«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үй іргесін жайқалған баққа айналдырған отбасы

Үй іргесін жайқалған баққа айналдырған отбасы
Автор
Ауылдың әр күні – еңбекпен өрілген өмір. Таң сәріден мал қамына кірісетін ауыл адамдары үшін төрт түліктің амандығы – басты байлық. Ал осы малдың жайын біліп, жанын ұғып, тіпті сырқаттанғанда жәрдемін де көрсететін маман иесі – мал дәрігері. Бұл жануар тілін білетін, табиғатпен үндес мамандық. Осындай жауапкершілікті арқалап жүрген жанның бірі – Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғыны Мұқан Алтынбеков.

Ол 1955 жылы Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Михайловка орта мектебін тәмамдаған соң, көп ойланбай болашақ мамандығын таңдаған. Себебі ол бала күнінен төрт түлікке, табиғатқа жақын болып өскен Красногор совхоз техникумына ветеринария мамандығына түсіп, 1975 жылы оқуын аяқтайды. Дәл сол жылы өмірлік жары Айымхан Үмбетовамен шаңырақ көтеріп, екеуі еңбек жолын да, өмір жолын да қатар бастаған.

Мұқан Алтынбеков алғашқы еңбек жолын Отардағы ветеринарлық станцияда бастап, 1979 жылы Үлкен Сұлутөрге қоныс аударады. Осы ауылға қызметін арнаған азамат 40 жыл бойы Красногор мал дәрігерлік бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарады. Бұл жылдар – сансыз шақырту, күн-түн демей орындалған міндет, жайлау мен қыстауда, қорақопсыда өткізілген еңбекке толы сәттер.

– Мал дәрігері болу дегеніңіз – бір күндік жұмыс емес, бұл – өмір салты. Ауру малдың көзіне қарапақ жағдайын аңғарасың. Жаздай жайлауда, қыстай қорада жүрген мал иелері бізге сеніп тапсырады. Сен сол сенімге сай болуға тиіссің. Біздің жұмыс – ел амандығына, халық нәсібіне тікелей әсер етеді, – дейді Мұқан Алтынбеков.

Мұқан Қасқатайұлы ауыл ішінде үлкен беделге ие. Тұрғындар оны тек білікті маман ғана емес, сабырлы, артық сөзі жоқ, істің адамы ретінде бағалайды. Жайылымда мал жоғалса да, туған бұзауға екпе керек болса да, мал ауырып қалса да – бәрі бір ғана есімді атайды. Мұндайда «Мұқан ағаға хабар бер!», – дейді олар.

Мұқан Алтынбеков ветеринария саласында басшылық еткен білікті ұйымдастырушы да. Ауылдағы ветеринарлық қызметтің үздіксіз жүруін қамтамасыз етуде. Ал жары Айымхан 1979 жылдан бастап ауылдық амбулаторияда медбике болып қызмет етеді. Жұбайлардың екеуі де денсаулық сақтау саласында – бірі малдың, бірі адамның қамын жасап, өмір бойы ауылға қалтқысыз қызмет етуде.

2018 жылы зейнетке шыққанымен, Мұқан Алтынбеков қол қусырып қарап отырмады. Үй іргесіндегі жерге 60 түп апорт сортты алма ағашын отырғызып, бүгінде жемісін теріп отыр. Қазір оның шағын бау-бақшасында алмадан бөлек өрік, шие мен алмұрт ағаштары да жайқалып тұр. Алтынбековтер әулеті – бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, бүгінде 9 немеренің қызығына бөленіп отыр. Олар – «Еңбектің наны тәтті», – деген нақылды өнегелі өмірімен дәлелдеп жүрген отбасы осындай-ақ болар.

 

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

журналист.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар