
Туризмге теңге салып жатқандар жетерлік
Туризм саласына инвестиция тарту бағытында биыл Меркі ауданында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып отыр. Бұл жөнінде толығырақ аудан әкімі Ербол Жиенқұлов мәлімдеді.
– Қазіргі таңда туризм инфрақұрылымын дамыту мен жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандарын салу бойынша жалпы құны бірнеше миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы Алматы – Ташкент республикалық автомагистралі бойында сервистік нысанның құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 150 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Алматы– Ташкент республикалық автомагистралі бойында екі жерде («Royal Petrol») жанар-жағармай құю бекеттерінің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда да 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Жоба биыл толық іске асады. Сол автомагистраль бойында қонақ үй кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 700 миллион теңге. Құрылыс аяқталғаннан кейін 31 бөлмелі қонақ үй және 40 орындық қоғамдық тамақтану орны пайдалануға беріледі. Жоба биыл аяқталады. Жеке кәсіпкер «Рублевка» тарапынан аталған автомагистраль бойында құны 500 миллион теңге болатын жол сервистік нысан салынып жатыр. Құрылысы аяқталған соң 10 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Аталған жобалар аудандағы туристік инфрақұрылымды дамытуға, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға және аудан экономикасын жандандыруға елеулі үлес қосары сөзсіз, – дейді аудан әкімі Ербол Жұмабекұлы.
Техниканың жаңару көрсеткіші 15 пайызға жетті
Бұл ауданда биылғы алты айда 4762,2 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 119,5 пайызға артқан. Оның ішінде, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 63,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем 85,6 пайызды құрапты. Өңдеу өнеркәсібінде 4069 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, бұл салада нақты көлем 115 пайызға жетіп, тұрақты өсім байқалады. Электр энергиясымен жабдықтау бойынша 498,2 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем 173,2 пайыз болған. Мұны ең жоғары өсім көрсеткен сала деп атап айтты аудан басшысы. Сумен жабдықтау және су бұру саласында 131,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем 121,2 пайызды құраған.
– Ауыл шаруашылығы саласында 3779,4 миллион теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем көрсеткіші 102,3 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылдың осы кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3796,4 миллион теңгені құраған болатын. Биыл ауданда ауыл шаруашылығы саласында бірқатар ілгерілеуге қол жеткізілді. Атап айтқанда, жалпы 89160 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4133 гектарға артты. Негізгі егістік құрылымына тоқталсақ, күздік бидай 29137 гектарды, жаздық арпа 24988 гектарды, жоңышқа 24250,7 гектарды, мақсары 1583,4 гектарды, жүгері 480,3 гектарды, көкөніс 721,3 гектарды, бақша өнімдері 171,7 гектарды, қант қызылшасы 3523 гектарды, картоп 172,9 гектарды құрады. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында да оң нәтижелер бар. 2023 жылы 1225,7 миллион теңгеге 158 техника сатып алынып, жаңару көрсеткіші 13,5 пайызды құраса, былтыр 176 техника 1345,3 миллион теңгеге сатып алынып, жаңару деңгейі 15 пайызға жетті. Биыл 50 дана техника сатып алу жоспарланған, қазіргі таңда оның 23-і алынып, жоспардың 46 пайызы орындалды.
Тұқым жаңалаған сайын өнім мол болады
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 2024 жылға арналған жоспарында 1690 гектарға су үнемдеу технологиясын енгізу көзделген болатын, алайда нақты орындалғаны 705 гектар болып, жоспар 41,7 пайыз ғана орындалған. Ал биыл 1733 гектарға заманауи су үнемдеу әдістерін енгізу жоспарланып, толығымен орындалды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасын арттыру бағытында облыс бойынша элиталы тұқым шаруашылығы Сұрат ауылдық округінде орналасқан. Бұл бағыттағы жұмыстармен «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Өткен жылы серіктестік тұқым өндіру мақсатында 271 гектар жерге жаздық арпаның «Арна» сортын және 786 гектарға күздік бидайдың «Стекловидный-24» сортын еккен. Жаздық арпа алқабының құрылымына келсек, Р-2 – 11 гектар, супер элита – 165 гектар, элита – 95 гектар. Күздік бидай бойынша Р-2 – 10 гектар, супер элита 150 гектар, элита – 626 гектар.
Аталған алқаптардан жоғары сапалы тұқым өнімі алынды.Атап айтқанда, жаздық арпаның «Арна» сортынан 30 тонна супер элиталы, 250 тонна элиталы және 150 тонна бірінші репродукциялы тұқым өндірілді. Ал күздік бидайдың «Стекловидный-24» сортынан 30 тонна супер элиталы, 300 тонна элиталы және 900 тонна бірінші репродукциялы тұқым алынды.
Биыл тұқым шаруашылығы бағыты бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тапты. Осы жылы жаздық арпаның «Арна» сорты 246 гектар жерге егілді. Оның ішінде Р-2 10 гектарды, супер элита 165 гектарды, элита 71 гектарды құрады.
Сонымен қатар күздік бидайдың «Стекловидный-24» сорты 643 гектар алқапқа отырғызылды. Бұл алқаптың құрылымы Р-2 – 10 гектар, супер элита – 150 гектар, элита – 453 гектар болды, – дейді аудан басшысы.
163 тонна қой еті экспортталды
Аграрлы аймақта мал шаруашылығында да тұрақты өсім байқалады. Жыл басынан бері ірі қара мал 40671 басқа, ұсақ мал 265263 басқа, жылқы 18573 басқа жетсе, үй құстары 40898-ге жеткен. Оның ішінде асыл тұқымды мүйізді ірі қара 6747 басқа жетіп, жалпы мүйізді ірі қара үлесінің 16,6 пайызын құраған. Асыл тұқымды ұсақ мал саны 39957 басқа жетіп, жалпы ұсақ малдың 15,2 пайызын, асыл тұқымды жылқы саны 256 бас болып, жалпы жылқының 1,3 пайызын құраған.
Мал өнімдері бойынша жыл басынан бері 2033,2 тонна ет өндіріліпті. Сүт өндірісі 5204,4 тоннаны құрап, 101,5 пайызды құраған. Бүгінгі күнде ауданнан шетелге ет экспорты да жүзеге асырылуда. «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаңтар-мамыр айларында Иран, Кувейт, Катар және Біріккен Араб Әмірліктеріне 163 тонна қой етін экспорттаған. Ал сүт өнімдерін өңдеу бойынша ауданда 1 ірі кәсіпорын және 16 шағын ірімшік цехы жұмыс істейді.
«Меркі ірімшік зауыты» бүгінге дейін 1215,9 тонна сүт қабылдап, терең өңдеуден өткізсе, шағын цехтар 1500 тонна сүтті өңдеген.
18 жоба қолға алынды
Жыл басынан бері ауданда бөлшек сауда айналымының көлемі 5695,4 миллион теңгені көрсеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,1 пайызды құрап, сауда саласында тұрақты өсім бар екенін аңғартты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жыл басынан бүгінге дейін 6 миллиард 994,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 120,9 пайызды көрсеткен. Мұнда да ілгерілеушілік байқалады, себебі өткен жылдың осы мерзімінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 5697 миллион теңге болыпты.
– Инвестиция көлемінің құрылымына тоқталсақ, биыл бюджеттік қаражат есебінен 745,4 миллион теңге инвестиция салынса, жеке және қарыз қаражаты есебінен 6 миллиард 249,2 миллион теңге инвестиция тартылды. Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 6394,2 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 208,2 пайызды көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсімді білдіреді. Атап айтқанда, 2024 жылдың осы кезеңінде құрылыс жұмыстарының көлемі 3031,5 миллион теңге болған еді. Сонымен қатар 2025 жылдың алғашқы төрт айында жалпы аумағы 14300 шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта әлеуметтік осал топтарға арналған 108 пәтерді беру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 60 пәтердің құрылысын аяқтау жоспарлануда, – деген аудан әкімі Ербол Жиенқұлов келер күнге жоспарлаған жұмыстармен де таныстырды.
Аудан әкімінің мәлімдеуінше, Меркіде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында инвестиция тартып, жаңа іс бастаумен жұмыс көзін ашуға басымдық берілген.
– Мемлекет басшысының басты тапсырмаларының бірі – бұл инвестиция тарту. Осы бағытта да бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Мәселен еліміздің негізгі тіршілік көзі ауыл шаруашылығы екені көпке мәлім, Меркі ауданында жалпы құны 29,9 миллиард теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған жобалардың нәтижесінде 165 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жобалар мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, тамшылатып суару, өнім сақтау қоймаларын салу және қайта өңдеу бағыттарын қамтиды. Мал шаруашылығына қатысты ірі жобалардың қатарында «Қайсар» шаруа қожалығының сүт тауарлы фермасы бар. Жоба құны 2,5 миллиард теңге, іске асыру мерзімі – 2025 жылдың соңғы тоқсаны. Сондай-ақ «Нұр Б» және «Талко» шаруа қожалықтары тарапынан бордақылау алаңдары іске қосылады. «Мерагро ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі бағытта 5000 басқа арналған мал репродукторы мен бордақылау алаңын қатар қолға алады. Бұл жобалардың әрқайсысының құны 4 миллиард теңгені құрайды. Құс шаруашылығында да ірі жоба көзделіп отыр. «TAU Decor» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс өнімдерін өндіру кешені 15,3 миллиард теңгеге бағаланып, жылына 9,5 мың тонна өнім өндіруге бағытталған. Бұл кешен 350 адамды жұмыспен қамтиды. Жобаның толық іске асырылу мерзімі – 2025-2026 жылдар аралығы. Өсімдік шаруашылығы бойынша «Балабек» шаруа қожалығы алма бағы жобасын, ал «Мәулен» шаруа қожалығы суару жүйесі жобасын жүзеге асырады. Сонымен қатар бірнеше шаруа қожалықтары, атап айтқанда, «Райымбек-Е», «Сыпатай батыр», «СПК Даму Сұрат», «Талапкер» шаруа қожалықтары тамшылатып суару технологияларын енгізеді. Бұл жобалар өнімділікті арттыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу бағытында да бірқатар маңызды жобалар жоспарланған. Мәселен «СПК Даму Сұрат» және «Береке Дәст» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қуаттылығы мың тонна болатын заманауи көкөніс пен жеміс сақтау қоймаларын салуды көздеп отыр. Сондай-ақ, «СПК Даму Сұрат» серіктестігі құрғақ жоңышқаны дайындау және тазалау цехын да іске қосады. Су тапшылығы мен климаттық өзгерістерге байланысты су ресурстарын үнемді пайдалану да басты назарда. Осы мақсатта «Нұр-Р» шаруа қожалығы қуаты 86 гектарды құрайтын ұңғыма қазу жобасын жүзеге асырады. Жалпы жоғарыда аталған жобалар ауданның аграрлық әлеуетін арттырып ғана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнім сапасын жақсарту және ауыл экономикасын көтеру бағытында маңызды рөл атқарады. Жоспарланған барлық жобалар сәтті жүзеге асса, ауыл шаруашылығы саласы жаңа сапалық деңгейге көтеріледі деп күтілуде, – деді аймақ басшысы.
Несие алуға ниет білдіргендер көп
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының бесінші бағыты бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп отырғанын да айта кеткен жөн. Жалпы көлемі 1,6 миллиард теңгені құрайтын 189 жоба бойынша несие алуға ниет білдірілген. Меркі ауданынан 840,7 миллион теңгеге бағаланған 104 жобаның толық құжаттарын тапсырып, қазіргі таңда қаржыландыруды күтуде. Айта кету керек, биылға аудан бойынша 72 жоба өткізу межесі бекітілген.
Бүгінге дейін 409,4 миллион теңгеге бағаланған 51 жоба қаржыландырылып, іске асырылуда. Қаржыландырылған жобалар қатарында демалыс кешені, кондитерлік цех, саңырауқұлақ өсіру, техникалық қызмет көрсету орталығы, робототехника кабинеті және басқа да бағыттар қамтылған. Меркі ауданының басты ерекшеліктерінің бірі – туризм. Осы саланы дамыту мақсатында, туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Меркі тау шатқалында орналасқан «Меркі радон» шипажайының ауыз су жүйесін жаңарту мақсатында «Бизнесті қолдау жол картасы» бағдарламасы аясында 63,2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл қаражат облыстық бюджет есебінен қарастырылған. – Биыл аудан көлемінде әлеуметтікэкономикалық дамудың түрлі салаларын қамтитын 57 жоба жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа жалпы 4 миллиард 529 миллион теңге бөлінді.
Аталған қаражат аясында бірқатар ірі жобалар жүзеге асады. Білім саласында 439 миллион теңгеге Гранитогорск ауылындағы мектеп-интернатқа жапсарлас 75 орындық асхана құрылысы басталады. Денсаулық сақтау саласы бойынша екі маңызды жобаға 88,6 миллион теңге бөлініп, аудандық ауруханаға қабылдау бөлімшесін қайта жаңғырту және КТ аппаратын орнату көзделіп отыр. Мәдениет нысандары да назардан тыс қалмайды. Т.Рысқұлов, Қостоған және Беларық ауылдық клубтарын ағымдағы жөндеуге 22,1 миллион теңге бөлінді.
Көпір салуды көптен бері сұрап жүр еді
Ауыз су мәселесі – аудан үшін басты басымдықтардың бірі. Биыл елді мекендердегі ауыз су инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы құны 1 миллиард 70,7 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, Жамбыл ауылында ауыз су жүйесін қайта жаңартуға 333,3 миллион теңге бөлінсе, Ақтоған ауылында ауыз су жүйесінің жаңа құрылысын жүргізуге 348,8 миллион теңге қарастырылды. Ақарал ауылында ауыз су құбырын жаңарту жұмыстарына 95,9 миллион теңге, Кеңес ауылында ауыз су жүйесі құрылысын салуға 230,6 миллион теңге, ал Чалдовар ауылында ауыз су жүйесін ағымдағы жөндеуден өткізуге 62 миллион теңге бөлінді.
Аудан тұрғындарының көп жылдан бергі сұранысының бірі – Ойтал ауылының, Меркі бекетіндегі темір жолға жаяу жүргіншілер үшін көпір еді. Бұл мәселе биыл шешімін табады деп күтілуде. Көпір құрылысына 496,7 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Ғимарат сатып алу және жөндеу бойынша 4 жобаға 743,7 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде аудандық полиция ғимараты, Кеңес ауылдық округі әкімшілігі, көпқабатты тұрғын үй және мұрағат ғимараты бар. Әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үй сатып алуға 411,7 миллион теңге бөлініп отыр, – деді аудан әкімі.
Жөндеуден өткен 35 көшенің сапасы көңіл көншітпейді
Тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне әсер ететін факторлардың бірі –жол сапасы. Биыл ауданда 22 көшені жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен республикалық бюджеттен 435,4 миллион теңгеге 14,4 шақырымды құрайтын 18 көше, жергілікті бюджеттен 203,6 миллион теңгеге 8 шақырымды құрайтын 4 көше жөнделмекші. Сонымен қатар Меркі ауданында 2023-2024 жылдар аралығында орташа жөндеуден өткен 127 көшеге ағымдағы жылдың 1 сәуір мен 25 мамыр аралығында зерделеу және тексеру жұмыстары толығымен жүргізілген.
Нәтижесінде 35 көше жолынан ақаулықтар анықталып, оның 22-сінің ақау актісі әзірленіп, тиісті салалық басқармаға және облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне ақпараттар жолданған. Ал қалған 13 жолға тиісті хат жолданып, мердігер тарапынан жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аудандағы жолға қатысты басты мәселе, орталық Ә.Исмаилов көшесінің жөндеуі болып тұр. Осы орайда, автомобиль жолындағы көлік кептелісін жою, сапалы жолмен қамту және адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көше жолына жобалаусметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған.
Жобалау сметалық құжатаманың жалпы құны 4 миллиард 299 миллион теңге, ал жолдың ұзындығы 7,7 шақырым болса, ені 14 метр. Аталған жобаға биыл қаражат қарастыруға бюджеттік өтінім салалық басқармаға және министірлікке ұсынылған.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
120 орындық жатақхана пайдалануға берілді
- Бүгін, 10:47
Көптің тілегі бойынша көшелер жөнделуде
- 2 тамыз, 2025
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді