«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеке куәлікті қалай онлайн рәсімдеуге болады?

Жеке куәлікті қалай онлайн рәсімдеуге болады?
Автор
Бүгінде жаңа жеке куәлікті толықтай онлайн рәсімдеуге болады. Жақында еGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында құжатты қашықтан қайта рәсімдеуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Бастаманы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп жүзеге асырды.

Өтінім беру Digital ID жүйесі арқылы жүзеге асырылады

Қызметке тапсырыс беру үшін eGov.kz электрондық үкімет порталында авторизациядан өтіп, қажетті қызметті таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту, мәліметтерді толтыру, қол қою әдісінің бірі арқылы өтінімді растау және мемлекеттік баж салығын банк қосымшасы арқылы төлеу қажет. Мобильді қосымша арқылы өтінім беру үшін қосымшада авторизациядан өту, тиісті қызметті таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту, қажетті деректерді толтыру, құжатты алу орнын көрсету, мемлекеттік баж салығын төлеу және өтінімді Face/Touch ID арқылы растау қажет. Өтінімді беру рәсімі заманауи деректерді қорғау әдістері мен қосымша сәйкестендіру факторлары қарастырылған Digital ID жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ең әуелі жүйе өтінім берушінің ЖСН мен телефон нөмірін мобильді азаматтар базасы арқылы тексереді. Содан кейін тіркелген телефон нөміріне бір реттік құпия код жіберіледі. Бұдан әрі пайдаланушы қосымша қорғау шарасы ретінде биометриялық сәйкестендіруден өтуі қажет. Мұндай тәсіл жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тұлғалардың қызметке қол жеткізу мүмкіндігін толығымен болдырмайды. Бұл қызметті тек жеке куәлік иесі ғана ала алады. Айта кетейік, басқа адамның атынан, тіпті сенімхат немесе қамқоршылық негізінде де өтінім беру мүмкін емес.

Құжатты ауыстыру қандай жағдайларда жүргізіледі?

Жеке куәлікті онлайн түрде тек оның қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда ғана ауыстыруға болады. Аталған процесті құжат мерзімі аяқталғанға дейін 30 күн бұрын немесе мерзімі өткеннен кейін 10 күн ішінде жүзеге асыруға болады. Жаңа жеке куәлікті өтініш беруші алдын ала көрсеткен тіркеу пунктінен ала алады. Құжатты дайындаудың стандартты мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды. Қызметтің стандартты түрі үшін мемлекеттік баж 0,2 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Жедел рәсімдеу қажет болған жағдайда үдетілген қызмет түрлері қолжетімді. Қызметтер үш жұмыс күнінде 1771 теңге, бір жұмыс күнінде 3372 теңге реттілігінде жүргізіледі.

Деректер қаншалықты сенімді қорғалған?

Барлық биометриялық деректер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының қорғалған контурында шифрланған түрде сақталады. Digital ID ақпараттық жүйесі салаға жауапты министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің талаптарына сәйкестігі жөніндегі актіге ие. Кейбір жағдайларда пайдаланушылар биометриялық сәйкестендіруден өте алмауы мүмкін. Бұл бет әлпетінің ерекшеліктеріне, операциядан кейінгі өзгерістерге, тыртықтардың болуына, жас ерекшеліктеріне немесе мимикаға байланысты болуы ықтимал. Мұндай жағдайлар қызмет көрсетуден бас тарту болып саналмайды, бұл қауіпсіздік шарасы ретінде қарастырылған. Онлайн сәйкестендіруден өту мүмкін болмаған жағдайда жүйе автоматты түрде балама нұсқа – Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы рәсімдеуді ұсынады. Бұл ретте өтініш беруші өзіне ыңғайлы кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар