«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұрғындары аз ауылдарға да ауыз су тартылады

Тұрғындары аз ауылдарға да ауыз су тартылады
Автор
Президент тапсырмасына сәйкес, өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында биылғы жылы халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамту көзделген. Мәселен Т.Рысқұлов ауданында осы мақсатта 3,1 миллиард теңгеге 5 жоба іске асырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов айтты.

Ернар Серікәліұлының айтуынша, бүгінде Құлан ауылы «Арай» алабында, Р.Сабденов пен Сөгеті, Шөңгер мен Мамай ауылдарында су шығару ғимараты мен су құбыры желілерінің құрылыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек ауданда халық саны 200-ге жетпейтін жеті елді мекенде де ауыз су мәселесі жолға қойылған. Аталған ауылдардың екеуіне көгілдір отын тарту мәселесі де қолға алынған.

– Ауданымызда 15 ауылдық округ, 42 елді мекен бар. Мұнда 70 мыңға жуық халық тұрады. Аталған елді мекендердің жетеуі экономикалық тұрғыда тиімсіз деп танылған. Яғни бұл ауылдарда халық саны 200-ге жетпейді. Ал тұрғындардың аудан орталығында немесе басқа ауылдарда тұрақты мекенжайлары бар. Аталған елді мекендер тек шаруашылық бағытында сақталған. Дегенмен соған қарамастан біз соңғы екі жыл көлемінде бұл ауылдарға ауыз су жеткізіп беріп, су мәселесін шештік. Сол секілді тағы бір өзекті мәселе – газдандыру мәселесі. Халық санымен есептегенде ауданда газдандыру деңгейі 97 пайызды құрайды. Тек аталған жеті ауылда көгілдір отын жоқ. Олардың бесеуінде үй саны 10-12 көлемінде болса, тек Қорағаты станциясы мен Сұмқайтыда тұрғын үй саны 35-тен асады. Сол себепті аталған елді мекендерді газдандыру мақсатында республикалық бюджеттен қаржыландыруға өтінім беріп қойдық, – деді Ернар Есіркепов.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысымен облыста 285 елді мекен табиғи газбен қамтылып, халық санымен газдандыру деңгейі 91,3 пайызды құраған болатын. Бұдан бөлек өткен жылы 12,6 миллиард теңге бюджет қаражаты есебінен облыстың газбен қамтылмаған жалғыз Мойынқұм ауданының елді мекендерін газдандыру жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Осы арқылы биылғы жылы газбен қамту деңгейін 91,5 пайызға жеткізу жоспарлануда.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар