«Жаз – 2025»: «Нұршуақ» лагеріндегі балалықтың бақытты шағы
- author «Ақ жол»
- 28 маусым, 2025
- 268

Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының «Нұршуақ» жазғы сауықтыру лагерінің жұмыс жоспарына сәйкес 12 маусым күні Айшабибі ауылында «Жаз – 2025» жобалық шарасы өтті. Балғындар, тәрбиешілер және жоба жетекшілері Айшабибі ауылындағы Момынов Нұрдаулет Нәбиұлы басқаратын «Ералы» шаруа қожалығының ат фермасына арнайы барды. «Ералы» шаруа қожалығында өткен танымдық сапар барысында алдымен атбегілер балаларды аттармен таныстырып, әрбір жылқының ерекшелігі жайлы айтты. Оқушылар аттарға өз қолдарымен шөп беріп, жылқы малына жанашырлықпен қарауды үйренді.
Бұл сәт балалардың табиғатпен және жануарлармен байланысын нығайтқан ерекше әсерлі тәжірибе болды. Келесі кезеңде қызметкерлер «Қой көтеру» ұлттық ойынын көрсетіп, балаларды ат фермасының тыныс тіршілігімен таныстырды. Шынайы еңбек пен қарапайым тіршілікке құрметпен қарауды осындай іс шаралар арқылы үйренген оқушылардың жүзінен ризашылық пен қызығушылықтың табы анық байқалды.
Сонымен қатар балалар ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, денсаулықты нығайтатын және ой сананы дамытатын 6 түрлі жобаға бөлінді. Кішкентай табиғат жанашырлары «Green Тime» жобасында үй жануарларының макеттерін құрастырса, «Болашаққа бағдар» жобасында балалар ұлттық тағам – құрт жасаудың сырларымен танысты. Ал «Ойын Land» жобасы арқылы «Асық ату», «Бестас» ойындары қайта жаңғырып, балаларды сергектікке баулыды. Күш пен жылдамдықты қажет ететін «Жазғы спорттық мүмкіндіктер» жобасында арқан тарту сайысы өтті.
«Ауылдағы тамаша күн» жобасы балаларды ауыл тіршілігімен таныстырды. Ал «Ұлы Дала кереметі» жобасы қазақтың қасиетті жылқысына арналды. Балалар аттың әбзелдерімен танысып, ұлттық болмысты тереңінен түсінуге мүмкіндік алды. Іс-шара барысында оқушылар өзара топтасып, белсенді жұмыс істеп, бір-біріне көмектесті.
Бұл жоба олар үшін жаңа тәжірибе ғана емес, достық пен ұйымшылдықтың нағыз мектебі болды. «Жаз – 2025» – ата баба мұрасын бағалай білетін, рухани сергек ұрпақты қалыптастыруға бағытталған, тәрбиелік мәні зор бастама. Мұндай жобалар жазғы демалысты пайдалы әрі есте қаларлықтай етуге мүмкіндік береді. Шара соңында балалар өз әсерлерімен бөлісіп, «Ауыл өмірі – нағыз еңбек пен табиғаттың мектебі екен» деген ой түйді.
Осындай тәрбиелік мәні терең шаралар өскелең ұрпақтың елге, еңбекке, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіреді.
Айгүл ПРАЛИЕВА,
Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының «Бауыржантану» үйірмесінің жетекшісі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді