«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Облыстағы 357 елді мекеннің тең жартысында интернет сапасы нашар

Облыстағы 357 елді мекеннің тең жартысында интернет сапасы нашар
Автор
Бүгінде еліміз бойынша 1049 ауылда тұрақты интернет байланысы жоқ. Қалған ауылдардағы интернет тек 2G немесе әлсіз 3G форматында ғана жұмыс істейді. Бұл заманауи талаптарға мүлде сай келмейді. Әсіресе, шекара маңындағы, таулы және жазықты аймақтарда орналасқан елді мекендер мен туристік аймақтарда жағдай өте қиын.

Қазақстан халқының шамамен 38,8 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Бұл дегеніміз 7 миллионнан астам азамат. Еліміздегі 6256 ауылдың 4858-і интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілген, оның ішінде мобильді технологиялар бойынша 3G-мен 2813 ауыл, ал 4G-мен 2045 ауыл қамтылған. Бірақ жасыратыны жоқ, ауылдық жерлерде қолжетімді интернет пен байланыс қызметтерінің сапасы қалалық жерлермен салыстырғанда әлдеқайда төмен болып отыр.

Жамбыл облысындағы 357 елді мекеннің 189-ы, яғни 52,9 пайызы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілген. Қалған 168 елді мекенде, яғни 47,1 пайызында интернет желісі төмен деген сөз. Жамбыл ауданының өзінде 19 елді мекен талшықты оптикалық интернет желісімен қамтылмаған. Яғни облыс орталығына жақын жатқан аудандағы жағдай осылай болғаннан кейін, шалғайдағы ауылдар туралы бірдеңе деп айту қиын.

Дегенмен де 2025-2027 жылдары 170 елді мекендегі 455 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылатын болады. Осы ретте «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы инвестициялық келісімі аясында бұл жұмысты биылғы жылдың 1 тамызынан бастап, жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ал «Мобайл-Телеком-Сервис» серіктестігі (Tele2) Тараз қаласында 5G желісін енгізуді жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда облыс орталығында 32 базалық станция іске қосылды. Иә, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы еліміз бойынша 2025- 2027 жылдар аралығында инвест жоба арқылы 239 миллиард теңгеге 3039 ауылдық елді мекенге және 5650 мемлекеттік мекемеге жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді жоспарлап отыр.

Алайда соңғы 3 жылда операторлардың байланыс саласына жұмсайтын инвестицияларының төмендеуі байқалады. Сенат депутаты Сәкен Арубаев 2020 жылы бұл салаға 136 миллиард теңге тартылса, 2022 жылы бұл көрсеткіш бар болғаны 76 миллиард теңгені құрағанын айтады. Оған шалғай ауылдарда халық санының аздығы себеп болып отыр. Осылайша қазіргі уақытта интернет пен байланыс қатар дамыған заманда интернет пен байланыстың сапасы төмен болуы бірқатар салаға кері әсерін тигізуде.

Бұл бірініден, білім саласында. Ауылдық мектептерде интернеттің әлсіздігі немесе мүлде болмауы оқушылардың цифрлық білім беру платформаларына қол жеткізуіне тосқауыл болып отыр. Электронды күнделік, тестілеу, олимпиадалар, онлайн курстар, мұның бәрі интернетсіз мүмкін емес.

Екіншіден, ауылдық медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ақпараттық жүйелерге қосылмаған. Емхана дәрігері науқастың диагнозы мен емделу тарихын көре алмайды, дәрілік препараттар тізімімен дер кезінде таныса алмайды. Сонымен қатар телемедицина, яғни қашықтан медициналық кеңес алу мүмкіндігі тек интернет бар жерлерде іске асады. Ал бұл ауыл тұрғынына екінші деңгейлі немесе мамандандырылған көмекке қол жеткізуіне мүмкіндік беретін негізгі тетік, алайда ауыл тұрғыны үшін бұл қолжетімсіз.

Үшіншіден, EGov платформасы, e-Salyq, Kaspi, Halyk сияқты цифрлық сервистер бүгінде барлық азамат үшін өмір сүрудің қажетті құралдарына айналды. Бірақ интернеті жоқ ауыл тұрғындары әлі күнге дейін анықтама алу, субсидия рәсімдеу, баланы балабақшаға тіркеу, зейнетақы төлемін бақылау сияқты қызметтер үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Бұл уақытты жоғалту, қосымша шығын, жүйелі ыңғайсыздық тудырады.

Төртіншіден, агроөнеркәсіп кешенінде цифрлық технологиялар қолданылмайынша, еңбек өнімділігі мен сапа артпайды. GPS арқылы егін егу, дронмен тыңайтқыш себу, малдың жайкүйін онлайн бақылау, ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді пайдалану – барлығы интернетке тәуелді. Мемлекет субсидия бөліп, бағдарламалар ұсынып отыр, бірақ ауылдың интернеті жоқ болған соң Рас, мемлекет бұл бағытта бірнеше стратегиялық қадамдар жасады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, «250+» жобасы секілді бірқатар шаралар іске асырылған болатын. 2022 жылы цифрлық даму министрлігі 1200-ден астам ауылға талшықтыоптикалық байланыс тартты. 2024 жылы тағы 200 ауыл қамтылды.

Алайда бұл жеткіліксіз. Кейбір жобалар тек орталық ауылдарға жетіп, шеткері, шекара маңындағы елді мекендерді айналып өтуде. Байланыс операторлары экономикалық тиімділігі төмен ауылдарға барудан бас тартады. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес екеніне тоқталып, оның ең алдымен экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтқан болатын. Бұл орайда ауылдық елді мекендерді сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету – өңірлік теңгерім мен аумақтық дамудың маңызды шарты.

Біз ауылды тек жолмен, су құбырларымен, мектеппен немесе амбулаториямен қамтамасыз етуді жеткілікті деп есептемеуіміз керек. Ауыл – еліміздің жүрегі, болашағы. Ол цифрлық әлемнен тыс қалмауы тиіс. Ауылдағы әрбір бала, әрбір отбасы, әрбір маман заманауи технологияның игілігін пайдалануға құқылы. Бұл біздің міндетіміз әрі жауапкершілігіміз. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде қарастыруымыз қажет, – дейді бұл жөнінде Сенат депутаты Сәкен Арубаев.

Шынында ауылдық интернетті дамыту тек экономика емес, елдің біртұтас ақпараттық кеңістігін сақтау, ішкі көші-қонның алдын алу, шекара маңындағы аумақтарды дамыту және демографияны тұрақтандыру тұрғысынан да аса маңызды. Ендеше, ауылдық жерлерге интернет жеткізу ісін жеделдету керек.фермер бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды.

 

Оралхан ДӘУІТ

 

Ұқсас жаңалықтар