
Облысымызда 1952 жылдан бері сот-медициналық сараптама, тәуелсіздік жылдарынан бері сот сараптамасы бағыты тұрақты дамып келеді. 2017 жылы бірыңғай сот сараптамасы институты құрылып, бүгінде аталған құрылым сот сараптамасының 24 түрі мен 42 мамандық бойынша сараптамалық қызметтерді көрсетеді.
Уақыт талабы мен ұжымның өсуіне байланысты жаңа ғимарат қажеттілігі туындаған болатын. Соған сәйкес жергілікті атқарушыбиліктің қолдауымен өткен жылы жалпы ауданы 2 мың шаршы метр болатын жаңа ғимарат сатып алынды.
Жыл соңында ғимаратты күрделі жөндеуге 200 миллион теңге бөлініп, мамыр айында 90-ға жуық қызметкерден құралған ұжым жаңа нысанға қоныстанды. Нысанның ашылу салтанатында көне шаһар басшысы сала қызметкерлерін жаңа қонысымен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
– Сот сараптамасы саласы – заңдылық, әділеттілік пен адам құқығының кепілі. Бұл – сапа мен объективтілікке негізделген үлкен жауапкершілікті еңбек. Бүгінгі күнге дейін институт екі бөлек ғимаратта – Жамбыл даңғылы және Асқаров көшесінде орналасқан мекенжайда қызмет етіп келді. Облыс бойынша сот сараптамалары институтының жаңа ғимаратқа көшуі аталған бағыттағы көрсетіліп отырған қызметтердің сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік берері сөзсіз, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Сондай-ақ жиында Әділет министрлігі сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов жергілікті атқарушы орган басшыларына бірегей бастамаға қолдау білдіргені үшін ризашылығын жеткізді.
– Бүгін біз маңызды оқиғаға куә болып отырмыз. Жаңа ғимарат – бұл жай ғана кеңістік емес, бұл – жауапкершілікпен атқарылатын ұлы істің берік мекені және сапалы қызметке бағытталған серпінді қадам. Заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған ғимарат жаңашыл бастамаларға жол аша түспек. Осы ретте қолайлы ғимаратпен қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен Тараз қаласының басшылығына алғысымды білдіремін, – деді Бақытжан Байтілесов.
Заманауи технологиялар және бейнебақылау камераларымен толықтай қамтамасыз етілген ғимаратта сот сарапшылары, сот-медициналық сарапшылары мен сот-психиатриялық сарапшылар кабинеттері, зертханалар мен кеңсе, 50 орындық мәжіліс залы мен мұрағат орналасқан.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Облыстық мәслихат депутаттарының назарына
- 26 шілде, 2025
Мәдениет ошағы – ауылдың рухани айнасы
- 26 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді