«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сандық жайлауының сақтаған сыры көп

Сандық жайлауының сақтаған сыры көп
Автор
Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының қызметкерлері Меркі ауданында теңіз деңгейінен 3500 метр биіктікте орналасқан Сандық жайлауында мониторинг жұмыстарын жүргізді. Мониторинг мақсаты – ежелгі түркі дәуіріне жататын ғұрыптық кешендердің қазіргі сақталу жағдайын анықтау, фотофиксация және деректемелік мәліметтерді өзектендіру.

Сандық жайлауы – табиғаты көркем, көк аспанға жақын, таулармен қоршалған, ерекше ландшафтық аймақ. Бұл жерде ежелгі түркі халықтарының дүниетанымымен рухани мәдениетін айғақтайтын тас мүсіндер сақталған. Қазақстан жерінен табылған балбал тастар тарихына көз салсақ мұндай мүсіндер VI-IX ғасырлар аралығында өмір сүрген көшпелі түркі тайпаларына тән.

Бұл кезең – Батыс Түрік қағанатының гүлденген, ықпалды шағы. Әсіресе, Батыс Түрік қағанаты шығыс пен батысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолына бақылау жасайтын, сауда-саттық дамыған күшті мемлекет болды. Ал көшпенділер арасында бабалар әруағына сыйыну дамыды.

Ежелгі түркілер өз ата-бабаларына сыйынып, олардың әруағын еске алу үшін осы тас мүсіндерді қойып, оларды қоршауды дәстүрге айналдырды.

Осы тас қоршаулар туралы Ә.Марғұлан:

«Тас шарбақтар тарихи адамдардың жерленген қабірі емес, тек оларды еске түсіру үшін ас беріп, ат шаптыратын жерлерге қойылған белгілер», – деп айтқан.

Дегенмен де басқа да пікірлер бар. Түркі дәуіріндегі тас қашаушылар қолынан шыққан адам мүсініне зер салсаңыз, ондай мүсіндер көшпелі түркі жұртының рухани және әлеуметтік дәстүрлері мен мәдениетінің айқын көрінісі болып табылатын жекелеген тұлғаларға – батырлар, абыздар, бай адамдарға құрмет көрсету, қабір басына қойылып, өткен өмірді еске алу, әрі табиғатпен байланыс орнату, қабір қорғанынан шығысқа қарай тізбекке қойып, топтық ритуалды айқындау ретінде әрекет етеді.

Жүргізілген мониторинг нәтижелері нысандардың сақталу деңгейін анықтау, консервациялау және реставрациялау бойынша шараларды әзірлеу, қорғауқалпына келтіру жұмыстарының басым бағыттарын айқындау, сондай-ақ оларды ғылыми айналымға енгізу және зерттеу базасын толықтыру мақсатында пайдаланылатын болады.

 

Aq jol-Aqparat.

Ұқсас жаңалықтар