«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шалғай ауданда шаруа шаш етектен...

Шалғай ауданда шаруа шаш етектен...
Ашық дереккөз
Биылғы жылдың алғашқы бес айында Мойынқұм ауданының экономикасында оң динамика сақталды. Өнеркәсіп өндірісі 59,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7 миллиардқа артқан. Атап айтқанда, 784 килограмм алтын, 145 килограмм күміс, 557,9 мың тонна цемент, 358,4 мың тонна әктас, 26,5 мың тонна барит рудасы мен концентраты, 17,5 мың шаршы метр қаптау плиталары, 33 тонна балық және 7,7 мың текше метр гранит өндірілді. Бұл туралы Мойынқұм ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндаған аудан әкімі Ермек Кәрентаев айтты.

Өнеркәсіп өндірісінде ілгерілеу бар

Ермек Амангелді ұлының мәліметінше, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі бес айда 2,2 миллиард теңгеге жетіп, нақты көрсеткіш 100,8 пайызды құраған. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,8 миллиард теңге болды.

«Бұл бойынша көрсеткіштердің 54,2 пайыз ғана орындалу себебі, «Меркі – Шу – Бурылбайтал» республикалық маңызы бар автомобиль жолы құрылысының 2022-2024 жылдары қарқынды жүруіне орай, инвестиция көрсеткіштері сол жылдары жоғары болды. Дегенмен алдағы уақытта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі орындалады деп күтіп отырмыз. Мәселен франциялық инвестор Total Energies Мирный ауылында құны 765 миллиард теңгеге есептелген жел электр энергиясын өндіру жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде 4 барлау электр қондырғысы орнатылып, жерлері заңдастырылды. Сонымен қатар 75 километрлік автомобиль жолын салуды да қолға алуда», – дейді аудан басшысы.

Бөлшек сауда айналымының көлемі бес айда 1,3 миллиард теңгеге жетіп, 82,8 пайыз орындалған. Дегенмен бұл көрсеткіш бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен 100 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 1836 шаршы метрді құрап, бұл бойынша міндеттеме артығымен орындалды. Бюджеттің атқарылуына келсек, 1 шілдеге дейін меншікті кірістер жоспардағы 1527,7 миллионның орнына 1920,5 миллион теңгеге орындалып, бюджетке 392,8 миллион теңге артығымен түсті.

Өткен жылы республикалық бюджеттің 230,1 миллион теңгесіне көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 12 пәтер сатып алынған болатын. Биыл да осындай 10 пәтер сатып алу үшін республикалық бюджеттен 137,3 миллион теңге бөлінсе, одан бөлек тағы да 10 пәтер сатып алуға қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауданының жалпы жер көлемі – 5 миллион гектар. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 755,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 6,7 мың гектар жер суармалы егістік, 25,8 мыңы – шабындық, 689,1 мыңы – жайылымдық, басқа жерлер – 33,8 мың гектар.

Аудан әкімінің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізінде 2019-2025 жылдары 8 ауылдық округ (Кеңес, Биназар, Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Қылышбай, Қарабөгет) тұрғындарына 2,5 пайызбен 2,4 миллиард теңге несие беріліп, жалпы 448 аула қамтылған.

Сондай-ақ биыл 8 азаматқа тауарлық несие беру жоспарланып отыр екен. Қазіргі кезде 4 азаматқа 116 бас қой, 40 бас мүйізді ірі қара беріліп, олармен келісімшарт жасалған. Ал қайтарымсыз гранттың жаңа ұлттық жобасына сәйкес, биыл 42 азаматқа 1572,8 мың теңге (400 айлық есептік көрсеткіш) қарастырылып, әзірге бірінші, екінші топтағы және көпбалалы отбасы санатындағы 12 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.

Өңірді газдандыру – өзекті

Газдандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Аудандағы 9 елді мекенді (Кеңес, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай ауылдары) газдандыру жобалары Шу ауданының Қонаев ауылының газ құбырына қосылу нүктесінен, Мойынқұм ауданының Қылышбай ауылына дейінгі 7 кезеңге бөлінген.

Жобаның болжамды сметалық құны 31,5 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 1-ші кезеңнің жоспарына сәйкес Шу ауданынан Айдарлы ауылына дейін (68,5 километр) магистральды газ құбырын тарту жұмыстары басталып, осы кезге дейін құбырдың 40 километрі тартылған. 2-4-ші кезеңдер бойынша Айдарлы, Бірлік, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман ауылдарына магистральды газ құбырларын тарту және Айдарлы, Бірлік, Биназар ауылдарына ауылішілік газ құбырын жүргізу 8 миллиард теңгеге жуық қаржыны қажет етеді. Осыған орай Энергетика министрлігіне тиісті бюджеттік өтінім ұсынылған. 5-6-7-ші кезеңдер бойынша Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай ауылдарына магистральды газ құбырын тартуға және Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Қылышбай, Мойынқұм ауылдарына ауылішілік газ құбырын жүргізуге 8,4 миллиард теңге қаржы қажет. Осыған орай облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім беріліп отыр.

Ауыз су мәселесі шешімін табуда

Ауыз су жобалары бойынша Ақсүйек, Хантау, Ақбақай, Қашқантеңіз және Бурылбайтал ауылдарында құрылыс қарқынды жүруде. Аудандағы 24 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда аудан аумағында сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 4 елді мекен қалып отыр. Оның ішінде Ақсүйек ауылын сумен жабдықтау және су тарату құрылысы нысанына 2022-2025 жылдарға 1461,3 миллион теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған.

Жоба бойынша құрылыс жұмыстары өндірістік кестеден кешігуде. Себебі нысанды электр желісіне қосу бойынша техникалық шарттың өзгеруіне байланысты, жобаға алып-қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі басты проблема – трансформатордың вакуумдық қосқышын орнату. Ол үшін алда аудандық бюджеттен қаражат қарастырылатын болады. Нысан биыл қазан айына дейін пайдалануға берілмек. Құрылысы 2023 жылы қазанда басталған, құны 533,5 миллион теңге тұратын Хантау ауылындағы сумен жабдықтау және су тарату жүйесіндегі жұмыстар 85 пайызға орындалған.

Аудан орталығынан шалғай жатқан тағы бір елді мекен – Ақбақайды сумен жабдықтауға Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, былтыр басталған құрылыс жұмысының 80 пайызы аяқталған. Ал Бурылбайтал ауылындағы құны 202,7 миллион теңгені құрайтын кешенді блокты модуль орнату жұмыстарының 35 пайызы атқарылды. Бұл аталған үш нысан да биыл қазан айына дейін пайдалануға берілмек. Қашқантеңіз ауылын сумен жабдықтау жүйелері жобасының құны – 640,9 миллион теңге. Қазір жұмыстарының 35 пайызы аяқталған бұл нысанның құрылысын желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда.

Ауданның 6 елді мекеніндегі ауыз су ғимараттарын және су құбырларын қайта жаңғыртуға жалпы құны 7157,2 миллион теңге болатын жоба әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаларды 2025-2026 жылдары іске асыру мақсатында облыстық энергетика басқарамасына және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бюджеттік өтінім беріліп, қаржылық мәселенің шешімі күтілуде.

Жол – тіршіліктің күретамыры

Биыл ауданда жол саласына облыстық бюджеттен 83 миллион, аудан бюджетінен 221,4 миллион теңге бөлінген. Осы қаржылар есебінен 8,1 километрді құрайтын 9 ауылішілік көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтатын болсақ, «Приоритет 50/50» бағдарламасымен жалпы ұзындығы 5,7 километрді құрайтын екі жобаға бюджеттен 172,5 миллион теңге қаралып, Қылышбай ауылының 3 көшесі мен Ақсүйек ауылының 3 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы ұзындығы 1,5 километрді құрайтын бір жобаға республикалық және аудандық бюджеттен 49,3 миллион теңге бөлініп, Биназар ауылының бір көшесінің автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 0,9 километрді құрайтын А.Назарбеков ауылындағы екі көшеге аудандық бюджеттен бөлінген 36,3 миллион теңгеге орташа жөндеу жүргізіліп, бүгінде жұмыстың 45 пайызы аяқталған.

2026 жылы аудандық маңызы бар автожолдарды және елді мекен көшелерін орта жөндеуге құны 6478 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба әзірленіп, құны 576,5 миллион теңге болатын 6 жобаға ведомстволық сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қалған 59 миллиард теңге жұмсалатын 9 жоба ведомстволық сараптамадан өтуде.

Сондай-ақ Мойынқұм ауылының іргесіндегі Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысының 90 пайызы бітсе, Қарабөгет ауылына кіре беріс аудандық мәндегі автомобиль жолындағы көпір жұмысы 30 пайызға аяқталған.

Ауылдарды көркейту – абыройлы іс

Ауданның сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында ауд а н орталығындағы Амангелді көшесінің кіре берісіндегі ауыл көркін бұзып тұрған қоршаулардың орнына заманауи еуроқоршау орнату, осы көшедегі көпқабатты 6 үйдің сыртқы келбетін әрлендіру, аумағын абаттандыру, балалар ойын алаңын орнату, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алу обелискісін қайта жаңғырту және Қияқты ауылындағы көпқабатты тұрғын үйдің шатырын ауыстыруға аудан бюджетінен 170 миллион теңге бөлініп, мұндағы бірқатар жұмыстар аяқталған. Мойынқұм ауылына кіре беріс қақпадан Амангелді көшесінің аяғына дейінгі автомобиль жолын кеңейтіп, оны екіге бөліп, абаттандыру бойынша үлкен жоба әзірленуде.

Сондай-ақ Бірлік ауылында орналасқан орталық саябақты абаттандыруға аудандық бюджеттен 83 миллион теңге бөлініп, жақында пайдалануға берілді. Сонымен қатар Биназар ауылындағы орталық саябақты 15,3 миллион теңгеге абаттандыру жұмыстары да басталып кеткен. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай аудандағы барлық ауылдық округтерде орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерін е ске алу обелискілерін қалпына келтіру үшін аудандық бюджеттен 68 миллион теңге бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды.

Сонымен қатар Мойынқұм ауылының Амангелді көшесі бойындағы аллеяны абаттандыруға және Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақты қайта жаңғыртуға 86,5 миллион теңгенің сметалық құжаттамасы әзірленіп, алдағы уақытта жұмыстар қолға алынбақ. Сондай-ақ облыстық бюджеттен Мыңарал, Ақсүйек, Мирный ауылдарындағы тозған электр желілерін толығымен ауыстыруға 449,3 миллион теңге қаржы бөлінгенін айта кеткен жөн. Алайда Мыңарал электр желісіне қосымша қаржы қажет екен.

Бүгінде Ақсүйек ауылындағы электр желілері мен бағаналарын ауыстыру жұмыстары 75 пайызға аяқталып, ал Мыңаралда дайындық жүргізілуде. Биыл елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында тоғандарға механикалық тазалау, ағын су шығару үшін байлау, бөгет жасау және оларды күшейту, гидроқондырғыларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Жалпы аудан ағын су жағынан Шу ауданының «Тасөткел» су қоймасына тікелей тәуелді. Бүгінгі күнде ауданға 12 текше метр су босатылуда. Биыл аудан бойынша 4,1 мың гектар суармалы егістік алқап игеріліп, өткен жылмен салыстырған 16 пайызға артып, 14100 тонна өнім алынады деп күтілуде. Аудан әкімдігінің мәліметінше, соңғы бес жылда жоспарланған барлық ветеринариялық іс-шаралар өз деңгейінде жүргізіліп келгенімен, ауданда бүгінде стандартқа сай келетін ветеринариялық пункт жоқ.

Биыл Биназар, Кеңес, Қызылотау және Жамбыл ауылдық округтерінде жаңа типтік үлгідегі ветеринариялық пункт құрылысын жүргізу жоспарланған. Әзірге Қызылотау округінде стандартқа сай келетін ветеринариялық пункт құрылысы басталып, ол 95 пайызға аяқталған.

Әлеуметтік даму саласында не өзгеріс?

Ауданда жалпы 45 білім мекемесі (24 мектеп, 15 балабақша, 5 мектептен тыс мекеме, 1 коррекциялық кабинет) бар. Былтыр Мыңарал мен Қарабөгет ауылдарындағы мектептер апаттық болып танылып, жабылған болатын. Аталған екі жобаға республикалық бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлініп, Мыңаралда 120 орындық, Қарабөгетте 80 орындық жаңа мектеп ғимараттары бой көтерді. Енді Күшаман ауылындағы орта мектептің де апатты деп танылуына байланысты қорытынды жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін облыстық білім басқармасына жолданған.

Бүгінде мойынқұмдықтарға 25 денсаулық сақтау нысаны (1 аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлікакушерлік тірек, 10 медициналық тірек, 1 жеке тіс клиникасы) қызмет көрсетеді. Сарыөзек ауылындағы медициналық тірек ғимараты мен инженерліккоммуникациялық инфрақұрылым құрылыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, нысан өткен жылы халық игілігіне пайдалануға берілген. Сондай-ақ аудандық орталық аурухананы жарақтандыру мақсатында 253,6 миллион теңгеге 10 заманауи медициналық жабдықтар мен 4 жедел жәрдем автокөлігі алынды.

«Осы заманауи жабдықтардың арқасында жаңа емдеу тәсілдері, зертханалық тексеру түрлері енгізіліп, аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек сапасының жақсаруына ықпал етіп отыр», – дейді аудандық аурухана қызметкерлері.

Ауданда 39 мәдени ошақ және 152 спорт нысаны бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 225,4 миллион теңге қаржы бөлініп, былтыр басталған Айдарлы ауылындағы 90 орындық клуб пен кітапхана құрылысы толығымен аяқталды.

Сонымен қатар аталған жоба негізінде сметалық құны 340,4 миллион теңге болатын осы ауылдағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы да толығымен аяқталып, аталған нысандар осы шілде айында ел игілігіне пайдалануға берілмек. Биыл тозығы жеткен футбол алаңшаларын қайта қалпына келтіруге және Мойынқұм, Қашқантеңіз ауылдық округтерінде жаңа футбол алаңшаларын соғу үшін аудандық бюджеттен 82,5 миллион теңге бөлініп, қазір жұмыстар жүріп жатыр.

Сондай-ақ Күшаман ауылында күрес пен боксқа арналған спорт залын салу үшін сметалық жобасы дайындалып, сараптама қорытындысы алынған. Жобаның құны 218,9 миллион теңгені құрайды.

– Ауданда әлеуметтік саланың жұмысына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Мәселен биыл жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеуге 111,8 миллион теңге, мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту және орнын толтырушы құралдармен қамтамасыз етуге 130,7 миллион теңге бөлінді. Бүгінде әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 242 адам бар. Сонымен қатар психоневрологиялық аурулары, тірекқимыл аппараты бұзылған 4 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 15 балаға мәдени бұқаралық іс-шаралар мен білім беру курстарын ұсыну жобасына 34,8 миллион теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңға қызметтер көрсетілуде. Кресло-арбамен қозғалатын мүгедектігі бар адамдарға, тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар балаларға инватакси қызметін көрсету үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, 14 елді мекенде тұратын аталған санаттағы 48 адамға инватакси қызметі көрсетілуде, – дейді аудан әкімі Е.Кәрентаев.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Мойынқұм ауданы

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар