
Агроөнеркәсіп кешенінің ең жауапты салаларының бірінде аянбай еңбек етіп жүрген ветеринар мамандарға құрмет көрсетіліп, өлшеусіз қызметтері үшін түрлі марапаттар берілді. Арнайы құттықтап келген облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек Премьер-Министр Олжас Бектеновтың құттықтау хатын оқып, облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевқа табыстады.
– Ветеринария қызметкерлері тек малды емдеп қана қоймай, бүкіл адамзаттың денсаулығын сақтауда еңбек етіп келеді. Елімізге сырттан келетін мал өнімдерінің сапасын бақылаумен халқымыздың денсаулығын қорғап жүр. Осындай адал еңбектеріңізге шынайы алғысымызды білдіреміз. ПремьерМинистр құттықтау хатында айтқандай, елімізде ветеринария саласын реформалау басталды, материалдық-техникалық базалар жаңғыртылып жатыр. Өңірдегі 160 ветеринариялық пункттің 75-і жарамсыз күйде. Біреуі үйде, енді бірі әкімшілік ғимаратында отыр. Тағы біразы жөндеуі жоқ ғимаратты паналауға мәжбүр. Осы мәселелерді шешу үшін биыл ветеринариялық пункттерді салу жұмыстары басталды. 75 пункттің қазір 44-і салынып жатыр. Алғашқысы былтыр жыл соңында Байзақ ауданында пайдалануға берілді. Қалған 30-ы келесі жылдың соңына дейін толық салынып, ел игілігіне берілетін болады. Ол пункттердің негізгі ерекшелігі – дәрі сақтайтын орыны, емдеу шараларын жүргізетін және мал тоғытатын алаңымен қамтылған, кешенді түрде ұйымдастырылуында. Жаңадан салынып жатқан 75-інің барлығы дәл осындай типтік үлгіде болады. Осыдан екі ай бұрын ветеринариялық қызметке 50 автокөлік табысталды. Жалпы қажеттілік 140 болса, соның 100 данасын биыл қамитамасыз ететін боламыз, қалған 40 автокөлік келесі жылы беріледі. Сонымен қатар 1100 арнайы киім алынды. Тағы 1100 жаздық арнайы киім алынып жатыр. Күзде 1100 қыстық киім беріледі. Өңірдегі 160 ветеринарлық пунктке 160 термочемодан сатып алынып, таратылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады, мал дәрігерлері соның озық үлгісі. Халықтың денсаулық қауіпсіздігі үшін қауіпті аурулармен де бетпе-бет келіп жүрген мал дәрігерлерінің еңбегіне сәттілік пен табыс, отбасыларына амандық пен бақыт тілеймін, – деген Әбілхайыр Ғалымұлы өз ісінде үздік қызмет көрсетіп жүрген азаматтарды марапаттады.
Бірқатар сала қызметкерлеріне ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және 3-дәрежелі «Еңбек данқы» төс белгілері тағылды. Кеудесіне құрметті төс белгісін таққандардың қатарында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, саланың жаңалықтарын жеткізіп жүрген облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Санат Насурлаевтың да барын атап айтқымыз келеді.
Тағы бір топ азаматтарға ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды. Облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Әділов те мерекелік құттықтауын жеткізіп, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен тоғыз ветеринар маманды марапаттады.
Аmаnаt партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов мереке иелеріне жүрекжарды лебізін арнап, партияның қоғамдық бірлестігі төрағасының Құрмет грамотасын және Алғыс хатын ерен еңбек еткендерге табыс етті. Сонымен қатар Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов мерекелік құттықтауын жеткізіп, бірқатар меркілік мал дәрігерлерін марапаттады.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұралған бимен тәнті етті. Ветеринария саласының қызметкерлері мерекеде спорттың әр түрінен өзара күш сынасып, шымыр да тапқыр әрекеттерімен топ жарғандар жүлделі сыйлықтарға ие болды. Ал мерекелік басқосудың қорытындысында мал емдеу ісіне қатысты викториналық сұрақтар қойылып, біліктіліктерімен де сайысқа түсіп, ұйымдастырушылар үздіктерді сый-сияпаттармен қуантты.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
120 орындық жатақхана пайдалануға берілді
- 14 тамыз, 2025
Көптің тілегі бойынша көшелер жөнделуде
- 2 тамыз, 2025
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді