«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбегі ерен медбикелер

Еңбегі ерен медбикелер
Автор
Күн сайын науқастармен жүздесіп, әр түрлі ауруға шалдыққан, дертіне дауа іздеген жандарға алғашқы көмек көрсететін, жұмыстың ауыртпашылығы мен жауапкершілігіне мойымайтын медбикелік істі таңдаған мамандар бар. Олар күн-түн демей науқастың қамын жасап, медицина саласына өз үлестерін қосып жүр.

Дәрігердің толыққанды серіктесі әрі кәсіби шеберлігімен көзге түскен медбикелердің бірі – Ақмарал Байбосынова. Ол 2022 жылы халықаралық медбикелер күніне орай емхана арасында өткен «Үздік медбикелер» сайысына қатысып, жүлделі орыннан көрініпті.

2023 жылы емханааралық жүлдегерлер иесін таңдауы бойынша облыстық «Ең үздік медбике» жарысында Алғыс хат пен қаржылай сыйлыққа ие болыпты. Ақмарал Асылбекқызы 1990 жылы Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Тараз қаласы Мұқағали Мақатаев атындағы №14 орта мектепті тәмәмдап, 2006-2009 жылдар аралығында Жамбыл жоғарғы медициналық колледжін үздік дипломмен фельдшер мамандығы бойынша аяқтаған.

2009 жылдан бастап қазіргі таңға дейін №7 қалалық емханада хирург дәрігерінің медбикесі болып жұмыс істейді. 15 жылға жуық еңбек өтілінде емхананың қоғамдық жұмыстарына белсенді атсалысып, облыстық «Сенім» медициналық қызметкерлер кәсіподағының төрайымының Алғыс хатымен марапатталыпты.

– Медбикелік іс өзіме ұнайды. Ең мерейлі мамандық қой. Жалпы, денсаулық саласында елеусіз рөл жоқ. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы дегендей, медицина қызметкерлерінің мақсаты – халық денсаулығын жақсарту. Сондықтан біз дәрігердің оң қолы, қанатымыз. Бірде-бір дәрігер сенімді тылсыз жұмыс істей алмайды. Ұйымдастырушылық пен қағазбастылық секілді істің бәрін шешетін медбике. Он бес жылда емхана менің екінші үйіме айналды, – дейді ол.

Ақмарал өзі ісіне аса жауапты маман. Расында, оның күлімсіреп жүріп тындыратын тірлігі көп. Емделушілер мен жан-жағындағы әріптестері оны мақтап, жиі тілге тиек етеді.

– Науқас адам ең біріншіден жылы сөзге зәру. Қаралуға келген емделушілерге жылы сөзін аямай, шапшаң қимылдайтын да мейірбике. Емханаға келсек, ең бірінші дәрігерді емес, Ақмарал медбикені іздейміз. Әріптестері арасында жоғары құрметке ие. Өз бөлімінің жұмысын ұршықша иіріп отырған жауапты маман, – дейді ем алушы Сайрагүл Жақсылықова.

Келесі кейіпкеріміз өзінің 25 жылдық өмірін медицина саласына арнаған №5 қалалық емхананың аға мейіргері Айтолқын Акпарова. Аға медбикенің жұмыс күні таңғы 8:00-де бөлімшені аралаудан басталады. Ақ халатына кір жұқтырмай мейіргер қызметін абыроймен атқарып келе жатқан ол 1978 жылы Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1998 жылы аймақтық мейіргер болудан бастапты.

2001 жылы №5 қалалық емхана ашылған соң, сол күннен бастап бүгінгі күнге дейін тапжылмай бір жерде тынымсыз еңбек етуде. Емханада диагностика бөлімі 2009 жылы ашылды. Осы бөлімді Айтолқын Елеусізқызы басқарады. Бөлімде 30-дан аса орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда диагностика бөлімінде рентген бөлмесі, маммография, флюрография, ультрадыбыстық зерттеу бөлмелері, сонымен қатар функционалдық диагностика, электрокардиограмма, электроэнцефалография, тредмил тест, тәуліктік қан қысымы мен холтер тексеру және лабораториялық зерттеу бөлмелері бар. Гематологиялық, биохимиялық, жалпы клиникалық, цитологиялық зерттеулері жұмыс атқаруда. Айтолқын Елеусізқызының диагностикалық құрал-жабдықтардың уақтылы және сапалы зерттеу жұмыстарын жүргізуде еңбегі өте зор. Қазіргі таңда аяулы жар, 3 баланың анасы. Медицина саласына қызығушылығынан ба, қазіргі таңда қызы Айдана да Қазақстан-Ресей медициналық университетінің 3курс студенті.

– Медбикелердің атқарар ісі өте көп. Аппараттармен жұмыс, тазалық сақтау, науқастарды күту, талдамалар алу, құжаттамамен жұмыс. Алдымызға талай науқас жүгінеді. Қан, зәр талдамаларын жасаймыз. Аппараттарға түсіреміз. Әрбір адамның денсаулығына жауаптымыз. Бірі алғыс айтып кетсе, екіншісі өз талдамаларын көріп, асығыс, түңіліп кетеді. Медицина қызметкері болған соң, адам жанын түсінеміз. Ауырған адамды танымасақ та, жазылып кетсе екен деп тілектес боламыз. Жұмыс орнымды, әріптестерімді сыйлап құрметтеймін. Жұмысқа кірген жас мейірбикелерді үйретеміз, – дейді Айтолқын Елеусізқызы.

Мінезі тұйық, артық сөзі жоқ Айтолқын Акпарованы ұжым ерекше жақсы көреді. Оның жас аған жиналыстарынан қалмай, әрбір айтқанын жас медбикелер қағида санайды. Мейіргерлердің қай-қайсысы болса да құрметке лайық. Ол қай салада қызмет етпесін, оның бастан асар шаруасы көп болса да, қысылғанда қол ұшын созатын, дәрі мен екпені егетін де солар. Әрбір науқастың пәс көңілін көтеретін Айтолқын мен Ақмаралдай мейіргерлер көп болсын деп тілейік. Кез келген адам мейіргер бола алмайды. Тек мейірімді, жүрегінде жылуы бар, науқастарға жылы қабақ таныта алатын адамдар ғана бұл мамандықты таңдайды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар