«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Саябақ жөнделіп, кіреберіске арка салынуда

Саябақ жөнделіп, кіреберіске арка салынуда
Автор
Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытовтың халықпен есеп беру жиыны Жаңаарық ауылдық округіне қарасты Ақтоғай ауылында өтті. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасы аясында өткен кездесуде аудан басшысы жыл басынан бері жасалынып жатқан жұмыстарға тоқталып, ауылдық округте алда атқарылар істермен бөлісті.

Жаңаарық ауылдық округінде жаңару мен даму бар. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауыл аймақтарды көгалдандыру мақсатында Ақтоғай ауылына «жасыл белдеу» қорғаныс алқабы орнатылды. Бұқаралық спортты дамыту және ауыл тұрғындарын спортпен шұғылдануға ынталандыру мақсатында Ұ.Сыздықбаев ауылындағы Расул Қабылұлы көшесі бойынан волейбол ойын алаңшасы, балалар ойын алаңшасы және жаттығу алаңдарының құрылыс жұмыстары жүруде.

Бұл өз кезегінде ауыл жастарының бос уақыттарын дұрыс пайдалануына септігін тигізеді. Ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша Ұ.Сыздықбаев ауылындағы саябаққа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар Ұ.Сыздықбаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл мәселе алдыңғы есеп беру жиынында Жаңаарық ауылдық округі тұрғындары тарапынан көтерілген болатын. Мәселе шешімін тауып отыр.

Ветеринарлық-санитариялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, мал ауруларының алдын алу және кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының эффектісін күшейту мақсатында Жаңаарық ауылынан мал емдеуге арналған раскол мен шомылдыруға арналған купканың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, демеушілер есебінен Ұ.Сыздықбаев ауылына Тараз бағытынан кіреберіс тұста арка салынуда. Аталған жұмыстарға Ұ.Сыздықбаевтың ұрпақтары атсалысуда. Демеушілер есебінен Ақтоғай ауылындағы зират басына барар жолға тас төселіп, өткелге арнайы құбыр тасталып, көпір салынды. Сондай-ақ алдағы уақытта атқарылатын істерге тоқталсақ, Ұ.Сыздықбаев ауылына шағын спорт кешенін соғу, Ақтоғай ауылындағы Шоқай датқа көшесінің тау жақ бөлігіне шағал тас төсеп, жол салу жұмыстары жоспарға сәйкес іске асатын болады.

Есептік жиында тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ауылдық округтегі өзекті мәселелерді қозғады. Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы сұрақтарға заң аясында жауап беріп, мәселелердің оң шешімін табуға ықпал ететіндігін айтты. Кездесу соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов бірқатар ардагерлер кеңесінің мүшелерін «Ауданның құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады.

 

Aq jol-Aqparat.

Ұқсас жаңалықтар