Ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелер назарға алынды
- author «Ақ жол»
- 26 шілде, 2025
- 709
Жиында аудан басшысы Бақытжан Жәнібеков атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды.
– Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ауданның барлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Бірінші кезекте өңірге инвестиция тарту – негізгі міндет екендігін Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ерекше атап өткен болатын. Ауданда инвесторлардың қызығушылығын арттыру бағытында өткен жылы 26, ал биыл 11 инвестормен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында жұмыстар қарқын алды. Құны 791 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба аталған аймақта қатысушысы ретінде тіркеліп, жер телімдері жалға берілді. Аталған жобалар 2026-2030 жылдары толық қуаттылығына енгеннен кейін, 5000-нан аса жаңа жұмыс орындары ашылатын болады, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Шу ауданында өзекті мәселелердің қатарында табиғи газ мәселесі де бар. Бүгінде ауданда 35 елді мекеннің 19-ы табиғи газбен қамтылған. Аудан әкімінің сөзінше, газдандырылмаған 16 елді мекеннің мәселесі өз шешімін күтуде.
– Алты елді мекенде, яғни, Көкжиек, Алайғыр, Құлақшын, Жиделі ауылдары мен Құмөзек разъезін, Еспе станциясын да газдандыру экономикалық жағынан тиімсіз, қосылу нүктесінен алшақ және халық саны аз. Ал қалған Мойынқұм, Жиенбет, Еңбек, Ақтөбе, Бәйдібек, Бөлтірік, Балуан Шолақ, Далақайнар мен Шоқпар елді мекендерге газ қысымы жеткіліксіз болуына байланысты газдандыруға мүмкіндік болмай отыр. Газ қысымын қамтамасыз ету үшін Қонаев ауылындағы АГРС құрылысы жобасы жүзеге асырылуда. Жоба 2026 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Жоба аяқталғаннан кейін, жоғарыда аталған он ауылға газдандыру жұмыстары кезеңкезеңімен жүргізілетін болады, – деді Бақытжан Жәнібеков.
Жиында аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сауалдарын жолдады. Түйткілді түйіндер тарқатылған кездесуде республикалық маңызы бар «Шу–Қайнар» автожолдарын күрделі жөндеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Жалпы ұзындығы 56 шақырымды құрайтын автожолдың жөндеу жұмыстарына 18 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Алайда биыл аталған қаражаттың 1,8 миллиарды бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Айжан Туғанованың айтуынша, жобаны аяқтау мерзімі 2028 жылға белгіленген.
Аймақ басшысы құрылыс жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауға алу қажеттігін тілге тиек етіп, бұл бағытта тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үйлерді жаңғырту мәселесіне баса мән берді. Айта кетейік, бүгінде ауданда 156 көпқабатты тұрғын үй бар болса, оның 118-і кондоминиум объектісі ретінде тіркелген. Кездесуде Шу ауданының барлық саласында экономикалық өсім байқалып отырғанын атап өткен облыс әкімі жауаптыларға бірқатар бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыруды жүктеді.
– Шу ауданы – өңірдегі әлеуметтікэкономикалық әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Аудан өнеркәсіпті дамытуға қолайлы жағдайларымен ерекшеленіп, бүгінде инвестиция тарту бойынша өңірде көшбасшы саналады. Жергілікті атқарушы органдардың негізгі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Осы бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесе отырып жүйелі түрде іске асырылатын болады. Аталған жұмыстарға байланысты арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалу барысы тұрақты бақылауға алынған, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ аймақ басшысы азық-түлік қауіпсіздігі, жанар-жағармай мен сұйытылған газ тапшылығына жол бермеу үшін кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізіп, көтерілген мәселелер нақты әрі тиімді шешімін табуы қажеттігін айтты.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




