
Тарқатып айтар болсақ, Жамбыл ауылдық округінің құрамына Шәкен Ниязбеков және Қапал ауылдары кіреді. Осыдан үш ай уақыт бұрын аталған ауылдық округ әкімі болып Данияр Алежанов сайланыпты. Тұрғындар таңдаудан қателесе қоймаған сияқты. Данияр Бақбергенұлының бал күндері осы Шәкен Ниязбеков ауылында өткен. Сондықтан да жаңа әкім 2210 тұрғыны бар округтің ісін алға бастыру үшін жұмысқа алғашқы күннен кірісіп те кетті. Тіпті, әкім болмай тұрып та осы ауылдың негізгі жолына жағалай тал көшеттерін отырғызып, сыныптастарын ұйымдастырып арка жасатқан.
Мешіттің жанындағы асхана құрылысын аяқтауға да бұл азаматтың үлкен үлесі болған. Сондықтан, ауыл тұрғындары Данияр Алежановқа екі тізгін, бір шылбырды сеніп тапсырып отыр. Округ таза ауыз су және көгілдір отынмен толық қамтылған. Көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Екі шағын футбол алаңы, үш балалар ойын алаңы ауыл жастары мен жеткіншектерінің игілігіне айналып отыр.
Аталған ауыл көкпар спортынан әлем чемпиондары Ұлан Байтөриев пен Бақытжан Әзімбайды, дзюдо күресінен Азия чемпионы Бекасыл Шаймерденовты мақтаныш етеді. Алақандай ауылдан әлемді мойындатқан тұлғалы спортшылар шығуы зор мақтаныш. Шәкен Ниязбеков ауылындағы Әзімбек Смайлов атындағы орта мектептің де шәкірттері үнемі түрлі байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Осы жетістікке мектеп директоры Нұрғиса Әбдіғалұлы және Орынбасар Оралбаев, Гүлзат Қарымбаева бастаған озат ұстаздар үлес қосуда. Округте тасы өрге домалап тұрған он шақты шаруа қожалық бар.
Шаруа қожалық төрағаларының бәрі де ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдарынан келгенше көмек беруге дайын. Әсіресе Нұржан Телеубаев басқаратын шаруашылық өрісін кеңге жайған. Өркен жайған шаруа қожалық басшысы ауылдың жағдайына қарайлап, қоғамдық жұмыстарға үлес қосудан аянған емес. Ал, кәсіпкер Сейсеналы Райымқұлов 500 миллион теңгеге ауылдың орталығынан 200 орындық балабақша салдырып жатыр. Бұйырт са жылдың соңына дейін ауыл бүлдіршіндері жаңа балабақшаға баратын болады.
Ауылға жанашырлық деген осы болар. Сонымен қатар, аталған ауылда мәдениет үйі бой көтеруде. Тұрғындар 2026 жылдың мамыр айында жаңа мәдениет үйінің қызығын көреді деп жоспарлануда. Үлкен округтің жұмысын әкім жалғыз жүріп жолға қоя алмайды. Данияр Бақбергенұлы оны алғашқы күннен түсініп, ауыл ақсақалдарын жинап бата алды. Елдің қазыналы қарттарымен ақылдасты. Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Орынтаев, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Шыныбеков жұмысты бірлесіп жүргізу қажеттігін сөз етті.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, ақсақалдар батасын беріп, өсиетін айтып тұрса, жастар да қоғамдық істерге белсене араласуға дайын. Ауылдың белсенді жастары Ұлан Байтөриев, Нұрлан Опайұлы, Бақытжан Сағындықов, Оралбек Ералиев, Нариман Орынтаев, Нұржан Досымбеков қайтсек ауылдың өркендеуіне көмегіміз тиеді деп құлшынып жүрген азаматтар. Ауылдың бас имамы Қазыбек Бекмырзаев та имандылық тұрғысынан көпшіліктің назарын аударып, тұрғындарды ізгілік жолға тәрбиелеуде. Бір сөзбен айтқанда, аталған ауылдық округтің жұмысы жүйелі. Алдағы уақытта да шаруасы шалқи береріне күмән жоқ. Ендігі жерде осы ауылдан шыққан сыйлы қария Жексен Телеубаевтың бір тілегі бар. Ол жалғыз Жексен қарияның емес, ауылдың барша тұрғындарының көкейінде жүрген ұсыныс. Ол ауылдың көрнекті жерінен Шәкен Ниязбековтің бюсті қойылса дейді. Былай қарасақ орынды ұсыныс. Мемлекеттік Тудың авторына бюст қоймағанда, кімге қоямыз?
«Шәкен Ниязбеков – жүрегі елім деп соққан дара тұлға. Мемлекеттік Тудың авторы. Осындай азаматқа қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Ауданға хабарласып ақылдассақ, мораторий дейді. Шәкен Оңласынұлына құрмет көрсетпегенде кімге көрсетеміз? Осы мәселені көтеру менің парызым. Шәкен Ниязбековпен бірге мектепте бірге оқыдым, бала күндерім бірге өтті. Қарапайым ауыл баласының қалай білім алғаны, қалай өскені, қалай ізденгені көз алдымда. Ондай талантты бағаламау қиянат»,– дейді.
Жексен Телеубаев ақсақалдың шырылдайтынындай бар. Ұсынысы орынды. Бірақ, барлық шаруа заң аясында жүретіні рас. Барлық іс талапқа сәйкес шешіледі. Дегенмен, көп уақыт өтпей бұл шаруаның оңынан шешіліп, Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековке бюст те, тіпті ескерткіш те орнатылатынына сеніміміз мол.
Жамбыл ауданы
Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді