
Басқарбек Әлтайұлы туған ауылынан аппақ арманмен аттанып, шығармашылық жұмыстарға ерте араласқан азамат. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Әуелі Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінде еңбек етсе, кейінірек Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет атқарған. Оның өзекті тақырыпты қозғаған өткір мақалалары әрқашан оқырманға ой салды. Тіпті, Басқарбектің мақалалары мен сараптамаларын іздеп жүріп оқитын кісілер аз болмады.
Басқарбек Битанов өзінің туған ауданына аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімі берілуіне ерекше үлес қосқан азамат екен. Оның осы бағытта республикалық «Халық кеңесі» газетіне жазған мақаласы жоғары жақтың да назарына ілігіп, көпшіліктен де қолдау тапқан. Аудан орталығының атауы Құлан болып өзгеруіне де Басқарбек Әлтайұлының қосқан үлесі үлкен. «Құнсыз адам» очеркі үшін Қазақстан Журналистер Одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері атанған. Бар болғаны 36 жыл ғана ғұмыр кешкен аяулы азамат артында өзінің жарқын іздерін қалдырып кетті.
Қоғамға қосқан үлесі үлкен азаматтың есімін ардақтауды құландықтар ұмытып кеткен жоқ. Аудан орталығында Басқарбек Битанов атында көше бар. Аудандық мәдениет үйінің жанындағы халық театры да осы азаматтың есімімен аталады. Жақында Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылындағы Басқарбек Битановтың балалық шағы өткен қара шаңыраққа «Бұл үйде белгілі журналист, сатирик Басқарбек Битанов тұрған» деген ескерткіш тақта орнатылды.
Осыған орай өткен жиынды Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдос Базарқұлов ашып, ғұмыры қысқа болған қайраткердің өмір жолына, жасап кеткен жасампаз істеріне орнатылған ескерткіш тақта қайраткердің рухына жасалған тағзым екеніне тоқталды. Ескерткіш тақта Т.Рысқұлов ауданына белгілі азаматтардың қатысуымен ашылды. Мұнан соң белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Доғдырхан Тұрлыбек сөз алды.
– Басқарбек Битанов жастығына қарамай, таудай тірлік атқарып кеткен азамат. «Суретіне қарап таң атты» атты кітабы жарық көрді. Оның республикалық газеттерде жазылған әрбір сын мақаласы, сатирасы елеусіз қалған емес. Көпшіліктің қолдауына ие болды. Т.Рысқұловтың есімі аудан атау болып берілуіне, Құлан ауылының тарихи есімі қайтарылуына Битановтың қосқан үлесі зор. Сонау сексенінші жылдары Алматыда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бойынша Шона Смаханұлы бастаған бірнеше азамат табанды еңбек етті. Қайсарлық көрсетті. Соның арқасында Алматы қаласынан 25 қазақ мектебі ашылды. Міне, осы патриоттық жұмыс барысында Шона Смаханұлының қасында бірге жүрген азамат Басқарбек Әлтайұлы болатын. Журналистігінен бөлек, Басқарбек Әлтайұлы керемет домбырашы болды. Басқарбектің домбыра тарту шеберлігіне әйгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтің өзі таң қалған. Оған біз куәміз. Біз университетті бірге оқыдық, бірге жүрдік. Бар болғаны 36 жылдың ішінде мұндай белеске көтерілу үлкен іс. Аяулы азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Жаны жаннатта болғай, – деді ол.
Мұнан соң қайраткердің туған ағасы Бейсенбек Алтаев, ауданға сыйлы ақсақал Дүйсебай Ақүрпеков, аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Нұрлан Бықыбаев және кезінде кеңшар басқарған сыйлы ақсақалдар сөйлеп, Битановтың биік тұлғасына тоқталды. Соңынан Көкдөнен ауылдық мешітінің асханасында қоғам қайраткері Басқарбек Битановтың рухына арналып құран бағышталды.
Есет ДОСАЛЫ
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді