«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бас жүлде – Бектасовтар әулетінде

Бас жүлде – Бектасовтар әулетінде
Автор
Ұлттық қасиетімізді ұлықтап, дәстүрлерімізді дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың қастерлі парызы. Ал мұндай ұлық құндылықтар ұрпақ бойына ана сүтімен, әке тәрбиесімен дариды. Сол себепті де қай қоғамда болсын, отбасы институын дамыту аса маңызды. Өйткені отбасы кез кезген мемлекеттің тірегі саналады. Осы мақсатта елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Ақтық мәреге дейін екі кезеңді қамтитын байқаудың өңірлік кезең аясында жеңімпаздары анықталды.

Жеңімпаздарды марапаттауға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, өңірдің әлеуметтік-мәдени өміріне белсенді атсалысып, қоғамдық құндылықтарды насихаттап жүрген шаңырақ иелеріне жылы лебізін арнап, алғысын жеткізді.

– Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Елге, туған жерге деген сүйіспеншілік пен адамгершілік, асыл қасиеттер отбасыдан бастау алып, қалыптасады. Отбасыдан алған өнегелі тәрбие – бақытты да үлгілі жанұя болашағының кепілі. Сондықтан биыл он бірінші рет өткізіліп отырған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының маңызы зор. Аталған байқау отбасы институтының маңызын арттырып, отбасы мен некенің жағымды үлгісін өнеге етуді көздейді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жанжақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады», – деп атап өткен болатын. Сіздердей құтты шаңырақ иелері – біздің аймағымыздың мақтанышы. Жарасымды сыйластық, бірегей шынайы отбасылық қарым-қатынастарыңыз қашанда баршаға үлгі-өнеге. Бүгінгі байқауға қатысып, дара шыққан отбасыларды – Әулиетата өңірінің ғана емес, қазақ елінің мақтанышы деп білемін, – деді өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы.

Облысымызда 2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» байқауында бүгінгі күнге дейін 2700-ден астам отбасы бақ сынаған. Ал биылғы жылы байқауға Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 222 отбасы қатысып, облыстық кезеңге 22 отбасы жолдама алған.

Нәтижесінде, түрлі салада жетістікке жетіп, ел ішінде құрметке бөленіп отырған берекелі әулеттер саны тағы да артып отыр. Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша үшінші орынды Меркі ауданынан қатысқан Шайхиевтер отбасы мен таластық Дауылбаевтар әулеті өзара бөлісті.

Жүлделі екінші орынды Мойынқұм ауданынан қатысқан Омаровтар отбасы мен Жуалы ауданынан Абдуалиевтар отбасы иеленді. Ал бірінші орын Байзақ ауданынан Әлімбетовтар отбасына бұйырса, талай жыл теміржол саласында еңбек еткен тараздық Бектасовтар әулеті бас жүлде иегері атанды.

Салтанатты іс-шарада Бектасовтар әулетінің отанасы, жиырма бес жыл осы салада табанды еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысына шыққан Ұлмекен Бектасова отбасы институтының маңыздылығына тоқталды.

– Отбасы қашанда ұлттың ұйытқысы саналады. Өз отбасында тыныштық пен татулықты өзара үйлестіріп, жетістікке жетпеген адам, өмірде де биік шыңдарды бағындыра алмасы анық. Жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұратын «Мерейлі отбасы» байқауында еліміздегі ең үлгілі саналатын отбасылардың тағылымға толы өмірлері насихатталып, түрлі марапатқа ие болуы дәстүрге айналды. Бұл – қоғам өміріне де елеулі үлес қосатын бастама екеніне сенімім мол, – деді Ұлмекен Бектасова.

Айта кету қажет, үш буынды теміржолшылар жанұясы саналатын Бектасовтар әулетінде бүгінде атадан балаға мұра болған кәсіпті әулеттің 5 ұл-қызы, 2 келіні мен 2 немересі абыроймен жалғастыруда.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар