«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірінші лигада жарқырай алмаған «ТАРАЗ» Премьер-лигаға шыға ала ма?

Бірінші лигада жарқырай алмаған «ТАРАЗ» Премьер-лигаға шыға ала ма?
Автор
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, облыстың намысын қорғап жүрген жалғыз футбол командамыз «Тараздың» мәселесі қанша жазылып, айтылса да әзірге оң нәтиже көрмей тұрмыз. Футбол клубына директордың қаншауы келіп, қаншауы кетсе де баяғы жартас, сол жартас күйінде қалуда. Жақында клубқа Мұрат Ағыбаев деген азамат басшы болып келді. Жаңа директор клубтың қалған 450 миллион теңгедей қарызын жабуға, қарыздан құтылу үшін жұмыс істеуге уәде бере келіпті.

Сондай-ақ жақында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов «Тараз» футбол клубының бас бапкерімен және ойыншыларымен кездесу өткізгені бегілі. Облыс әкімінің орынбасары командаға қашанда қолдау болатынын айтып, келесі жылы қарыздан да құтылуға, Премьер-лигаға шығуға кеңес беріпті. Тараздық футболшылар кездесуден жігерленіп, барынша сенімді ақтайтындарын, келесі жылы тек Премьер-лигаға оралу үшін доп тебетіндерін айтыпты. Сонымен тараптар жылы тарқасып, клуб басшылығы да, ойыншылары да уәдені үйіп-төгіпті.

Жақсы ойыншылар қайдан шығады?

«Тараз» бірінші лигада ойнағанымен, базасы мықты, жеткіншек ізбасарлары көп команда. Ізбасар ойыншылар жас шамаларына қарай іріктеледі. Қазіргі таңда «Тараз» футбол клубының орталығында 350-400 жеткіншек доп теуіп жүр екен. Олардың жасы 8 бен 16 жас аралығын қамтиды. Яғни, «Тараздың» ізбасар жас ойыншылары 8 жасынан бастап назарға алынады. Міне, осы футбол орталықтан іріктелген 25 үздік ойыншы екінші лигада өнер көрсетіп келген.

Өкінішке қарай биыл «Тараз» клубының екінші лигада командасы жоқ. Бұл дегеніңіз жас ерекшелігімен жалғасып келе жатқан жүйенің бұзылуы екені анық. Бірақ алдағы жылы екінші лига командасы қайта жасақталады деген сеніміміз бар. Осы кезге дейін клуб директоры болып қызмет атқарған Әлімбек Жұмабаев мырза клубтың қарызын 200 миллион теңгеге дейін азайтыпты. Бұл үлкен жұмыс екені анық.

Енді клубтың екі тізгін, бір шылбырын қолға алған Мұрат Ағыбаев та қарыздан түгел құтқарамын деген уәдесін орындаса нұр үстіне нұр. Екі рет іздеп барып клуб директорын орнынан таппадық. Естуімізше, клубтың қарызын барынша азайту үшін «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді алпауыт кәсіпорындармен келіссөздер жүргізе бастапты. Мәмілеге келе бастапты. Ол жақсы қадам.

Біз клуб директорын таппағанымызбен, клубтың спорттық директоры Ғабит Қазыбековты кездестірдік. Ғабекең жиырма жылға жуық уақыттан бері осы «Тараз» футбол клубының суығына тоңып, ыстығына төзіп жүрген азамат.

«Ендігі мақсат – қарызды жауып, келесі жылы Премьер-лигада өнер көрсету. Ол үшін команданы күшейтеміз. Сырт командаларда жүрген жамбылдық ойыншыларды өзімізге алдырамыз. Мәселен, қазіргі таңда Премьер-лигада доп теуіп жүрген Еркебұлан Тойбеков, Жалғас Жақсылықов, Мақсат Әмірхановпен сөйлесіп, командаға шақыруды бастап жатырмыз. Бір кездері «Тараздың» сұрмергені атанған Абылайхан Жұмабек қазір «Ордабасы» командасында ойнайды. Ол ойыншыны да шақырып жатырмыз. Бірақ олар Премьер-лигадан бірінші лигадағы командаға келе ме? Жалақы мәселесінде едәуір айырмашылық бар. Алдымызда осындай қиындықтар да тұр. Дегенмен қиындықпен күресіп, оң шешімге келетініміз анық. Қазір Қазақстан Премьер-лигасында 25 тараздық футболшы доп теуіп жүр. Командамыз өтпесе де, жекелеген ойыншылар Премьер-лигаға өтіп жатыр. Ал «Тараз» командасы сапындағы Санжар Кемелбек пен Нұрдәулет Орынбасар Қазақстан Ұлттық құрамасының 19-21 жас аралығындағы командасына алынды. Бұл да – жетістік», – дейді ол.

Ал облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Ернар Таласбекұлына хабарласқан едік.

«Биыл қарыздан құтылу бойынша жұмыс атқарамыз. Келесі жылы «Тараз» командасы Премьер-лигаға шығу үшін ойнайтын болады», – деді.

Спорт басшысының сенімді сөзіне де қанаттанып қалдық.

Қонысбаев талантты ойыншыларды іздейді

«Тараз» футбол клубының ең жұлдызды ойыншысының бірі – Ұлан Қонысбаев. 2008 жылы «Тараз» бірінші лигаға түсіп қалған кезде Азамат Ниязымбетов пен Ұлан Қонысбаевтың үздік өнерінің арқасында Премьер-лигаға қайта шықты. Осылай десек қателесе қоймаспыз. Сол жылдары Ұлан Әбиірбекұлы «Тараз» командасының сапында Премьер-лига ойындарының бір жылда 26 турында негізгі құрамда ойнаған кезі болды.

Жыл бойына белгіленген бүкіл ойынға қатысты деген сөз ғой. 19 жасында Қазақстан ұлттық құрамасына алынды. Онда да өзін көрсетіп, көзге түсті. Сол әйгілі Ұлан Қонысбаев сүйікті «Тараз» футбол клубына қайта оралыпты. Бұл жолы футболшы емес, жаттықтырушы!

Жаттықтырушы болғанда да ерекше талантты ойыншыларды іздеп табатын маман. Клубта біраз жаттықтырушы барын білетін едік. Талантты ойыншыларды іздеп табатын жаттықтыру штаты барын аңғармаған екенбіз. Өзі дарынды футболшы болған Ұлан Қонысбаев енді ізбасарларын іздейді. Мүмкін, футбол орталығындағы 400 жеткіншектің ішінде ерекше таланттар бар шығар. Мүмкін, алыс ауданның шағын ауылында болашақ футбол жұлдыздары жүрген болар. Ауданға да барады, ауылға да хабарласады. Сосын Премьер-лигада доп теуіп жүрген жамбылдық жігіттерді «Тараз» командасына шақыру бойынша да негізгі күш Ұланға түсіп отыр.

Бұрын ғажайып футболшы ретінде елді сүйсіндірген Ұлан енді мықты ұйымдастырушы ретінде де сыналатын сәтке жетті. Бұл сыннан да сәтті өтеріне, «Тараздың» қазіргі дағдарыстан шығуына жақсы маман Ұлан Қонысбаевтың үлес қоса береріне сенімдіміз.

Бірінші топтағы қазіргі жағдайымыз мәз емес

Алдыға жоспар қойған жақсы. Жоспар қою деген Премьер-лигаға міндетті түрде шығасың деген сөз емес. Бұл әлі мақсат! Ал, Премьерлигаға шығу жолында әлі жан алысып, жан берген мықты ойындар өтуі керек. Қазіргідей қарқынмен «Тараз» командасына Премьер-лигаға өту түгіл бірінші лигада 4-5 орындардан көріну қиынға соғып тұр.

Биылғы маусымның ең алғашы ойынында өз алаңында Түркістан облысының «Жетісай» командасынан 1:2 есебімен жеңіліп қалғаны өте өкінішті болған еді. Кезінде ел чемпионы болған команданың аудан деңгейіндегі клубқа есе жіберуі өте ұят іс. Жанкүйерлерінің осы ренішін түсінді ме, «Тараз» содан кейінгі екі ойынында қатар жеңіске жетіп, турнир кестесінде төртінші орынға жоғарылаған еді.

«Академия Оңтүстік» командасын 2:0, шығыстың «Алтайын» 3:0 есебімен ұтқан. Бұл жеңістерге бөркімізді аспанға атып қуандық емес пе? Неге екенін қайдам, осы жеңістерден кейін кежегеміз тағы кейін кетті. Ойынымыз бір оңалмай-ақ қойды. Атап айтар болсақ, «Каспий», «Ақтауға» 1:2, «Түркістанға» 0:1 есебімен есе жібердік. Содан соң «СД Фэмили» клубымен, «Хан тенгри» клубымен 1:1 есебімен тең ойнап, өз алаңымызда Павлодардың «Ертісіне» 0:1 есебімен жол бердік. Сонда бес ойында бар болғаны 2 ұпайға ғана қол жеткізіппіз. Мұндай ойын жамбылдық жанкүйерлерді еш қанағаттандырмайды.

Содан кейін де ойынымыз ширай қойған жоқ. Сырт алаңда «Экибастуз» командасына 1:4, «Қайрат Алматы-2» командасына 1:3 есебімен ұтылдық. Содан кейін барып 4 шілде күні өз алаңымызда Қарағандының «Шахтерін» 4:0 есебімен ұттық. Одан соң сырт алаңда «Акас» клубына 1:3 есебімен ұтылып, өз алаңымызда «Академия Оңтүстік» командасымен 1:1 тең ойнады. Алдында сырт алаңда осы «Академия Оңтүстік» командасын 2:0 есебімен ұтқан едік. Арада екіүш ай өткенде неге кері кеттік? Бір сөзбен айтқанда, «Тараз» биылғы жылдың бірінші айналым ойындарын 14 команданың ішінде 12-орынмен аяқтады.

Бірінші айналымдағы 13 турда жинағаны 12 ұпай. Атап айтқанда, үш ойында ғана ұтып, үш ойында тең түскен. Жеті ойында жеңіліп қалған. Бірінші лиганың ортаңқол командаларына есе жіберіп жатыр. Айтуға да ұят. Бірінші лиганың көшін бастап тұрған «Каспий» 14 турдың 11-інде ұтқан. Ақтаулықтардан кейін тұрған «Ертіс», «Шахтер», «Алтай» командалары 9 реттен жеңіске жеткен. Премьер-лигадан үмітіміз болса осы командаларды ұтып, бірінші лигада сәтті ойнауымыз керек. Әзірге ондай сәттіліктің төбесі көрінер емес. «Тараз» бірінші лигада екінші айналымын бастап жатыр. Енді 12 тур ойнайды. Сол 12 ойында жағдайымызды едәуір түзеп алсақ қанеки! Біздің алдымызда тұрған «Экибастуз», «Хан тенгри» командаларының жерлестерімізден 2 ұпайы ғана артық. Ал бесінші орында тұрған «Қайрат-Жастар» командасының бізден 10 ұпайы артық. Бесінші орындағы командаға жету үшін бізге қатарынан 4 жеңіс керек. Осындай жетістікке жете аламыз ба? Оның жауабын алдағы ойындар көрсетеді.

Енді «Тараз» екі ойынын сырт алаңда өткізеді. Яғни, «Алтай» мен «Каспий» клубтарына қонаққа барады. Сонан соң 8 тамыз күні өз алаңында «Түркістан» командасын қабылдайды. Біз қай кезде де «Тараз» клубына жанкүйер болып, жерлестерімізді қолдай беретініміз анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар