
Адам өмірін аман сақтап қалуда жедел жәрдем қызметіндегі дәрігерфельдшерден бастап, диспетчер мен көлік жүргізушісінің де еңбегі орасан. Науқасқа жылдам жеткізетін шопыр да, жол-жөнекей көлік ішінде санитарлық көмек көрсететін фельдшердің де тірлігі кейде бір іспен ғана өлшеніп, олардың еңбегі лайықты бағаланбай жатады. Бір жамандық барлық жақсылықты, игілікті жойып жібереді. Осылайша, олардың күн сайынғы ерлігін ұмытып жатамыз.
Биыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы республикалық жедел жәрдем бригадаларының жарысынан бесінші орын алыпты. Жылда бірінші орыннан көрініп жүрген олар алдыңғы бестікте болғанына да қуанышты. Біз барғанда түске дейін 500-дей қоңырау түсіп жедел жәрдем көліктері қиқулап, жан-жаққа асығыс кетіп жатты. Әрбір кабинетпен, дәрігерлер мен басқа да мамандардың жұмысымен бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Күлзипа Қызғараева таныстырды.
– Күн сайын облыс бойынша 1500-дей шақырту түседі. Call орталығымызда 13 телефон бар. Біздің салада 31 дәрігер, 907 фельдшер және 401 көлік жүргізуші халыққа қызмет көрсетеді. Қалғаны салалық мамандар. Бір тәулікте 93 бригада жұмысқа шығады. Оның 40-ы қаладан, 53-і ауылдардан шығады. Арнайы мамандандырылған интенсивті педиатрлық, психиатрлық және реанимациялық болып бригадаларымыз үшке бөлінеді. Ауылдық жерлерде тек фельдшерлер жұмыс істейді. Аталған үш бригада қалалық жерлерде. Жыл мезгіліне және ауа райына байланысты аурулар өзгеріп отырады. Жаз айларында ішек, асқазан аурулары, инфекциялық аурулар көбейсе, суық мезгілде тұмау мен жұқпалы, бүйрек, созылмалы аурулары өршиді. Есімнен кетпейтін бір жағдай бар. Өзім қарапайым фельдшерліктен бастаған соң, мен де бригадамен жәрдемге шығатынмын. Ер азаматтың жүрегі ауырып, есінен танды деген соң, ауруханаға жеткіздік. Оған дейін тез арада көмек көрсеттік. Ауруханаға жеткен соң, қайта жүрегі тоқтап оны өлдіге санады. Мен сол арадан кетпестен жаңағы адамды қайта тексеріп қарадым. Сөйтсем, жүрегі соғып тұр. Ашуланып, дәрігерлерге айтып, реанимацияға кіргізіп, табандылық көрсеттім. Бірнеше мәрте жүрегі тоқтап, қайта соққан сол адам әлі де дін аман. Сол жолы бірбеткейлігімнің арқасында бір жанға екінші рет өмір сыйладымау деп ойлаймын. Ондай кезде әпсәтте бақытты болып кетемін, – дейді Күлзипа Сапарқұлқызы.
Мұнда бетке ұстар мамандар өте көп. Фельдшерлер Маргарита Тәжібаева, Данияр Аккулиев, Пернебек Шонаев, Илья Колошов пен Сағадат Запенов сынды мамандар талайларға көмегін көрсетіп, дертке дауа болып жүр. Алтын қолымен шипа беріп, тән мен жанды сауықтырып жүрген жайлары бар. Жақында ғана олар жедел жәрдем көлігінде сәтті реанимация жасап, кішкентай бөбекті құтқарып қалыпты. Клиникалық өлім тіркелген екен. Тез арада жеткен жедел жәрдем қызметкерлері баланы өлімнен арашалап қалған.
Бүгінде баланың жағдайы жақсы. Мұнан соң облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Венера Балқыбековамен сөйлестік. Ол адам жанының арашашысы болуды мектепте жүргенде-ақ шешіпті.
Жақсы көретін жақын туысы қайтыс болғанда бірден дәрігер болуды ойлаған ол Қарағандыдағы медициналық университетке оқуға түсіпті. 1998 жылы оқуды тәмәмдап, қарапайым қызметкерден басшылық қызметке дейін көтерілген. Өз саласына берілген нағыз маман жедел жәрдемнің өткені мен қазіргісі туралы айтты.
– 1998 жылдары қаладағы жедел жәрдем көліктері де өте нашар болатын. Жедел жәрдем көліктері тозған. Ешкім медициналық көліктерге жол бермейтін. Бүгінгі заманда халықтың білімі де, мәдениеттілігі де артты ғой. Қазір барлық жағдай жасалған. Сондай бір күндерді де бастан кешірдік. Көптеген оқиғалар есімде. Сол 1998 жылы бір науқасқа бардық. Артымыздағы көлік ішіндегілер бізді мазақтап күлген. Себебі санитарлық көлігіміз тым ескі еді. Соның ішінде жанталасып науқасқа көмек көрсетіп келе жатқанбыз. Алдыға жібере қояйын деген адамдар жоқ. Әйтеуір жанталасып ауруханаға науқасты жеткіздік. Сол кездерде мен жақсы күндер туса, медицина ілгері жылжыса екен деп армандайтынмын. Өткен өтті, бүгінгі күні Құдайға шүкір, өміріміз де, қоғам да өзгерді. Жыл сайын көліктеріміз жаңартылуда. Санитарлық авиация да бізге қосылды. Облыстың қоңырауы бізге түседі. Қазақтелекоммен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Венера Заттыбекқызы.
Шындығында облыстық жедел жәрдем қызметінде бәрі жаңаша екен. Шақырту түссе қоңырауды өшірмей ұстап тұрады. Бұл да жаңа әдіс. Шақырушы науқасқа диспетчердің айтуы бойынша көмек көрсетеді. Мұндағы барлық жүйе автоматтандырылған. Қоңырау бірінші диспетчерге түседі. Содан соң эвакуацияға жіберіледі. «Көмек» деген жүйе бар. Мамандар 252 бұйрық бойынша жұмыс істеуде. Эвакуаторға қоңырау түскен соң, оның программасында бәрі көрініп тұрады. Қандай бригада қай жерде тұр? Қайсысы бос? Жақынырағы қайсысы? Сол жүйе бойынша бос көлік жіберіледі. Коммуникаторға автоматты түрде сигнал беріледі. Бос бригада оны қабылдайды. Сосын барып науқасқа жөнелтіледі. Шақыртудан бос уақытта жедел жәрдем қызметкерлері сабақ өтеді. Жол апаты кезінде немесе небір ауруларға қарсы көмек көрсетуді үйренеді. Қайталайды.
Сондай-ақ олар мектептерге, колледж бен университеттерге барып, алғашқы көмек көрсету туралы шеберлік сыныптарын өткізеді. Жедел жәрдем фельдшері – медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқаратын маман. Ол шұғыл жағдайларда алғашқы медициналық көмекті дер кезінде көрсетіп, науқастың өмірін сақтап қалуға тікелей жауапты. Фельдшер дәрігердің қатысуынсыз жедел шешім қабылдай алады және төтенше жағдайларда дербес әрекет етеді. Илья Кулишовтың стансада жұмыс істегеніне 19 жыл болыпты. Фельдшердің ісі қызық әрі қиындыққа толы. Орыс тілінде қойған сұрағымызға Иван Викторович қазақша жауап беріп, бізді таңқалдырды. Таза қазақша сөйлейтін ол халықтың денсаулығын қорғаудағы ең жауапты маманмын дейді.
– Фельдшер болу үшін жүректілік, батырлық керек. Криминалды жағдайлар болып тұрады. Адам пышақталғанда, оқ өткенде оларға алғашқы көмек көрсету қажет. Қаннан, оқыс оқиғалардан қорықпау қажет. Адамның жанды да аяулы жері жүрек қой. Қысқасы, жүрек шімірікпеуі керек. Бұл қызмет салқын қанды, бірбеткей, мінезді болуды талап етеді. Тағы бір қажеттісі – шапшаңдық. Мен ауысыммен жұмыс істеймін. Көбіне жаңа туған нәрестелерге барамыз. Бүгінгі күні аурулар жасарып кеткен. Инфаркт дегенді бұрын қартаң адамдар алатын болса, қазір 20 жастағы қызжігіттерде де кездеседі. Адам жанының құтқарушысы болғаныма қуанамын, – дейді ол.
Иә, ең бай адам – дені сау адам. Жедел жәрдем жедел жеткенімен, оны шақыратын кездер аз болсын. Шұғыл жағдайлар кезінде қызметтің үйлесімді және нәтижелі болуын қамтамасыз етіп, адамдардың өмірін құтқаруға маңызды үлес қосатын жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі елене бергей.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Эндометриозды емдеудің жолы қандай?
- 22 шілде, 2025
Ауруды асқындырмай, алдын алған маңызды
- 22 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді