«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұмысшы болған жаман ба?

Жұмысшы болған жаман ба?
Автор
Жұмыстың жаманы жоқ. Бірақ неге екенін, оқушы ұл-қыздарымыз үштік баға алып қалса, сабағын оқымаса, «ертеңгі күні тәшкі айдайсың, көше сыпырасың, еден жуасың, ақыры сабақ оқымайсың» деп кейіп жатамыз. Сонда біздің ұғымымызда жұмысшы болған жаман ба? Жастардың санасына қарапайым жұмысшы болудың еш өрескелдігі жоқ екенін сіңірудің орнына, үлкендер біз не бүлдіріп жүрміз?

Биылғы жылды Президентіміз жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Елдің бәрі креслода отырып бастық, министр, депутат, шенеунік болса, жұмысты кім істемек? Жұмыс деген ең әуелі баршамызға қажет. Еңкейіп жерден бір нәрсені көтерсең де – жұмыс. Декреттік демалыста отырған ананың әр күні күйбең тіршілік. Ол жұмыс емей немене? Біздің клавиатурада сартылдатып жазу жазғанымыздың өзі жұмыс.

Тек қана көше сыпырып, еден жуғанды ғана жұмысқа санамау керек. Әрбіріміздің еңбегіміз адал. Яғни мұның бәрі – адал еңбек. Біздің колледж жұмысшы мамандықтарын оқытады. Түрлі мамандықтар бар. Жақында такси жүргізушісі Айнұр Нұридиновамен таныстым. Әйел адамның көлік жүргізуі ешкімге таңсық болмаса да, отбасын асырап отырған басты жұмысы осы болғандығы мені қызықтырды.

– Мен өзім жұмыс жоқ деген сөзге сенбеймін. Қол-аяғы балғадай ер-азаматтар кейде шалқасынан түсіп, жұмыс жоқ деп жатады. Құдайға шүкір, елімізде жұмыс көп. «Яндекс такси» деген халыққа өте керемет мүмкіндік ұсынуда. Өз көлігің болса да, болмаса да сол компаниядан көлікті жалға алып, таксилетуге болады. Осы көлікпен ұйытқып жүргеніме 16 жыл болыпты. Оның 9 жылы трассада өтті. Бішкекке, Астанаға, Алматыға адам тасыдым. Жұбайым бар, үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Балалар өскен соң қалааралық таксилетуді қойдым. Бес жыл болды, осы яндекс такси арқылы күнелтіп жүрмін. Жоқ дегенде күніне он мың теңге тауып қайтамын. Осы такси қызметінің арқасында үйлі болдық. Тараздың бір шетінен жер үй сатып алдық. Жұрттар мені сөгуі мүмкін. Күйеуі жоқ па? Неге таксилетіп жүр деп. Ақша тапқанның несі айып? Күйеуім «Құлагер» деген жеке компанияда ағаш жонатын аппарат шығарады. Айлығы – 150 мың. Отбасымызға бұл ақша жетпейді. Сол себепті күйеуіме қолқабыс болайын деп жұмыс істеймін. Бұл шешіміміе ешуақытта өкінген емеспін. Отбасымды сақтап, балаларымның керек-жарағын алып отырмын. Еңбегімді адал атқарамын, – дейді Айнұр Хамитқызы.

Айнұрдың көлікті мәнерлеп жүргізуі ұнады. Ауытқымай, шайқамай, лезде жеткізді. Үйге жеткенше әңгімелесіп, сұрағымды қойып алдым. Жүзі күлімсіреген жан жұмысына дән риза.

Жұмысшы – сұранысы жоғары мамандық. Сондықтан да еліміздегі өз жұмысына адал жандарды ардақтайық, халыққа көрсетіп, дәріптеп жүрейік. Әрбіріміздің жұмысымыз маңызды! Істеп отырған жұмысымызды өзімізге ыңғайлап, жақсырақ етіп алсақ, кез келген еңбек – қадірлі. Қоғамға қажет жұмысшы мамандықтарының беделі арта берсін!

 

Әсел НҰРЛЫБАЕВА,

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы

 

Ұқсас жаңалықтар