«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұқымды жиі ауыстырса, өнім молаяды

Тұқымды жиі ауыстырса, өнім молаяды
Ашық дереккөз
Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін құрылымдарда қажетті сорттарды жаңартып отыру тәжірибесі бар. Өйткені, ондай сорттардың сапасы да жоғары, өнімі де мол болатыны белгілі. Осы тұқым сорттарын тексеріп, ауыл шаруашылығы құрылымдарына ұсынатын мекеме – Үлкен Сұлутөр ауылында орналасқан Қордай астық мемлекеттік сорт сынау бөлімшесі.

Бұл бөлімшенің тарихы 1940 жылдан басталады. Содан бері өздеріне тиесілі 400 гектар алқапта ауыл шаруашылығына қажетті талай дақыл түрі себіліп, жерсіндіріліп, жаңа жоғары сұрыпты тұқымдар өндіріске енгізілуде. Бұл мемлекеттік мекемені 2000 жылдан бері Қажығали Толысбаев басқарып келеді.

Оның айтуынша, қазір мұнда күздік жұмсақ бидайдың 37, қатты бидайдың 4, тритикале бидайдың 4, жаздық бидаймен 4, жаздық арпаның 4 сорты, жалпы 50-ден астам дақыл түрі сынақтан өтуде. Екі жыл сынақтан кейін сапалы, жоғары өнімді, суыққа, құрғақшылыққа төзімді сорттар анықталып, аудандастыруға ұсынылады.

– Осы сорттардың ішінен егістік жерге, ауа райына, түрлі аурулар мен зиянды жәндіктерге төзімділігін, сондай-ақ сорттардың өнімділігі мен шаруашылықтарға келтіретін басқа да пайдалы қасиеттерін зерттейміз. Егер жарамсыз сорттар болса, оларды басқа сорттармен ауыстырамыз, – дейді бөлімше басшысы Қажығали Толысбаев. Бұдан бөлек сынақ жүргізу барысында ауыл шаруашылығы дақылының өңіріміздің ауа райы, жер жағдайы, жергілікті зиянкестерге төзе білуі бақылауға алынады. Бидай мен оның өңделген өнімдері басқа дәнді дақылдардың ішінде ерекше орын алатын астық деседі. Сондай-ақ дән ұлпасы мен ақ уызды ақ нан пісіруде, макарон өндірісі де ерекше маңызға ие. Сондықтан мұндай сынақ көпті қызықтырады. Сортты өндіру үшін оларды жерсіндіру маңызды. «Сорт сынаушылардың негізгі міндеті – ғылыми-зерттеу орталықтарынан шыққан ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау учаскелерінде жан-жақты сынақтан өткізу», – дейді Қажығали Қарақойшыұлы.

Оның сөзінше, сынақ нәтижесінде сорттар талапқа сай деп танылса, онда олар Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне енгізіледі екен. Бүгінде осы Үлкен Сұлутөр ауылының диқандары алдағы егін орағына дайындықты қызу бастап кеткен. Олардың барлығы да Қордай астық мемлекеттік сорт сынау бөлімшесімен тығыз байланыс орнатқан. Солардың дайындап берген жоғары сұрыпты дақылдарын алып, алқапқа сеуіп, жылда жақсы өнімге қол жеткізуде. Соның бірі – «Жандос» шаруа қожалығы. Бұл шаруа қожалығы 1997 жылы құрылған екен. Оған Шарипа Толысбаева жетекшілік етеді.

«Біз табиғатпен үйлесімде жұмыс істейміз және егіншіліктің артықшылықтарын пайдаланып, шаруашылықты өркендетудің барлық жолдарын іздейміз», – деді ол.

Ал шаруашылыққа тиесілі егістік көлемі 100 гектарды құрайды. Оның 30 гектарына эспарцет орналастырылған. Бұл өсімдік тек топырақты құнарлы етумен қатар, өзін-өзі қамтамасыз етудің тамаша тәсілі. Эспарцет, шын мәнінде, жергілікті климат пен жағдайларға таңдау жасап, табиғи жолмен қоректенуге ықпал етеді.

Жалпы мұнда 25 гектарға күздік бидай себілген. Бұл – ауыл тұрғындары үшін мал азығы мен азық-түліктің негізгі көзі. Күздік бидай, ауылдық өмірдің негізі боп есептеледі, ал оған жұмсалатын еңбек – бұл көрінбейтін, бірақ аса маңызды күш. Егіс алқабындағы жұмыс қалай жүргізіліп жатқанына куә болғанда, қажетті құрал-жабдықтармен, заманауи технологиямен жұмыс істейтін диқандарға риза болдық. Сондай-ақ 25 гектар алқапқа арпа себілген екен, ал арпа – ауылдағы мал шаруашылығы үшін маңызды азық.

Диқандардың еңбекқорлығының арқасында арпа жаздың ыстығынан бұрын көктемгі жаңбырлармен толықса, мол өнім берері анық. Қожалықтың жұмысын бақылап, ауыл тұрғындарының әрбір дән мен дақылдың маңыздылығын қалай бағалайтынын түсіндік. Шарипа апай да, алқап басында жұмыс істеп жүрген жұмысшылар да сергек, әрі өз істеріне жауапкершілікпен қарауда.

Аталмыш қожалық бір ғана егіншілікпен ғана айналыспай бау-бақша мен мал шаруашылығын қатар алып жүрген жайы бар.

 

Әділет ҚҰТТЫБАЙ,

журналист.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар