
Сенбесеңіз, менің қолымдағы мына бір мәліметке қараңызшы. «Жамбыл облысында 1200 тонна жабайы қарасора жойылып, 2 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. 2025 жылдың 6 айында облысымызда 249 есірткі құқықбұзушылығы анықталды. Көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 дерекке жоғары. Облыс аумағынан басқа өңірлерге есірткі заттарын тасымалдайтын 11 арнаның жолы кесілді. 150 килограмнан астам кептірілген марихуана, 130 килограмм гашиш тәркіленді, 12 адам ұсталды».
Бұл облыстық полиция департаментінің ресми мәлімдемесі. Енді осыған есірткінің салдарынан күнделікті орын алып жатқан әртүрлі келеңсіз жағдайларды қосыңыз. Мысалы, біз бүгін сөз еткелі отырған нашақорлықтың ең басты екі қоздырғышы саналатын – қарасора (конопля) мен анашаның (марихуана, гашиш) кесірінен болатын отбасылық зорлық-зомбылықты, ажырасуларды тізбектеп, солардың ішіндегі ең сорақысы ретінде адам өлімімен аяқталған деректерді сөйлетер болсақ, бәріміздің де қайғымыз қоюлана түспекші. Қарасора мен анаша – психобелсенді зат.
Бұлар адамның мидағы нейрохимиялық тепе-теңдігін бұзады. Соның әсерінен ер адамда бақылау сезімі әлсірейді, өз іс-әрекетін өзі саралай алмайтын халге жетеді, агрессияға бейімділігі арта түседі. Нашақордың осындай халі әсіресе оның өз есірткісін басқа есірткімен немесе ішімдікпен бірге қолданғанда шарықтау шегіне жетіп жығылады.
Нәтижесінде мидың «тежегіштік» (инхибиторлық) функциялары бұзылып, адамда паранойя, күдікшілдік, қатыгездік пайда болады. Ал қатыгездік пайда болған жерде қандай жағдайлар орын алуы мүмкін екені айтпаса да түсінікті. Демек, есірткі қолданған адам өз бейнесін жоғалтады, хайуанға айналады.
Еркек бұзылса – отбасы бұзылады, әйел бұзылса – ел бұзылады. Азаматтарымыздың ішімдікке, есірткіге тәуелділігі салдарынан қаншама отбасының шырқы бұзылып, шаңырақтары шайқалып, құлап жатқаны ешкімге жасырын емес. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда 40 600 ажырасу дерегі тіркелген (соның 1,65 пайызын Жамбыл облысындағы ажырасу статистикасы құрайды). Бұл шамамен құрылған әрбір үшінші отбасы бұзылып тынды деген сөз. Ал статистика мәліметтері соңғы бес жылдың көлемінде (2020-2024) елімізде 221554 ажырасу тіркелгендігін алдымызға тартады.
Ажырасудың жоғары үлесі 25-39 жас аралығындағы ерлі-зайыптылардың арасында байқалады дейді статистика. Бұған сенуге болады. Өйткені дәл осы жас аралығындағылар есірткіге есін алдырған қарасора мен анашаның тұрақты тұтынушыларын топтастырады. Мұны Қазақстандағы ажырасудың негізгі себептеріне нашақорлық пен алкогольге тәуелділікті жатқызатын құзырлы органдардың мәліметтері де растайды.
«Есірткіге тәуелділік неке бұзылуының 61,7 пайызын құраса, жыныстық зорлықзомбылық 51,1 пайызын құрайды. Соның ішінде ересектер арасында анаша қолдану жиілігі 4,2 пайыздың көлемінде. Яғни, егде жастағы адамдардың да шаңырағының шайқалуына осы «анаша» деген тажал тікелей себепші. Көп жағдайда есірткіге тәуелді ер-азаматтар отбасы мүшелеріне қол көтеріп, әйеліне зорлық-зомбылық жасайды. Ал зорлықтың аты – зорлық. Ол тіпті оның заңды некелі әйелі болса да. Әйел – адам. Ол – сезім иесі, өз балаларының анасы, өз құқығы бар азамат. Оның өз келісімінсіз жасалған әрекет – қылмыс. Яғни, анаша қолданған ер-азаматтар үнемі қылмыс жасап, өз отбасының, өз балаларының үрейін алып жүр», – дейді мамандар.
Іздесек, есірткіге еркін алдырып қойып, есін жоғалтып алғандар әрбір отбасынан немесе әрбір ағайынның ішінен болмаса бір әулеттің көлемінен табылары хақ. Алысқа бармай-ақ қояйын, маған осы таяуда ғана бір жақын танысым алдымда ағынан жарылып, есірткінің кесірінен өз отбасында орын алған келеңсіз жағдайларды баяндап, басқа таныстарының тарихымен бөлісті. Сонда байқағаным, есірткі пайдаланушылардың соңынан қашанда «ажырасу мен қылмыс» деген екі анықтамалықтың ажырамай еріп жүретіндігі болды.
Осындай есірткінің әсерінен кезінде жай ғана сүрініп кетіп, соңынан бүлініп жатқан тағдырлар елімізде қаншама. Мұны кім санамалап жатыр дейсің? Біздікі де санамалау емес, мәселеге қатысты ой бөлісу, сыр суыртпақтау ғана.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады
- Бүгін, 01:44
Субвенция қаржысынан 13,9 миллиард теңге қысқартылды
- Бүгін, 01:38
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді