«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ілім-ғылымды өмірінде пайдаланған ұтады»

«Ілім-ғылымды өмірінде пайдаланған ұтады»
Ашық дереккөз
Ғылым сапалы өмір сүруге қажетті түрлі саланы зерттеп, оның тіршілік иелеріне берер пайдасын анықтап, одан ары дамыту жолын қарастыру үшін қажет. Күн сайын жаңарған қазіргі заманда ұстаздар да оқушыларға білімді өз өміріне қолданатындай ұтымды етіп үйретуге басымдық беріп отыр. Жас ізденушілерді білім мен ғылымға қызықтыра шақырып, күнделікті тұрмыспен байланыстыра оқытып жүрген ұстаздың бірі – облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицейинтернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев. Ол өзінің үйретушілік еңбегінде «Ілім-ғылымды өмірінде пайдаланған ұтады» деген ұғымды ұстанады.

Тіл ғылымын зерттей жүріп, жас ұрпақты осы бағытқа оқытып және ұлттық құндылықтар бойынша ізденуге шәкірт тәрбиелеп жүрген Базарбай Рысбайұлының ғылыми байқаулардан жеңіске жетіп жүрген оқушылары да аз емес. Жақында республикалық ғылыми байқаудан 3-орынды жеңіп алған оқушы Аяулым Әсілбек бақытты отбасын құрудағы халқымыздың «Ұрын бару» салты туралы ғылыми жобасын әзірлеген. Оның бұл тақырыпты зерттеуіне қазіргі жастар арасындағы ажырасудың жиілеуі себеп болыпты.

– Кейінгі кездері ажырасқан жұбайларды жиі кездестіретін болдық. Ол, әсіресе балаларға кері әсерін тигізеді. Әрине, жұбайлар бөлек жол түсіп, кейін өз бақыттарын табуы бек мүмкін, алайда ортадағы балаларға ешкім туған әкеанасындай бола алмайды. Алдымен ажырасудың себептерін зерттеп көрдім, әркімде әртүрлі мәселелер, көбінде тұрмыстық жағдайлар, материалдық жетіспеушілік, зиянды әрекеттерге ұрыну секілді жайттар себеп болады. Ал, ертедегі ата-бабаларымыз қазіргідей дамыған техника болмаса да, малдың бабын жасап, жылдың әр мезгілінде қыстауға, жайлауға көшіп-қонып жүрсе де ажырасу деген болмаған. Тіпті, жұбайы дүниеден өтсе де қыз бала қайын жұртында қалған. Ондағы үлкен мақсат – балалардың өзгенің қолында жәутеңдемеуі. Міне, нағыз даналық. Сондықтан, мен бұрынғы атаәжелеріміз отбасын құрар алдында өткізген «Ұрын бару» салтын зерттеу нысаныма алдым. Ғылыми жобамды жүргізу барысында салт-дәстүрдің маңыздылығы нақтыланды. «Ұрын бару» салтының қазіргі қоғамдағы жас отбасылардың мәселесін шешуге бағытталған қадамдары анықталды.

Профессор Тәуке Әнесұлы: «Салттар негізінде пайда болған ұлттық мәдениет эволюциялық дамуын жалғастыра береді. Салттар − ұлттың мазмұндық негізін анықтайды әрі сақтайды. Осылайша қазақ мәдениеті батыстық өркениет моделімен сәйкестенбей өзіндік ерекшелігін дәлелдейді» деген болатын.

Қазақ халқының ұлттық салттары заман көшіне ілесе отырып, өзінің эволюциялық дамуымен өзгеге ұқсамайтын мазмұндық ерекшелігін мәңгілік сақтап отырады. Ал, енді дәстүр деген ұғымға келер болсақ, қазақ халқы − дәстүрге өте бай халық. «Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігінде» дәстүрге

«Белгілі бір ұлттың немесе халықтың ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын, тарихи қалыптасқан, олардың әлеуметтік ортада ұзақ уақыт бойы сақталып отырған әлеуметтікмәдени құндылықтар жиынтығы» деп анықтама берілген.

Дәстүрдің ең басты қасиеті − ұлттың әлеуметтік-тұрмыстық ортасында құндылық ретінде қалыптасуы. Мысалы «Үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты адамдарды сыйлау, қонақжайлылық, жомарттық, қайырымдылық, туысқандық, бауырмалдық, жанашырлық, рақым, махаббат, балажандылық, тектілік, ұлтшылдық, достық, ақыл-парасат секілді этикалық құндылықтар жатады.

Дала халықтарының мәдениетін алғаш зеттеушілердің бірі А.Левшин (1799-1879) қазақ дәстүрі жайында былай деп жазды:

«Қазақтардың басқа Азия халықтарына қарағанда қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға құрмет көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі – айрықша қасиеті» десе, Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтың «Мәдениетті адамдар дәстүрден аттамайды» деген сөздері дәлел. ХІХ ғасырда қазақ даласында болған поляк Адольф Янушкевич қазақ халқының қонақжайлылық дәстүріне таңдана «Егер қазақтарды экватор бойымен орналастырса, онда жер шарын тегін айналып өтуге болады» деген еді. Этнограф ғалым А.Сейдімбек «Мәдениет дегеніміз – дәстүр» деп тұжырымды ой жасағаны бар. Расында да ата-бабаларымыз ұстанған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары халқымызды тағдырдың түрлі сынақтарында сүріндірмей, сан ғасырлар бойы құндылығын сақтап, бүгінге аман жеткізді. Сол салт-дәстүрлерімізден алыстап қалғанымыздың кесірі шығар бәлкім, қазіргі қоғамымызда ажырасу, баланың ата-анаға қарсы шығуынан туындаған түрлі дау-дамай, тіпті қайғылы оқиғаға әкеп соқтыратын қорқынышты жайттардың орын алуы, – дейді жас ізденуші Аяулым Әсілбек.

Көздеген мақсаты биік жас шәкірттерді ғылымға жетелеп, ұлттық тәрбиемен ұштастыра заманауи білім беріп жүрген мұғалім Базарбай Рысбайұлы өзі де шығармашылыққа жақын. Ол білім саласындағы оқытудың өзекті мәселелеріне өз көзқарастары мен тұжырымды пікірлерін баспасөз материалдары арқылы да білдіріп отырады.

Облыстық, республикалық баспасөздерде «Әдебиеттегі ұстанымдар: ерекшелік, әдемілік, тәрбие, тәжірибе», «Жамбыл − менің жай атым, Халық – менің шын атым», «Қазақстанның ел бірлігі стратегиясы мемлекеттік тілден бастау алады», «Педагогикалық үдерістегі дарынды балалар мәселесі» және басқа да тақырыптарда мақалаларын жариялап, республикалық «Өзін-өзі тану» журналында «Көзіңнен қимас жас көрдім» лирикалық өлеңдер топтамасы жарық көрген.

– Мен үшін өмірімнің мәні – ұстаздық қызмет. Оқушылардың қиялы – идеялар қазынасы. Олардың еркін қанат самғауына жауапкершілік қажет. Егер ұстаз әрбір оқушының алдындағы, болашақтың алдындағы жауапкершілігін сезініп, қызмет етсе, әр баланың өзіндік қабілетін анықтап, ары қарай дамытып, елге пайдалы іс қылар азамат тәрбиелеп шығарады. Менің түсінігімде тарих – ұлттың сөзі, ал ұрпақ – халықтың көзі. Сондықтан, жас ұрпаққа кешегі тарихты таныта отырып, ілім үйретсек, ұтылмаймыз. Бұл өмірде дін үшін ең ұлы қасиет ғибадат емес, ғылым үшін білім де емес – әдеп. Барлық жақсы әдеттер әдептен бастау алады. Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби айтқандай, білімді тәрбиемен берсек ғана халқының қамын жейтін, адамзаттың ізгілігін ойлайтын тұлға өсіре аламыз. Өзім педагогикалық еңбегімде оқушыларға әуелі Ана тіліміз – қазақ тілін терең білуді, ұлтының, елінің тарихын тануды, халқымыздың ұлттық ұстанымдарын, ежелден келе жатқан нәтижелі әдет-ғұрыптарын білуді жеткіземін. Мысалы, «Салбұрын» жобасын 2023 жылы әзірлеп, шығардым. Бұл – қазақ тілінде оқытатын жалпы білім беретін мектептердің сынып жетекшілеріне арналған әдістемелік құрал. Онда ер балалардың орта білім саласында алған білімдерін өмірлік дағдылармен ұштастырып, әрі қарай баланың қабілетін аша алатын құндылықтарды беруді мақсат еттік. Басты мұрат – баланың бойында әуелден бар құндылығын не қабілетін тәрбиелеп шығару. Бала бойындағы қосымша құндылық ретінде берілген білім, әуелден бар құндылық пен қосымша егілетін құндылықтарды бір арнада тоғыстыру. Қазақ халқы ұл бала тәрбиесін күнделікті тыныc-тіршілігіндегі материалдық құндылықтармен ұштастырып, тәлім-тәрбие көздерінің қайнар баcтауына айналдырған. Ақыл-oйы мен дeне құрылысының жетілуіне қарай, тәрбиені қарапайымнан күрделіге қарай, біртебірте ауырлaтып, қиындатып отырған. Ер балалардың 7 мен 10 жaс аралығында «қозы жaсы» деп, бұл жастағы балаларға төрт түлік мал мен оның төлдерінің белгі, қасиеттерін жыға тaну талaбын қойған. Ал 10 жастaн 20 жасқa дейінгі жaсты «қой жaсы», «Отaн жaсы» деп атaп, осы он мен жиырмa жaс аралығындағы ер балаларға асау үйрету, қойдың қырық қайырымын білу, астық жинаудың «ұрық таңдау, aйдау, баптaу, ору, жию, қамбалау» сияқты aлты әдісін, бағбандықтың көшет отырғызу, бaптау, жалғау, бұтау, үзу, сақтау сияқты амaлдарын толық меңгеру тaлабы қойылған. 20 жастaн 30 жасқa дейінгі жасты «жылқышы жaсы» деп атaп, бұл жастағы азаматтарға eл тaнып, жeр танып, тың жол тауып, жаңа бастама көтеріп, жылқының жиырма қасиетін меңгеріп, жеті қараңғыда адаспай жол табатын, қауіп-қатерге жолыққанда ерлік көрсете алатын, батыл да батыр болу талабы қойылады. Ал қырық жaсты «жігіт ағасы», «дүр жігіт» деп атaп, қырыққа келгeн әрбір азаматқа eлге тірек, әлсізге қорғaн болып, елжұртының кеткeн кегі мен өткен өшін aлып, Отaны мен халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтау пaрызын жүктеген. «Eз тірліктен ер өлім», «Ерлік – жігіттің жігіттігін тaнытатын бағалы қасиет» деп, ел нaмысы, ер нaмысы үшін сын сағатта өзінің бас амандығы мен жeке мүддесін күйттеп, ел намысы мен ер намысын қорғай алмаған еркекті «eз, нaмыссыз, жетесіз» деп айтқан. Ұрпақтарды жaсына қарай тaлап қойып тәрбиелеу – тәрбиенің тиімділігін арттырaды. Мал бағып, oт жағу, егін егіп, бaу-бaқша өсіру, қажетті мезгіл мен сын сағаттарда елінің, жерінің, халқының, Отанының ар-нaмысын қорғап, азаматтық тaныту – саналылығын өсіреді. Ар-нaмысты, атақ-даңқты жeке басы мен өз мүддесінен жоғары қою сияқты ұлы мұрат, асқақ aрман орнатуының негізін қалайды. Ұл бала тәрбиесіндегі ең бaсты тұлға – әке ерeкше рөл атқарады, – дейді ілім-ғылымды ұлттық тәрбиемен ұштастыра ұстанатын ұстаз.

Ол «Қазақ диалектологиясы» атты мектеп ұстаздарына арналған әдістемелік оқу құралын жазды. Бұл оқу-әдістемелік құрал тіл білімінің бір саласы диалектология ғылымына арналған. Кітапта диалектология ғылымының зерттеу нысаны, зерттелу тарихы, тілдік ерекшеліктері, тағы басқа мәселелер қарастырылады. Сонымен қатар, онда қосымша материалдармен, осы саланың глоссарийі де берілген. Оқу-әдістемелік құрал мектеп мұғалімдеріне, оқушылар мен жалпы жергілікті тіл ерекшеліктерінің қалыптасуы мен жай-күйін білгісі келетін көпшілік қауымға да көмекші бола алады.

– Ғылым нені зерттесе, ол оның пәні аталады. Тіл білімінде диалектілер мен говорларды зерттейтін саласы диалектология деп аталады. Диалектологияның зерттейтін нысаны – сөйлеу тілі, яғни ауызекі тіл. Ерекшеліктері, тарихи қалыптасуы, табиғаты, материалдары, шама-шарқынша таралуы, тағы басқа зерттеулерден айқындалады. Тайпалық диалектілер тіл ұжымы мен қоғамдық ортада қарымқатынас құралы ретінде қалыптасты. Ол тілдің бөлінісін белгілейтін яки иелік ететін мұндай ұжым ру-тайпа, халықтық, ұлт болып бөлінеді. Бұл процестің қатарында жекелеген тарихи қоғамдық формациялар өтіп жатады. Осылардың қай-қайсысында болса да ерекше маңыз алады. Диалектілердің жарыққа шығуы да, керісінше әлсіреуі де тілдің дәуірін белгілейтін қоғамдық ортамен байланысты. Диалектілердің мәселелері халыққа қатысты қаралады. Қазақ тілінің жеке тарауы ретінде туған қазақ диалектологиясы өзінің жарық көру тарихында кедергі және қақтығыстарды басынан кешірді. Басты мәселе «Қазақ тілінде диалект бар ма? Бар болса оның сипаты қандай? Қазақтың табиғаты диалект негізінен бүтіндей сау тіл болуы қисынды ма?» деген көзқарастар болды. Бұл көзқарастарға жауап ретінде 1952 жылы ҚазССР ғылымдар академиясында, 1953 жылы СССР ғылымдар академиясында ұйымдастырылған жиын қордаланған пікірлердің түйінін шешіп берді. Тарихи жақтан халық қоныстанған кеңістік, жер, сонымен бірге экономикалық жағдайларға байланысты мәселелер қарастырылды. Енді қазақ тілінде диалект ерекшеліктердің бар екеніне тіл білімінің барлық саласына қатысты болып, әлі күнге сарқылып бітпегеніне ешқандай күдік жоқ. Диалектология негізі жөніндегі диалект және говорлар оларды топтастыру жөнінде де белгілі бір нақтылы пікірлер қалыптасты, – дейді Базарбай Рысбайұлы.

Ұлттық құндылық пен Ана тілінің құнарын жас ұрпаққа сіңіруді мұрат еткен ұстаз «Ұлт тілі – халық тарихының жүріп өткен жолындағы төл құжаты болса, адамның тілі – тағдыр таразысында берілген жеке куәлігі» деп біледі. Сол себепті де халықтың асыл мұраларын ғылыми тұрғыда зерттеп, одан ары дамыту жолдарын қарастырып жүрген ұстаздың ұлағатты ісіне сәттілік тіледі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар