
Кезінде картоп өсіру бойынша толағай табыстарға қол жеткізген мұраптар Мүсірепбек Бектаев пен Антонина Манченко Социалистік Еңбек Ері атанса, Әбзелбек Татеков пен Жарас Артаев осы атақты алайын деп тұрған тұста кеңестер одағы тарап кетіп, марапатсыз қалған болатын. Міне, бүгінде солардың ізін басып, тәлімін алған Үсіпбек Бегалиевтың сушы болғанына да 40 жылдан асыпты.
Маусымдық жұмыс болғандықтан, бұл кәсіпке жастар жағы көп үйір бола бермейді. Әйтпесе кешегі одақ тұсында осы кәсіпті арнайы мамандық ретінде қарастырса, жалпы қойшыдан кейінгі жалақысы мен табысы жоғары мамандық осы – сушы болғанын үлкендер жағы жақсы біледі. Қазір ғой оның қадірінің төмендеп кеткені...
Осы кәсіпті он жылдан бері жанына серік етіп, әкесімен бірге жұмыс істеп жүрген жанның бірі – Түктібай ауылының тұрғыны Ербол Үсіпбекұлы. Ол бүгінгі таңда Злиха шаруа қожалығында еңбек етіп, картоп алқабын суаруда.
– Жас кезде оқымаппыз. Оқымасақ та, екі кәсіп түрін қатар алып жүрмін. Негізгі жұмысым дәнекерлеуші. Мынау маусымдық жұмысым. Бүгінде өзім оқи алмасам да балаларым оқысын деп, еңбектенудемін. Ала жаздай күн-түн демей алқап суарамыз. Алқаптан жақсы өнім алу үшін дақылдың суды қанып ішкені маңызды. Аптап ыстық кезінде түнде тұрып суарамыз. Өйтпесек, шілденің ыстығына шыдамаған дақыл сабақтары қурап кетуі мүмкін. Су бар жерде тіршілік бар. Қазір 16 гектар алқапты ылғалдандырудамыз, – дейді Ербол.
Кейіпкеріміз бұл маусымнан басқа уақытта темір есік, пеш пен жылу құбырын жүргізеді.
Тапсырыспен темір арба, қоршау мен басқа да заттар жасайды. Ал жаздың күні картоп алқабын суарады. Мұнда картоптың «Жуваль», «Латонна» мен «Аметис» сұрыптары бапталуда. Оған әкесі екеуі қарап жүр. Бұған дейін әкесі Үсіпбек Бегалиевке көмекші болып келген ол енді оның жауапкершілігін өз мойнына алған.
– 16 гектар алқапты бір адамның игеруі қиын. Біздің баптап отырғанымыз жоғары репродукциялы тұқым. Голландиядан былтыр 20 тонна тұқым әкелініп, 6 гектарға отырғызылған болатын. Одан жақсы өнім алынды. Биыл да Голландиядан біраз картоп жеткізіліп, алқаптарға отырғызылды. Сонымен, біз барлығы 16 гектар орналастырылған жаңа тұқымды баптау үстіндеміз. Табысы да жаман емес. Жұмысы ауыр демесең, сушы да бұрынғысынша табысты мамандық. Қазір осы алқаптарды әкемнің көмегімен игерудемін. Зейнетке шықса да, бір мезгіл менімен алқап басына келіп, ақылын айтып, маған жәрдемін тигізуде, – дейді Ербол Үсіпбекұлы.
Атап өтерлігі, Үсіпбек Бегалиев бұл салада қырық жылдан аса еңбек етіп, былтыр зейнетке шығыпты. Қазір ұлына көмекші болып жүр.
«Еңбек өтілімнің 20 жылында кеңшарда сушы болсам, кейінгі жиырма жылдан аса уақытта бауырларым құрған Злиха шаруа қожалығында еңбек етіп, сушылар звеносын басқардым. Осы кәсіпке ұлымды баулысам, маған бұл кәсіпті Социалистік Еңбек Ері Мүсірепбек Бектаев пен Әділбек Татеков үйретті. Еңбектің арқасында жаман болғаным жоқ. Ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырдым», – дейді ол.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Алып көпір құрылысының аяқ алысы қалай?
- 31 шілде, 2025
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Байзаққа бардық, не көрдік?
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді