
Саңырауқұлақ–дәмінің ерекшелігімен көп адамның сүйікті тағамы. Оның құрамы А дәрумені, фосфор, никотин, калий тұздары және адам ағзасына қажетті басқа да заттарға бай. Саңырауқұлақтарды көп жейтіндердің ағзасы вирустарға қарсы тұруға қабілетті келіп, тырнақтары қатты, терісі нәзікте серпінді және шаштары жібектей болады. Алайда саңырауқұлақтың түрін дұрыс таңдамаса, қауіптісі де кездеседі. Сондықтан кәсіпкер Айткүл Қуандыққызы адамға пайдалы әрі дәмді саңырауқұлақ түрін баптап өсіруді қолға алған.
– Саңырауқұлақ – экологиялық таза, ақуызға бай, тез өсетін өнім. Қазіргі таңда халықтың дұрыс тамақтануға деген қызығушылығы артып келеді. Саңырауқұлақ – халқымыздың сүйікті асы саналатын етке балама бола алатын табиғи өнім ретінде сұранысқа ие. Сонымен қатар оны өсіру үшін көп жер көлемі, күн сәулесі немесе қымбат техника қажет емес, яғни ауыл жағдайында шағын шаруашылық жүргізуге өте қолайлы. Бұл бағыт ауыл тұрғындары үшін табыс көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан жеке кәсіпкерлігімде саңырауқұлақты таңдадым. Бұл істі тиімді, пайдалы және болашағы бар сала деп білемін. Саңырауқұлақ өсірудің өзіндік ерекшелігі аса көп уақыт бөлуді талап етпейтіндігінде. Бастысы, территория мен техника және тәртіп болса жеткілікті. Бұл өнімге деген сұраныс өте жоғары. Жұмысшым Тараз қаласындағы көптеген тамақтану орталықтарымен келісімге отырып, оларға уақтылы, жаңа жұлынған аспа саңырауқұлақтарын және маринадталған түрлерін жеткізіп отыр, – дейді кәсіпкер Айткүл Мүсілімова.
Ол жеке кәсіпкерлігін ауыл экономикасын көтеруге бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ашқан. Игілігін көрген бағдарламамен алған қаражатқа саңырауқұлақ фермасына өте қажетті субстратты дезинфекциялауға арналған афтоклап, ауа айналдырғыш вентилятор және бірнеше кәсіпке керекті заттар сатып алған.
– Шағын шаруа-шылығымды ілгері жылжытуға «Ауыл аманаты» бағдарламасының көп септігі тиді. Мемлекет менің кәсіп бастауыма көмектесті, енді мен елімізде айтарлықтай дамымаған кәсіпті халыққа көрсетіп, өз білгеніммен, алған біліміммен бөліссем деген оймен курс аштым. Қазіргі уақытта менің шәкірттерім Меркі ауданында, Алматы, Шымкент және Астана қалаларында белсенді жұмыс істеуде. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, өз ауылымнан ауқымды өндіріс орнын құру үшін саңырауқұлақ алқабым болса деген мақсатым бар. Аудан әкімдігі де мені қолдап, бір гектар жер телімін беруді қарастырып отыр. Әрине бұдан да басқа жоспарларым баршылық. Жекеше оқытып жатқан курсымды топқа айналдырып, курска жазылған топпен Меркі саяжайларында қызықты демалыс ұйымдастыра отырып дәріс жүргізуді де жоспарлап жүрмін. Тараздағы М.Х.Дулати атындағы университетпен келісімшартқа отырып, агро саласындағы студенттерге тәжірибе орталығын жасасам деген де ойым бар. Кәсіпті кез келген сомамен бастауға болады. Бастысы, ниет пен дұрыс әрекет. Сондықтан жеке кәсіпті енді бастағалы жүргендерге айтар кеңесім – нақты мақсат қойып, тынымсыз еңбектеніп, табандылық танытса, мұратқа жетуге болады, – дейді саңырауқұлақтың бағбаны.
Айткүл Қуандыққызының айтуынша, саңырауқұлақ бизнесі – берекелі іс. Себебі ол өнімділігімен тез арада табыс әкеледі. Байтақ дала – еліміздің басына біткен бағы. Сол мүмкіндікті пайдалана отырып, әсіресе, ауыл тұрғындары Жер Ананың бабын тапса, табысқа кенелмек. Еңбегі ерен, таңдаған кәсібі ерек кәсіпкердің көздегені көп.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді