Әлем сарапшыларының айтуынша, алдағы онжылдықта шағын және ірі қалалар тұрғындарының саны артып, ауыл халқының саны азаятын көрінеді. Болжам бойынша әлемдік урбанизация деңгейі 2050 жылға қарай 70 пайызды құрауы мүмкін. Мұның сызы қазірдің өзінде анық білініп отыр. Мысалға, мен өзім туып-өскен Жуалы ауданындағы Бақалы ауылы Тараз қаласынан бар болғаны 50, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан 7 километр жерде орналасқан. 100 үйлі ауылда бүгінгі күні 30 үй бос тұр.
Күтімсіз қалып, арасында бұзылып кеткен үйлердің орны үңірейіп қалған. Өзге елді мекендерде де бос тұрған үй көп. Сатуға қойылған үйлер өтпей, көз алдыңда тозып барады. Тұрғындардың жаппай қалаға көшуі мектептердегі бала санының қысқаруына әкеліп отыр. Мәселен, Көкбастау ауылдық округінің орталығы Теріс ауылында 620 орынға арналған үш қабатты мектеп бар. Мектеп пайдалануға берілген 1990 жылы екі ауысымда бір мыңнан аса бала оқитын.
Бақалы және округке қарасты елді мекендерден тасымал ұйымдастырылған тұста бала саны екі мыңға жуықтаған кезі де болған. Ал қазір Бақалы мен Теріс ауылын қосқанда мектепке баратын бала саны 250-ге әзер жетеді. Ал екі ауылда шамамен үш жүзге жуық үй бар. Бала санының кемуі есебінен Жуалыда үш мектеп биыл жабылып отыр. Соның бірі – Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылы. Мұнда бұрын жүзге тарта үй болса, қазір 30-ға жетер-жетпес түтін қалған.
Жолдың қашықтығы мен қыс айларындағы қиындықтан қалғаны аудан орталығына, қалаға, басқа қалаларға көшіп кеткен.
Бұл жағдай Талас ауданына да тән. Тоқсаныншы жылдары ауданның орталығы болған Ақкөл ауылынан ел көшіп, талай үй бұзылып кеткен жоқ па? Сарысу мен Мойынқұм халқы да жыл санап азаюда. Мұның басты себебі неде? Неге бұлай? Ауыл халқы ауылдан неге көшіп жатыр? Осы сұрақ көптің көкейінде тұрғаны анық. Жуалы ауданы, Көкбастау ауылдық округі әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген, бүгінде зейнеткер ағамыз Илияс Мамедалиев бұл жағдайды жұмыстың жоқтығымен байланыстырады.
– Бұрын кеңшар мен ұжымшар кезінде барлығы жеткілікті болды. Халық ішіпжемнен тарыққан жоқ. Ол кезде де жұмыс күші тапшы болатын. Қарап жүрген адам жоқ. Жұмыссыз адамды билік жатқызбайтын. Жаздың күні мұғалімдер, тіпті оқушылар ұжымшар жұмысына тартылатын. Ешбірінің ақысын жемейтін. Істеген жұмысына жалақы төлейтін. Қазір соның бірі жоқ. Бұрынғы кеңшарлардың орнын ұсақ шаруа қожалықтар басты. Олардың барлығы да үй шаруасынан аса алмай отыр. Даму жоқ. Ауылда бірінші мәселе – жұмыс жоқ. Жұмыс жоқ болған соң жастардың барлығы қала жағалап кетті, – дейді ол. Тағы бір – ойланатын, толғанатын мәселе бар. Ауылға барсаң, «түгеншенің баласы үйленіпті» дейді, арада біраз уақыт өткенде «түгеншенің келіні кетіп қалыпты, ауылда тұрмаймын» деген әңгіме естисің. Ал бүгін үйленіп, ауыл тойын, беташарын өткізе салып, ертеңіне қалаға тайып тұратын жастар қатары өкінішке орай көбейген. Тараздық жас Қуатбек Мұрат «Аға, сіз білмейсіз ғой. Қазір сіздердің замандағыдай қыз жоқ. Сіздер өткен ғасырда қалып кеткенсіздер ғой. Қазіргі қыздар «Мені асырай аласың ба?» деп сұрайды. Сондай-ақ «ауылда тұрмаймын» деп шарт қояды. Ол тұрмақ үйдегі қарындасымның өзі «Байға тисем неге мен біреудің әке-шешесіне қарауым керек. Мен не құлмын ба? Қарамаймын. Ауылда да тұрмаймын. Ауылда тұрғанша күйеуге тимегенім жақсы» деп салғыласады бізбен. Өкінішке орай бүгінгі жастардың ой ғана емес, талғамы да өзгерген. Сондықтан болар, жігіттер үйленуге, қыздар тұрмысқа шығуға асықпайтыны», – дейді ол.
Өкінішті-ақ, бірақ ащы болса да бүгінгі күннің шындығы. Осылай жалғаса берсе болашағы жоқ ауылдар қатары көбейе түспек. Ал әзірге ауылдан қалаға ағылған көшті тоқтату мүмкін болмай тұр. Бұл біз айтқан бір-екі жағдай. Әйтпесе көшуге жүгін түйіп даяр отырғаны қаншама. Олардың орта жасы бүгінде 35-60 аралығын құрайды. Бірі мектепте мұғалім болса, енді бірі дәрігер...
Ауылда маман тапшы кезеңде белең алып бара жатқан үрдістің алдын алмаса, соңы қиын болғалы тұр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Көне шаһар көркейіп келеді
- Бүгін, 02:28
Өркениеттер тоғысындағы Талас: Тарих, таным, тағылым
- Бүгін, 02:11
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




