
ЖҮЙЕ НЕСІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?
Биыл 13 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық төлеушінің кабинеті іске қосылды. Бұл платформа – салық төлеушілерге арналған жаңартылған цифрлық жүйенің бір бөлігі. Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі аясында жасалған кабинет арқылы енді барлық салықтық құжатты бір жерден алуға болады. Салық төлеушілер мен мемлекеттік кірістер органдары арасындағы байланыстарды жеңілдетуге, үдерісті ашық әрі қолжетімді етуге жол ашылды. Жаңа кабинетті пайдалану өте оңай. Барлық жаңа құжат тек осы платформада қолжетімді, ал бұрынғы Салық төлеушінің кабинетінен тек ескі хабарламаларды көруге болады. Жүйеге тіркелу үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Жүйені дұрыс пайдалану үшін Мемлекеттік кірістер комитеті бірқатар нұсқаулық дайындады. Аталмыш мемлекеттік органның YouTube арнасында бейнесабақтар жарияланған, ал платформа ішінде «Қолдау», «Көмек» және «Анықтамалық ақпарат» бөлімдері жұмыс істейді. Бұл ресурстар жаңа жүйені тез меңгеруге жәрдемдеседі.
ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ ЖИНАҚТАЛҒАН
Ең жақсысы, жүйеден салық заңнамасын бұзған жағдайда, оны түзету қажеттігі туралы хабарламалар аласыз. Бұл құжаттар салықтық міндеттемелерді уақытылы орындауға көмектеседі. Мұнда басқа да салық есептілігін уақытында тапсырмау туралы ескертулер, салықтық берешек пен кедендік төлемдер бойынша қарыз туралы хабарламалар, шоттар мен мүлікке шектеу қою немесе оны жою туралы шешімдер және әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналары бойынша берешек туралы ескертулер секілді қосымша цифрлық құжаттар топтастырылған. Жаңа кабинеттің басты артықшылығы – уақытты үнемдейді. Себебі барлық хабарлама мен құжаттар бір жүйеде жинақталған. Ал салықтық міндеттемелерді орындау үшін мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ.
14 ЖҮЙЕНІҢ 9-Ы ЖОЙЫЛДЫ
Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдарының барлық IT жүйелеріне тәуелсіз аудит жүргізіліп, жаңа ақпараттық архитектура құрылған. Бұрын қолданылып келген 14 жүйенің ішінен тек 5 заманауи жүйе қалдырылып, олардың функционалдары уақыт талабына сай жаңартылды. Мәселен, Электронды шот-фактуралар жүйесі (ЭШФ) тауар айналымын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе арқылы кәсіпкерлер тауарларын электронды түрде рәсімдеп, қоймадағы қалдықтарды автоматты түрде есептей алады. Бұл заңсыз сауда операцияларын азайтып, бизнес жүргізуді жеңілдетеді. Ал Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) бизнеске қатысты тәуекелдерді ерте анықтап, қажет болған жағдайда тексеру үшін нысаналы іріктеуді жүзеге асырады.
Бұл заң бұзушылықтардың алдын алып, тексерулерді ашық әрі әділ жүргізуге жағдай жасайды. Осы қатардағы Интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесі (ИСӘК) – бұрынғы бірнеше жүйенің орнына жасалған жаңа кешен. Бұл жүйе 13 миллион пайдаланушыға қызмет көрсете алады, құжаттарды өңдеу уақытын қысқартып, бір мезетте 250 мың адамға дейін қолжетімді болуға мүмкіндік береді. Оның аясында салық төлеушінің жаңа кабинеті де бар. Сонымен қатар «Smart Data Finance (SDF) жүйесі салық төлеушілердің цифрлық профилін құрып, көлік және жылжымайтын мүлік салықтарын автоматты түрде есептейді Сондай-ақ салық декларацияларын алдын ала толтырып, адам қателіктерін жояды. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов бұл бағыттағы реформалар кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, салықтық және кедендік процедуралардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
– Бұл оңтайландыру салық және кеден әкімшілендіруін едәуір жеңілдетеді және салық базасын кеңейтеді. Басты мақсатымыз – әкімшілік жүктемені, мемлекеттік кірістер органдары мен кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты барынша азайту. Бұл бәрінің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелін жояды. Салық және кеден үдерістерін цифрландыру мақсатында енгізілген жаңа жүйелер кәсіпкер жұмысын жеңілдетуге, үдеріс ашықтығын арттыруға және көлеңкелі экономиканы азайтуға көмектеседі, – деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов.
Комитет төрағасының сөзінше, жаңа Салық кодексіне қатысты Президент тапсырмалары аясында салық және кеден әкімшілендіруінің бизнес-үдерістерін цифрландыру алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Нұрболат АМАНБЕК.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді