«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алып көпір құрылысының аяқ алысы қалай?

Алып көпір құрылысының аяқ алысы қалай?
Ашық дереккөз
Облыс орталығында Абай даңғылын темір жолдың арғы жағымен байланыстыратын көпірдің құрылыс жұмыстары қазір қызу жүріп жатыр. Жоба құны 16 миллиард теңгеге бағаланып, құрылысы екі жылға есептелген. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Жобаны іске асыру жалпы Тараздың логистикасын едәуір ұлғайтуға және облыс орталығының екі ауданының дамуына мүмкіндік береді. Жол өткелінің өткізу әлеуеті тәулігіне 80 мың автокөлікті құрайды. Көпір көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қойылатын барлық талаптарды ескере отырып жобаланған.

Айта кетуіміз керек, істі бастамас бұрын қала әкімдігі үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Ең алдымен құрылыс жұмыстарының басталуына кедергі келтірген ғимараттарды сатып алу жүзеге асырылды. Бұзуға жататын барлығы 58 ғимарат анықталды, олардың ішінде жеке тұрғын үйлер, бизнес объектілері және ХҚКО ғимараты болды. Қазіргі уақытта солардың 35-і бұзылды, ал негізгі жұмыстар теміржолдың арғы бетіндегі Абай даңғылының бойында жүргізілуде. Мұнда басты көшедегі автомобиль қозғалысы толығымен тоқтатылған.

Әрине, қолайсыздықтар бар. Мысалы, қоршалған құрылыс алаңының жанында орналасқан үйлердің тұрғындары арасында техниканың тоқтаусыз шуылына шағымданып жатқандары бар болса, кейбіреулері экскаваторлар мен басқа да шынжыр табанды үлкен машиналардың жер бедерін дүрсілдеткен қозғалыстарынан үйлерінің қабырғалары жарылып, сызат түсіп жатқандығын айтып, шағымдануда. Бірақ бұған қала әкімдігінің жауапты мамандары құрылыс жұмыстары барысында тұрғындарға ешқандай да зиян тимейтіндігін алға тартып, «үйіміздің қабырғасы жарылды» деген секілді басқа да сол сарындас айыптаулардың шындыққа жанаспайтындығын жария етіп отыр. Өйткені құрылысты бастамас бұрын атқарушы органдар жұмыс орнына жақын орналасқан үйлерді мұқият зерттеген. Содан кейін барып өз рұқсаттарын берген. Ендеше, тұрғындарға мұндайда тек шыдамдылық таныту қажет.

– Барлық қолайсыздықтар уақытша сипатқа ие, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.

Әрине, кемшіліктер бар – қала халқы қызметіне көп жүгінетін, Абай даңғылында орналасқан жергілікті ХҚКО филиалы мен Глазунов офтальмологиялық клиникасы көпір құрылысына байланысты жұмысын тоқтатты. Бізді қазір нысанның екінші жартысында да осындай ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Оның да өзіндік қолайсыздықтары, жайсыздықтары бар болуы мүмкін. Алайда сол қолайсыздықтар ертең жаңа өткел-көпірдің арқасында Тараздағы оқшауланған аудандардың өзара байланыстары жақсарған кезде сөз етуге тұрмай қалады.

– Жұртшылық көптеген жылдар бойы облыс орталығының логистикасын жақсартуды, атап айтқанда, қаланың орталық бөлігінің теміржолдың арғы жағындағы ауданмен байланыс орнатуын айтып, соны қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екендігін мәселе етіп көтеріп келді, – дейді тараздық кәсіпкер және қоғам белсендісі Сержан Қайырбеков.

– Атаулы мәселенің шешімін таба бастағанына өте қуаныштымын. Біз мұның алдында теміржолдың арғы бетіндегі ағайынды облыс орталығының батыс бөлігімен байланыстыратын Арай массивінің жанында орналасқан Байзақ батыр көшесіндегі теміржолдың бойында өткелкөпір ашылғанда бір қуанғанбыз. Енді, міне, таяуда Абай даңғылындағы көпірді де көріп, қуанатын боламыз. Қалай болғанда да құрылыс кесте бойынша жүргізіліп жатыр, белгіленген мерзімінде мәресіне жетеді. Сол кезде бәріміз де көптен күткен жаңа логистикалық нысанды қуана пайдаланамыз. Естеріңізге сала кетейік, жыл басында дәстүрлі түрде өткізілетін, алдағы жылдарға арналған еліміздің даму бағдарламасын белгілейтін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі басымдықтарды айқындап, соның ішінде көлік логистикасын жаңғыртуды нақты атап көрсеткен болатын. Осы міндеттерді өңір шеңберінде іске асыру мақсатында 2025 жылы Жамбыл облысында жол инфрақұрылымын дамыту бойынша 181 жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы мақсатқа 23,6 миллиард теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 444,6 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ Тараздың төрт ірі тұрғын алабында сегіз шақырым жол қайта жаңартылып, көшелер асфальтталады.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар