«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тәртіпке бағыну – мәжбүрлік емес

Тәртіпке бағыну – мәжбүрлік емес
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында негізгі бағыттардың бірі – елде заң мен тәртіптің салтанат құруы екенін еске салды. Президент бұл жұмыстың кешенді түрде жүргізілуі қажет екенін айтып, әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырудың ел болашағы үшін маңызды екенін ерекше атап өтті. Міне, осы тапсырма аясында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Жуалы ауданында болып, аудан тұрғындарымен кездесті.

Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткен келелі басқосуға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев, облыстық әділет департаментінің басшысы Нұрғали Аңдасов, «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев және аудан ардагерлері, қоғамдық кеңестің мүшелері, сала мамандары мен жастар қатысты.

Атап өтерлігі, бұл жиынның мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтауға деген ортақ жауапкершілікті арттыру. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, күн тәртібіне қойылған мәселелерге тоқталып, баяндама жасау үшін алғашқы сөзді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаевқа берді.

Оның айтуынша, 2025 жылдың алты айында облыс көлемінде 49149 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде, 1192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 425 адам қылмыстық әрекеттері үшін қамауға алынған.

Бұдан бөлек 1237 тыйым салынған зат тәркіленген.

– Атап өтерлігі, қылмыстардың басым көпшілігі жастар арасында орын алып отыр. Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 20 пайызға, ал көшедегі қылмыстар 18,6 пайызға төмендеген. Ал Жуалы ауданында қылмыс деңгейі – 16,4 пайызға, соның ішінде кәмелетке толмағандардың қылмыс деңгейі – 50, бұрын сотталғандармен болған заңбұзушылықтар – 50,3 пайызға төмендеп отыр, – деп атап өтті.

Сонымен қатар ол өз баяндамасында жастар арасындағы құқықтық мәдениетті арттыру, ішімдік пен есірткіге қарсы күрес, сондай-ақ интернет алаяқтықпен күресу сынды мәселелерге де баса назар аударды. Ол әрбір құқықбұзушылық дерегінің артында нақты адам тағдыры тұрғанын айтып, бұл мәселеге қоғам болып бей-жай қарамау керектігін алға тартты.

Кездесу барысында жастар ресурстық орталығының директоры Жеңісбек Сейтбеков орталықта 11 бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың өз құқығын білуі және қорғау жолдарын меңгеруі – өркениетті қоғамның негізі екенін жеткізді. Одан кейін бірнеше хабарлама жасалып, өзге де сала өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.

Жиын барысында түскен сұрақтарға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов заң аясында жауап беріп, «Тәртіпке бағыну – мәжбүрлік емес, саналы таңдау болуы тиіс» деп айтып, жиынды қорытындылады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар