
Баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өңірде шомылуға рұқсат етілген ресми учаскелер белгіленіп, ол жерлерде құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылғанын және ескерту белгілері орнатылғанын атап өтті. Жыл басынан бері 1500-ден астам профилактикалық рейд жүргізіліп, оған еріктілер тартылған. Жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде биыл адамдардың суға бату фактілері тіркелмеген, 10 адам балық аулау кезінде құтқарылған.
Айта кетсек, былтыр осы кезеңде 4 адам (2-і балық аулау, тағы 2-і шомылу кезінде) суға батып кеткен болатын. Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Валихан Валиев шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы хабарламасында облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 13 орын бекітілгенін, аталған учаскелерде 9 коммуналдық және 4 жеке жағажай жұмыс істейтінін айтты. Облыстық мәслихаттың шешімімен 189 орында шомылуға тыйым салынған.
Биыл 10 жағажайда су айдынының түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілген. 19-28 мамырда шомылуға арналған орындарды зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жағажай иелеріне толыққанды жабдықтау жұмыстарын қолға алу тапсырылған. Бүгінде облыс аумағында орналасқан ірі су акваторияларында жедел құтқару жасағының құрамынан стационарлы және мобильді 8 құтқару бекеті кезекшілік жүргізуде.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаменті полиция бөлімшелерімен және еріктілермен бірлесіп рейдтер ұйымдастырып, қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша жадынамалар таратуда. Осы іс-шараларға 300 ерікті тартылған. Бұған дейін департамент базасында 50 волонтерлік ұйым басшылары мен үйлестірушілері және 47 еңбек пен демалыс-сауықтыру лагерінің қызметкерлері даярлық курстарынан өткен.
Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адам өлімінің алдын алу мақсатында «Мамыр қауіпі» акциясы өткізілді. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандандырылған балаларжасөспірімдер спорт мектебінде 1980 бала ақысыз негізде жүзуге үйретілді.
Баяндамашының айтуынша, бүгінгі күні өңірдің су айдындарында өткізілген бірлескен рейдтер кезінде 305 бұзушылық анықталған. Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзған 101 адамға, алкогольдік ішімдік ішкен немесе қоғамдық орында мас күйде болған 178 адамға, су айдынында қауіпсіздік ережелерін бұзған немесе орындамаған 26 адамға айыппұл салынды. Сонымен қатар брифингте жазғы кезеңдегі өрт қауіпсіздігі мәселесі де қозғалды. Әсіресе балалар лагерьлері мен білім беру мекемелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Мемлекеттік өрт қауіпсіздігі басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Дінмұханбет Құрманбектің айтуынша, облыс аумағында 30 жазғы сауықтыру орны, балаларға арналған 12 жазғы сауықтыру лагері (5-і мемлекеттік, 2-і сенімгерлік басқаруға берілген және 5-і жеке меншік) бар. Қазіргі уақытта 7 лагерь жұмыс істеп тұр. Жазғы кезең басталғалы департамент пен оның аумақтық бағынысты бөлімдері туристік аумақтарда, қонақ үйлерде, сауықтыру лагерьлері мен балалардың жазғы демалыс орындарының қызметкерлері және келушілерге үздіксіз негізде профилактикалық үгітнасихат жұмыстарын жүргізуде.
Облыстағы барлық 523 мектепте, 461 балабақшада, 46 колледжде, білім басқармасына қарасты 10 білім мекемесінде және қала сыртындағы 11 лагерьде өртке қарсы дабылқаққыштар орнатылған. Облыстың білім мекемелерінде 15450 өрт сөндіру құралы дайындалып, 854 нысан шатырасты құрылымдары өртке қарсы қоспамен өңделген және 2154 өрт сөндіру қалқанымен жабдықталған. Мамандар қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен қатар атааналар мен тұрғындардың да ортақ міндеті екенін атап өтті.
Айта кетсек, биыл облыс аумағында 450 өрт оқиғасы орын алып, 3 адам қаза болса, 6 адам әртүрлі жарақат алған. Өрт саны артқанымен, адам өлімі өткен жылмен салыстырғанда азайған. Өрттен келген материалдық шығын 41 миллион 172 мың теңгені құрап отыр.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда жұмыс сапарымен жүр
- 5 тамыз, 2025
Түрксіб пен Боранды стансалары жөндеуден өтеді
- 5 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді