
«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің негізгі операторларының бірі саналады. Акционерлік қоғам фермерлерге ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен және төлемдердің ыңғайлы кестесімен оңтайлы шарттар ұсынады. Компания шарттарының көп бөлігі жылдық бес-алты пайызбен рәсімделіп, мерзімі 10 жылға жетуі мүмкін. Сонымен қатар өнімнің табысына қарай мұнда фермер төлем жасау уақытын өзіне ыңғайлы уақытқа таңдай алады. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаевтың айтуынша, компанияның басты ерекшелігі де осында болса керек.
– Өзге де несиелерден айырмашылығы лизинг біздің саланың ерекшелігін ескереді. Бұл жай ғана қаржылық қолдау емес – бұл бизнесті бар нәрсеге қауіп төндірмей дамытудың нақты мүмкіндігі. 25 жыл ішінде Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешеніне шамамен 46,4 миллиард теңге инвестиция салынды. Қазіргі уақытта облыста несие алушылардың саны – 972. Олардың барлығы ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші. Сондай-ақ аталған уақыт аралығында «ҚазАгроҚаржы» облыс үшін 36,2 миллиард теңге сомасына 3164 техника сатып алуды қаржыландырды. Өткен жылдың өзінде біз ел көлемінде 228 миллиард теңгеге техника сатып алуға көмектестік. Бұл шамамен 10 мың бірлік техника. Биылғы жылы біз бұл көрсеткішті 250 миллиардқа жеткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз шаруаны қарызға батырмай, керісінше, оны қолдау. Біз фермердің тек техниканы төлеу үшін өмір сүрмей, өз шаруашылығын дамытып, ертеңгі күнге сенімді өмір сүруін қалаймыз, – деді Еркебұлан Жұмжаев.
Рәсімдеу процесін одан да қолжетімді ету үшін 2025 жылы «ҚазАгроҚаржы» өтінім берудің электрондық жүйесін енгізді. Енді фермерге құжаттардың негізгі пакетін жүктеу жеткілікті жүйе барлық басқа деректерді мемлекеттік базалармен интеграция арқылы дербес алады. Өтінімді қараудың орташа мерзімі 10 күннен аспайды. Мақұлданғаннан кейін тұтынушы шартқа қол қояды және аграршы техниканы 30- 45 күн ішінде алады. Лизингтік бағдарламаның шапағатын көрген щаруашылықтардың бірі – Байзақ ауданында орналасқан «Агрохолдинг ASPAN» ауыл шаруашылығы кооперативі.
Аталған шаруашылық бүгінде төрт мың гектарға жуық жерді өңдейді. Онда жүгері, бұршақ, қызылша және басқа да көпжылдық дақылдар өсіріледі. Кооператив басшысы Саха Манатовтың сөзінше, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы шаруаға техникадан бастап су үнемдеу технологияларын енгізуге дейін қолдау көрсеткен.
– Шағын фермерлік шаруашылықтан басталған еңбек жолым – «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен тікелей байланысты десем де болады. 2007 жылы алғаш кәсібімді бастаған кезде алғашқы үш тракторды лизингке алдым. Кейінірек олар жылыжайды қаржыландырды. Бұл қарыздар әлдеқашан жабылған. Ал өткен жылы біз барлық Агрохолдинг техникасын жаңарту үшін 100 миллион теңгеге лизинг рәсімдедік. Қазір 400 миллион теңгеге жаңа өтінім рәсімдеп, 10 трактор мен комбайн сатып алуды жоспарлап отырмыз. Агрохолдинг үшін лизинг бойынша төлем жылына бір рет – маусымнан кейін жүргізілетіні ерекше маңызды. Бұл шаруалар үшін қиын кездерде алаңдамай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ егер фермер әртүрлі жағдайлар бойынша қарызды уақытында төлей алмаса, «ҚазАгроҚаржы»-ға сұрақтар бойынша жүгіне алады. Оңтүстік аймақ фермерлерінің алдында тұрған үлкен қиындықтардың бірі – су тапшылығы. Жамбыл фермерлері Қырғызстаннан келетін ағынның азайғанын сезуде. Сол себепті «Aspan Агрохолдингі» автономды сумен жабдықтауға көшті. Қазір бізде 23 ұңғыма бар, су бүрку жүйесі арқылы беріледі. Бүгінгі таңда 850 гектар жерді суарып жатырмыз, алдағы жылдары аумақты төрт мың гектар аумақты толық қамтуды жоспарлап отырмыз – дейді Саха Манатов.
Айта кетейік, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаевтың сөзінше, биыл тек Жамбыл облысының өзіне 7 миллиард теңгеге техника беру жоспарлануда. Аталған қаржыға 900-ден астам фермер көмек алады. Бүгіннің өзінде несие алушылардың басым көпшілігі жылдық бес пайыздық мөлшерлемемен бағдарламаны таңдаған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
120 орындық жатақхана пайдалануға берілді
- 14 тамыз, 2025
Көптің тілегі бойынша көшелер жөнделуде
- 2 тамыз, 2025
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді