«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Арманым - немерелеріме жақсы тәрбие беру

Арманым - немерелеріме жақсы тәрбие беру
Автор
Байзақ ауданындағы К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінде он бес жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан Нұрғали Тұржанов ұжымда сыйлы. Мектептің штаттық бірлік кестесіндегі «жұмысшы» лауазымында еңбек етіп жүрген оның қолынан келмейтіні жоқ. Жылу және таза ауыз су жүйелерінен бастап істен шыққан музыкалық аспаптарға дейін жөндей береді.

– Президентіміз жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында еңбек адамына деген құрмет артып отыр. Өз басым қайда жұмыс істесем де, басшылық тарапынан қағажу көрген емеспін. Қайта еңбегімді бағалап, марапаттап отыратын. Бұған дейін Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясында он бес жыл жұмыс істедім. Енді, міне, осынша жыл К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінде жұмыс істеп келемін. Еңбегім ескерусіз қалған емес. Білім ошағының марапаттарынан бөлек, аудандық білім бөлімінің және аудан әкімінің «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хаттарын» да алдым. Ұжым және кәсіподақ тарапынан да алған марапаттарым да бар, – дейді Нұрғали Сержанұлы.

Ол көршілес Өзбекстан Республикасы Беруни қаласындағы жеңіл өнеркәсіп және сервистік техникумын бітіріп, еңбек жолын технолог болып бастаған. Ата жұртқа 1993 жылы көшіп келгеннен бері Сарыкемер ауылындағы білім ошақтарында еңбек етіп келеді. «Жұмысым өзіме ұнайды. Мұнда өзімнің шеберханам бар. Онда сынған парталар мен орындықтарды қалпына келтіремін. Музыкалық білімім болмаса да, түрлі аспаптарды жөндей беремін. Ол қанға сіңген қасиет қой», – дейді ол.

Нұрғалидың жұбайы Рахима балабақшада тәрбиеші. Екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Барлығы да осы музыка мектебінің түлектері екен. Ұлы Нұрсұлтан Тараз қаласындағы Ұлттық ұланда әскери оркестрде жұмыс істейді.

– «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында биыл Түркістан қаласына барып, саяхаттап қайттым. Ел тарихымен тереңірек танысып, рухани байып қайттым десем де болады. Ұжымдағы бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан көрсетіліп жатқан игі стерден, марапаттар мен құттықтаулардан қалыс қалған емеспін. Денсаулығымды түзеу мақсатында шипажайларға да жолдама алып, емделдім. Ең бастысы, ұжым маған жұмысшы ретінде емес, азамат ретінде қарап, еңбегімді бағалайды. Осы үшін де ұжымға және әріптестеріме деген шексіз рақметімді айтамын, – деді ол.

Аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлима Оралбекованың айтуынша, Нұрғали өзінің тындырымды әрі жауапкершілігімен көптің көңілінен шығады.

«Шынын айту керек, біз бұл кісіге көп арқа сүйейміз. Сенім артамыз. Ешқашан көңілімізді қалдырып, айтқанымызды жерге тастаған кезі жоқ. Өз ісіне тиянақты. Негізгі жұмысымен қатар сынып бөлмелеріндегі парталар мен орындықтарды жөндеуге, музыкалық аспаптарды қалпына келтіруге көмектесіп отырады. Электр жағынан да хабары бар. Бір сөзбен айтқанда, «бесаспап» деген дұрыс шығар, – дейді Ә.Оралбекова.

Мақтануға да, мақтауға да тұратын Нұрғалидың жалпы мінезі ауыр. Сөзге де шорқақ. Бірақ іскерлігін шеберханасына кіргенде байқадық. Барлық заты орын-орнында тұр. Шашылып, қирап жатқан басы артық дүние жоқ. Қарапайым жанның іскерлігі жұмысынан көрініп тұр.

«Басты арманыңыз қандай?», – деп сұрағанымызда, ағамыздың айтқаны;

«Арманым, енді немерелеріме жақсы білім, жақсы тәрбие беру. Оларды елі үшін еңбек ететін азамат етіп тәрбиелеу», – дейді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар