Осы кәсіпке ден қойғандардың арасында мектеп мұғалімдері де бар. Соның бірі – Есен Абдулғазиев. Ол Байзақ ауданындағы Бурыл орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ал бал арасын өсірумен 30 жылдан бері айналысып келеді.
– Жуырда Тараз қаласындағы «Самал» шипажайында Қазақстан омарташыларының форумы өтті. Оның ұйымдастырушылары Алматы қаласындағы Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп ғылыми зерттеу институты. Сол форумға қатысып, еліміздің әр өңірінен келген омарташылармен тәжірибе алмасып, білімімді шыңдай түстім. Ал өзімнің негізгі мамандығым мұғалім. Отыз екі жылдан бері Бурыл орта мектебінде жұмыс іст едім. Талай шәкірт тәрбиелеп, волейболдан жақсы спортшылар шығардым. Олардың кейбірі республикалық құрама команда сапында ойнайды. Ал бал арасын өсіру – ол менің «хоббиім» десе де болады. Бұл кәсіпті маған алғаш үйреткен тарих пәнінің мұғалімі Иван Праваторов. Екеуміз көрші тұрдық. Жұмысқа да бірге барамыз. Сол кезде елуді еңсеріп қалған кісі еді. Мені жақын тартып жүрді. Бір күні «Саған бал арасын асырауды үйретейін. Жас отбасысың. Бір жағы маған да ермек, екіншіден саған қосымша табыс болады», – деді. Сөйтіп осы кәсіпті алғаш сол кісіден үйреніп, әлі күнге жалғастырып келемін, – дейді ол.
Жалпы елімізде 12 мыңнан аса омарташы бар екен. Олар 600 мыңнан аса ара ұясын ұстап отыр. Жылына шамамен ара өсірушілер 5 мың тоннадан аса өнім өндірсе, соның 450 тоннасын шетелге экспорттауда. Негізгі экспортталушы елдер қатарында Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірлігі мен Қытай Халық Республикасы бар. Ал ара өсірумен Жамбыл облысында 500-ден аса омарташы айналысуда. Соның бірі – Есен Абдулғазиев. Оның қосалқы шаруашылығында 20 ара ұясы бар. Жаз айларында арнайы көлікпен омарталарды Қаратау мен Алатау бөктеріндегі егіс алқаптарына апарып, араның бал шырынын жинау үшін жағдайын жасайды. Солармен бірге көшіп-қонады. Әрине, бұл істе оған отбасы мүшелері, жұбайы мен ұлдары көмекші. Ал қыс айларында суыққа ұрындырмай, жылыжайда ұстап, уақытылы қоректендіріп, қыстатып шығады. Өндірген өнімін Тараз қаласында ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге шығарады. Сауда нүктелеріне шығарып, өткеріп отырады.
– Қашанда жаңа кәсіп бастау оңай шаруа емес. Жалпы қазақта «Бұл кәсіп қазақтың кәсібі емес» деген ұғым бар. Бұл дұрыс көзқарас емес. Мен өзім бұлай ойлайтын көзқарастағы қандастарымның пікірімен келіспеймін. Ынта қойсаң кез келген кәсіпті игеруге болады. Мәселен, менің мамандығым мұғалім. Ал үйде отбасылық бизнесім – ара өсіру. Бұл мамандықты меңгергеніме қазір еш өкінбеймін. Жалпы жұмыс істеймін деген адамға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Президентіміздің биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауының бір бағыты жастарды осындай кәсіпке тарту. Өзімнің байқағаным, елімізде ара шаруашылықтары соңғы жылдары жақсы жолға қойылып келеді. Әсіресе бұл кәсіп жастар арасында қолдау табуда. Мемлекет тарапынан жас омарташыларға субсидия да бөлінуде. Ара өсірушілер үшін бұдан артық қандай қолдау керек? – дейді Есен Абдулғазиев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




