«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

51 жаңа техника табысталды

51 жаңа техника табысталды
Автор
Климаттық өзгерістер мен су тапшылығының артуы жағдайында бұл саланың маңызы артып, су ресурстарын тиімді басқару мемлекеттік саясаттың басымдықтарының біріне айналды. Бұл тұрғыда Президенттің тапсырмасы бойынша ел аумағында су саласында жаңа су қоймаларын салу, цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу, саланы материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Қазсушар» республикалық кәсіпорынның облыстық филиалына жалпы саны 51 арнайы техника табысталды.

Салтанатты жиынға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

– Өздеріңізге белгілі, соңғы бір жарым жылдың ішінде аталған салада біршама өзгерістер болды. Әсіресе, өткен жылы Үкімет қаулысымен 2030 жылға дейін су саласын дамытуға бағытталған арнайы тұжырымдама қабылданды. Бұдан бөлек су жүйесін дамытудың кешенді жоспары қабылданып, биыл Мемлекет басшысы жаңа Су Кодексін қолданысқа енгізді. Осыған орай, біз өзімізге мақсатты индикатор белгіледік. Бір жылдың ішінде еліміздегі барлық филиалдарға 757 техника беруді жоспарлап отырмыз. Оның 71-і Жамбыл облысына тиесілі. Жаңа техникалар облыстағы су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау бойынша ірі жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ биылғы және алдағы суару маусымдарының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге септігін тигізбек, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Орталық алаңда сап түзеген су жаңа көліктердің қатарында соңғы озық технологиямен жабдықталған «Соболь – Газ 231073», «Камаз» маркалы және Hidraulik Crawler шынжыр табанды экскаваторы және «Lovol – 854» тракторы мен SEM тиегіштері бар.

Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев су саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, қызметкерлердің өңір халқын тіршілік көзімен қамтамасыз етудегі еңбегін жоғары бағалады.

– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен елімізде суды тиімді пайдалану жайына ерекше көңіл бөлініп, ауқымды реформалар қолға алынды. Салаға беріліп жатқан жаңа техника мен заманауи жабдықтар – сіздердің қызметтеріңізді жеңілдетіп қана қоймай, еліміздің су инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болмақ. Бұл шаралар өңірдің су ресурстарын басқару тиімділігін арттырып, нәтижелі жұмыстарды атқаруға зор үлесін қосады деп сенемін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиын соңында су саласына еңбек сіңірген бірқатар мамандарға жауапты министрлік пен облыс әкімінің арнайы марапаттары табысталып, құрмет көрсетілді. Айта кетейік, бүгінде өңірдің су саласында айтарлықтай серпін бар. Мәселен 2019 жылдан бері халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен облыстың 6 ауданында жалпы ұзындығы 608 шақырымды құрайтын су жүйелері қайта жаңғыртылды.

Сондай-ақ 2 жаңа су қоймасы салынып, 19 су қоймасы жөнделіп, 1 гидробекет қалпына келтірілді. Бұдан бөлек өңірде 2028 жылға дейін 11 жаңа су қоймасын салу, 3 су қойманы қайта жаңғырту мен 312 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар