Мемлекеттік қызметшілерге жасанды интеллект дағдылары үйретіледі
- author «Ақ жол»
- 12 шілде, 2025
- 313

Елімізде жасанды интеллектіні дамыту бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект дағдылары бойынша AI Qyzmet оқыту бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама арқылы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру үшін ЖИ құралдарын жұмыс үдерістеріне енгізу көзделген.
– AI Qyzmet – цифрлық мемлекеттік басқаруды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл бастаманы іске қосу арқылы біз мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жасанды интеллект туралы тек қана хабардар болуын емес, оны күнделікті жұмысында тиімді қолдана білуін мақсат етеміз. Бұл мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, шешім қабылдау үдерістерін жеделдетуге мүмкіндік береді. Қазақстан мемлекеттік басқаруға жасанды интеллект енгізуде өңірдегі алғашқы елдердің біріне айналып жатыр, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Оқыту аясында мемлекеттік қызметкерлердің жұмысында жасанды интеллектіні саналы түрде қолдану дағдысын қалыптастыру, әкімшілік үдерістерді автоматтандыру мен деректерді талдау арқылы оңтайландыру, сондайақ еліміздегі жергілікті AI шешімдерін енгізу арқылы жұмыс өнімділігін арттыру және шешім қабылдау сапасын жақсарту жоспарлануда. Курс мемлекеттік қызметкердің күнделікті қызметіндегі ЖИ-ді қолдану, жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентациялар жасау, шешім қабылдау, тапсырмаларды автоматтандыру және көпшілік алдында сөз сөйлеу сынды дағдыларды меңгертуге бағытталады.
Бұл курста заманауи тілдік модельдермен жұмыс істеудің әмбебап қағидалары ұсынылады, олар жасанды интеллектінің әртүрлі жүйелеріне оңай бейімделуге көмектеседі. ChatGPTмен тиімді жұмыс істеуді меңгеру Claude (Anthropic), Gemini (Google), Perplexity, Mistral, Cohere және басқа да платформаларды сенімді қолдануға жол ашады. Оқыту офлайн-форматта Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының базасында өтеді.
Mastercard және KPMG Кавказ және Орталық Азия компаниялары курсты ұйымдастыруға қолдау көрсетіп отыр. Оқыту аяқталғаннан кейін мемлекеттік қызметшілерге бірегей нөмірі бар сертификаттар табысталады. Бағдарлама аясында жыл сайын шамамен 30 мың мемлекеттік қызметкерді қамту жоспарланған. Курстың жазбасы еліміздегі барлық мемлекеттік қызметкерлері үшін Astana Hub платформасында кез келген уақытта қолжетімді болады.
Нұрболат АМАНБЕК.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді