңа технологияларға жүгінген жөн. Айталық, әлемдегі бекіре балықты қолдан өсірудің ең үлкен фермаларының бірі Сауд Арабиясында орналасқан екен. Бұл шаруашылық жылына жүздеген тонна балық өнімін өндіріп, 10 тонна уылдырық шығарады. Балық шаруашылығын шөлді аймақтағылар осылайша өркендете алса, бекірені біздің өңірде өсіруге ешқандай кедергі жоқ. Жаңадан ашылған шаруашылықтың басшылығы балық өсірумен шектелмей, аса құнды қара уылдырықты өндірумен де шұғылданатын болады. Қара уылдырықтың нарықтағы бағасын жаңа өзіңіз еске салдыңыз. Балық шаруашылығын дамытып, тартымды табыс көзіне айналдырсақ несі артық? Биылдың 5 айында 500 мың майда шабақ сатып, одан 3 миллион теңге табысқа ие болдық. Қолдан өсіріп отырған балықтар тауарлық дәрежеге жеткенде оны саудағы шығару ойда бар. Форельдің тұқымдарын (уылдырықтарын) Польша, АҚШ елдерінен алдырсақ, Ресейден сазан, бекіре балықтарының тұқымдарын алдырдық. Қазір олар өсіп, жетіліп келеді. Біздің мақсатымыз – өңір экономикасының өсуіне кішкентай болса да үлесімізді қоссақ деген ниетпен ғылыми ізденістер жүргізіп жатырмыз, – деді университеттің президенті, техника ғылымының докторы, профессор Нұржан Мүсілімов бізді «Аквакультура» ғылыми-өндірістік орталығының жұмысымен таныстырып жүріп.

– Негізгі мақсатымыз – өңірде шағын балық шаруашылығымен айналысып немесе айналыспақ болып жүрген кәсіпкерлерге ғылыми-әдістемелік кеңес беріп, балық өсіруге үлесімізді қосып, халыққа балық өнімдерін жеткілікті мөлшерде жеткізу. Ол үшін арнайы зертхана жасап, түрлі бассейндердің суына зерттеу жүргізіп, жиналған материалдарды талдап, балық өсіретін гидробионттардың ерекшіліктерін зерделеп, оның өсуіндегі әртүрлі технологиялық кезеңдерді зерттеп, баға беру. Келешекте балық өсіру шаруашылығын жандандыру үшін біздің топ ғылыми ізденістер жүргізіп, біраз пайдалы ұсыныстар жасадық. Солардың ішінде, балық шабақтарын тұйық суда өсіру тәсілдерін жетілдірудеміз. Мысалы, форель өсіру бойынша сумен қамтамасыз етудің тұйық циклімен балық өсіру шаруашылығын құру бойынша жоба іске асырылуда. Балық өсіруде биологиялық және техникалықэкономикалық негіздемелерді жасап, ұсыныстар енгізудеміз. Ғылыми ізденістерге жас талапкерлер – студенттер де үлес қосып, болашақта балық өсірудің маманы болуға талпынып жүргендердің бары қуантады. Бірақ, елімізде балық шаруашылығында дипломды маман жетіспейтіні айтылып жүр. Маманихтеологтарды дайындайтын жоғары оқу орыны біздің елде жоқтың қасы десек болады. Ихтиолог мамандардың ең мықтысы бекіре өсірушілер екен. Жалақылары 500 мың теңгеден жоғары. Осыдан-ақ балық шаруашылығы елде жоғары бағаланатынын білуге болады, – дейді ғылыми ізденіспен біраз жылдардан бері айналысып жүрген Дмитрий Шумейко.

Басқалардан білдік, ол Ресейдің Краснодар мемлекеттік университетінің балық шаруашылық факультетінің түлегі екен. Соңғы жылдары Қазақстанға қоныс аударып, біздің өңірге орналасып, балық өсіру бағытындағы ғылыми жұмысын жалғастырып жүрген көрінеді. Жұмыс барысында жиналған ғылыми материалдарын зерделеп, сараптап кандидаттық диссертация қорғауды жоспарлап жүр.

– Университет базасындағы «Агробиологиялық», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Аквакультура» ғылымизерттеу орталықтары ғылыми жетістіктер мен тәжірибелердің жаңа орталығына айналған. Ветеринария мамандарын дайындау ісі бізде біраз жылдардан бері қарқынды жүргізілуде. Олардың да тәжірибелік практиканы өзіміздің қосымша шаруашылығымызда өткізуіне толық жағдай жасалған. Мақсатымыз – елдің болашағын ойлайтын, жағдайын жасайтын саналы, білімді мамандар даярлау. Ал мына «Аквакультура» ғылыми-өндірістік орталығынан көріп отырсыздар, университеттің ізденімпаз ғалым-ұстаздарының ізденіс-талпыныстарымен бағалы балықты қолда өсіру арқылы құнды балықтың қорын өңірде көбейтудің мүмкіндігі туып отыр. Алдағы жылда балық өсіретін мамандар (ихтеолог-рыбавод) дайындайтын факультет ашуды жоспарлап отырмыз. Ол мамандар барлық өңірде өте қажет болып отырғанын көріп жүрміз. Алда өндіріске енгізетін әлі де біраз тың ойларымыз бар. Сол бағытта біздің оқу орнының ғалымұстаздары талпынып, қажырлы еңбек етуде, – дейді университет президентінің кеңесшісі, Қазақстанның Ұлттық академиясының академигі Жүсіпбек Сүлейменов.

Жолымыз болып, облысымызға іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Анас Баққожаевпен кездесіп қалдық. Біздің облыста балық шаруашылығының жағдайы жайлы мақала дайындап жатқанымызды біліп, ол қызыға сөзге араласты.

– Расын айтуымыз керек, мүмкіндіктерге қарамай балық шаруашылығы біздің елімізде кенже қалып отырған сала. Үкіметтің ол туралы арнайы қаулысы, оны дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарлама-жоспар жасалғаны белгілі. Бірақ, жергілікті халық әлі де бұл мәселеге түсіністікпен қарамайды. Мысал ретінде мына бір фактіні келтірейін, өздеріңізге көрші Түркістан облысы Төле би ауданы Бірінші Мамыр ауылының жанындағы бос жатқан ескі карьерді бір кәсіпкер қамқорлыққа алып, оны реттеуге 200 миллион теңге қаржы жұмсап, «Fish House» атты шағын балық өсіретін кәсіпорын ашады. Бірақ, жергілікті халық бұған түсіністікпен қарамай, білместік танытып, шу шығарып, бар күштерімен қарсы тұрып, кәсіпорынның қадамын аштырмай отыр. Басты себеп – әлгі кәсіпкер азаматтың басқа өңірден (Атырау облысынан) келгені. Міне, осындай негізсіз себептер басталған іске кейде кесір болып, аяқтан шалып жатады. Тараздағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық инновациялық университетінің бастамасы қолдауды қажет етеді. Осыдан 2-3 ай бұрын әріптесім, Парламент депутаты Ерболат Саурықовпен бірге университеттің «Аквакультура» ғылыми-зерттеу орталығында болып, ондағы жұмыстармен жақын танысып, көңілім толып, риза болдым. Болашағы бар пайдалы жұмыстар атқарылып жатқанына көзім жетті. Басты мәселе – енді оны жергілікті билік барынша қолдап, керекті жағдай туғызып отырса жөн болар еді, – деген ойын білдірді.

Бұл оқу орны бүгіндері ауыл шаруашылық мамандарын дайындауға ерекше бет бұрып отыр. Студенттердің тәжірибе алмасуы үшін қалаға жақын Байзақ ауданындағы Үлгілі ауыл маңайынан арнайы қосымша шаруашылық ұйымдастырып, егін және көкөніс алқаптарын өңдеп, жылыжайлар жасап, зертханалар, консерві цехын ашып, студенттер жатақханасын тұрғызыпты.

Бұл – білімгерлердің, болашақ мамандардың білімді тек теориялық жағынан ғана емес, өндіріс-практикалық тұрғыдан да терең меңгеруге жасалған зор мүмкіншілік. Иә, осылайша жыл өткен сайын өңірде инвестициялық және де басқа жобалардың өрісі кеңеюде. Бұл, әрине, облыс экономикасынан бөлек әлеуметтің әлеуетін де арттыратыны анық.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

 медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар