«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерғали – нағыз чемпион

Ерғали – нағыз чемпион
Автор
Қара сөздің қадірін біліп, қалам құдіретіне бас иетін жамбылдық журналистер үшін Мұса Рахманбердиев пен Баттал Жаңабайұлының есім-сойы таңсық емес. Аталған қос азамат өз заманында-ақ көркем ойдың тұнығынан қанаттанып, уақыт өте журналистика саласындағы дара тұлғаға айнала білді. Өкінішке қарай, өмірі өнегеге толы Мұса ағамыз бар-жоғы 47 жыл ғана өмір сүрсе, бірнеше буынға ұстаз болған Баттал Жаңабайұлы 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Нақ осы азамат жүз жылдан астам тарихы бар Aq jol газетін ширек ғасырға жуық басқарғанын айта кеткен жөн. Ендеше, ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпаққа таусылмас тағылым, өшпес өнеге болатын қос қаламгердің есімдері ескерусіз қалмауы тиіс.

Дәл осы мақсатта БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында белгілі журналист Мұса Рахманбердиев атындағы дәстүрлі бильярд турнирі өтті. Биыл 18-рет ұйымдастырылған шараға аймақ айнасы – Жамбыл телеарнасы ұйытқы болса, Тараз қаласы әкімдігі қаржылай қолдау көрсеткен. Облыс орталығындағы «Империя» бильярд клубында өткен бәсекеге аға буын өкілдерімен қатар «сен тұр, мен атайын» дейтін жас журналистер де қатысты. Отыздан аса адам өзара кім мықтыны анықтаған турнир қызықты әрі тартысты өтті.

– Жазу-сызудан шаршаған сәтте бір уақыт әріптестермен бірге бильярд ойнағанды жаным жақсы көреді. Үстел үстіндегі шарды ұрып, мықты қарсыласыңа мүмкіндік бермеу – шығармашылық адамы ретінде көңіліңді көкке көтеріп, ғажап бір толқынысты сезімге бөлейді. Осы күнге дейін өз қатарластарыммен арагідік тастаяқ ойнағаным болмаса, аға буын әріптестеріммен сайысқа түскен емеспін. Әйтеуір, әзірге аяқ-алысым жаман емес секілді. Бір қарсыласымнан айламды асыра білдім. Осы ретте аға буын өкілдері де батасын беріп, алғысын жаудырып жатқанын тілге тиек ете кеткен жөн. Журналистік қым-қуыт қарбалас тірлікте бір сәт осылай сергіп тұрғанға не жетсін?! – дейді Jambylinfo ақпараттық агенттігінің тілшісі Мағжан Орынбасар.

Айта кетейік, бұл жарыс еркін пирамида ережесі бойынша өтіп, ойын екі жеңіліске дейін жалғасты. Ал қарсыластар сол жерде жеребе арқылы анықталды. Ойыншылар өз кийлерімен де ойнауға мүмкіндік алды. Десе де, ұйымдастырушылар тарапынан стандартты кийлер де берілді. Сонымен, достық сипаттағы бұл жарыстың қорытындысы бойынша ардагерлер арасында бас жүлде Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалыққа бұйырса, екінші және үшінші орындарды Асқарбек Сейілхан мен Көсемәлі Сәттібайұлы өзара бөлісті. Ал жастар арасында республикалық Astana TV телеарнасының өңірдегі меншікті телшісі Берік Жакулаев топ жарса, Талас ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Серік Тәжібаев екінші, облыстық Jambyl TV телеарнасының бейнеқұрастырушысы Марат Таубаев үшінші орынға жайғасты.

Жамбылдық журналистер дәл осы сайыстан екі күн өткен соң қайта кездесті. Нақтылай түссек, қалам ұстаған ағайын Баттал Жаңабайұлы атындағы турнирде тағы да бақ сынасты. Көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Баттал ақсақалдың есімін ұлықтау, оның кәсіби мұрасын кейінгі буынға үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған сайыстың нәтижесінде, ардегерлер арасында Көсемәлі Сәттібайұлы, Құрманғазы Демешов пен Баймаханбет Ахметтің бағы жанды. Ал жастар арасында қарсыластарын қоғадай жапырған «Шу өңірі Шуская долина» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған кезекті рет өзінің үздік екенін дәлелдеді. Бұл сында жүлделі екінші және үшінші орындарды Jambylnews ақпараттық агенттігінің тілшісі Самат Сатылғанов пен әріптесіміз Нұржан Туғанбай иемденді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйақылар табыс етілді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар