«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таңдаулы 100 кітапты айқындауға атсалысыңыз

Таңдаулы 100 кітапты айқындауға атсалысыңыз
Автор
Бүгінде ел аумағында төл әдебиетіміздегі таңдаулы 100 кітапты іріктеп алуға арналған сауалнама жүргізіліп жатқаны белгілі. Аталған жоба Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен төртінші отырысында айтылып, биыл алғаш рет аталып өткен Ұлттық кітап күні аясында бастау алған болатын. 23 сәуірде басталған сауалнама 23 шілдеге дейін жалғасып, отандық авторлардың ең көп оқылатын және сүйікті 100 туындысының қорытынды тізімі 10 тамызда – Абай күні жарияланбақ. Сауалнамаға қатысқысы келген әр адам «eGov» порталы арқылы сүйікті кітаптарын ұсына алады.

Сауалнаманың басты мақсаты – еліміздің әдеби мұрасын сақтау және дамыту, Қазақстан жазушыларының шығармаларын дәріптеу, халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және баспа ісін дамыту.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин аталмыш жоба жайында Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында: «Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр Ұлттық құрылтайдың отырысында «Ұлттық кітап күнін» белгілеу идеясын қолдады.

Президент: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп айтқан еді.

Бүгін біз алғаш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өтіп отырмыз. Осынау айтулы күні төл әдебиетіміздегі 100 таңдаулы кітапты айқындауға арналған жалпыұлттық сауалнама басталды. Бұл тізім кітап оқуға деген қызығушылықты арттырады және әдебиетімізді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын», – деген болатын.

Сауалнамаға қатысушылар өздері үздік деп санайтын түрлі жанрдағы 10 кітаптың атауы мен авторын көрсетуі қажет. Жалпыхалықтық сауалнамаға қазірдің өзінде 16 мыңнан астам адам қатысқан. Мамандардың айтуынша, бұл сауалнама қазақстандықтардың қандай жанрларға көбірек қызығатынын анықтауға көмектесіп қана қоймай, баспагерлерге, кітапханаларға және кітап дүкендеріне белгілі бір бағыт береді.

Сонымен қатар «100 кітап» жобасы аясында қатысушыларға символикалық сыйлықтар қарастырылған. Жобаның серіктесі – «Меломан-MARWIN» дүкендер желісінің қолдауымен 5000- ші және 11000-ші дауыс берушілерге сыйлық карталары табысталған болатын. Бұл оқырмандар үшін жағымды тосынсый болып қана қоймай, азаматтарды сүйікті 100 кітапты таңдауға белсенді тартуға қосымша ынталандыру болды.

Айта кетейік, оқу мәдениетін ілгерілету ісіне бүгінде Amanat партиясы да белсенді атсалысуда. 2023 жылғы қыркүйектен бастап партия «КітапAMANAT» жобасын іске асырып келеді. Жоба аясында ел бойынша, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда 23 кітап орталығы ашылды. Бұл орталықтарда әдеби кештер, жазушылармен кездесулер, мәнерлеп оқу сайыстары өтеді. Сондай-ақ, жоба аясында Amanat партиясы мен Қазақстанның баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат аясында баспалар кітап орталықтарын қолжетімді бағамен қажетті әдебиеттермен қамтамасыз етуде. Бұл тек қазақстандық әдебиет туындылары ғана емес, сонымен бірге әлемдік бестселлерді де қамтиды.

 

Нұрболат АМАНБЕК.

Ұқсас жаңалықтар