«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тыңайтқыштарды алу механизмі қолайлы болды

Тыңайтқыштарды алу механизмі қолайлы болды
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы кеңінен айтты.

Оның сөзінше, биыл облыс көлемінде 659,9 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда егістік көлемі 33,2 мың гектарға арттыру көзделген. Сонымен, көктемгі дала жұмыстары барысында дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 372, майлы дақылдар – 40,2, қант қызылшасы – 6, картоп – 6, көкөніс – 34,9, бақша дақылдары – 14,1, мал азығы дақылдары – 183,7 мың гектар алқапқа орналастырылды.

Бүгінгі күні облыстың барлық аудандарында көктемгі дала жұмыстары аяқталып, мал азығын жинау жұмыстары жалғасын табуда.

– Жаздық дақылдарды себуге 352,6 мың гектар алқап дайындалып 198,8 мың гектар алқапқа арпа, 25,4 мың гектарға көпжылдық шөп орналастырылды. Сондай-ақ 40,6 мың гектар алқапқа майлы дақылдар себілсе, 14,1 мың гектарға бақша дақылдары орналастырылды, ал 18,8 мың гектарға дәндік жүгері, 34,9 мың гектар алқапқа көкөніс тұқымы сіңірілді. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына 8 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркемелері жұмылдырылды. Оның 3 484-і трактор, 1 189 ы соқа, 538-і қопсытқыш, 773-і дән сепкіш, 83-і тұқым дәрілегіш және 2 045-і басқа да техника. Көктемгі дала жұмыстарына биыл 20 мың тоннаға жуық жанар-жағармай бөлініп, ол 8 оператор арқылы үлестірілді. Дизельдің бір литрі шаруаларға 254 теңгеден сатылды. Бүгінгі күні бұл дизельдің 9,8 мың тоннасы шаруаларға таратылған. Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды егіс алқаптарына сіңірілу жұмыстары тұрақты бақылауымызда. Биыл 498,5 мың гектар алқапқа 99,6 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланса, шаруалар тарапынан 60,4 мың тоннаға келісімшарт жасалынып, 54,3 мың тоннасы таратылып, сіңірілген. Бұл ретте көктемгі дала жұмыстары барысында, шаруалар үшін аванстық жеңілдетілген төлемдер бойынша тыңайтқыштарды алу механизмі қолайлы болды, – дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы облыс шаруаларына 7 миллиард теңге көлемінде 5 пайызбен несие беру жоспарланған. Өткен жылы 145 шаруа қожалыққа «Кең дала» бағдарламасы аясында 1,5 миллиард, «Кең дала – 2» бағдарламасы шеңберінде 1 миллиард теңге несие берілген болатын. Ал биыл 4,7 миллиард теңгеден астам қаржыға өтінімдер түсіп, оның 4,5 миллиард теңгесі берілсе, 152,1 миллион теңгені құрайтын өтінімдер мақұлданып, құжаттары рәсімделу сатысында.

Сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығы техникасын 6,5 пайызға жаңарту көзделген. Жалпы, алынатын техника 400-ді құрайды. Ал былтыр 502 ауыл шаруашылығы техникасы алынып, жоспар 8,9 пайызға орындалған. Оның 485-і трактор болса, 17-і комбайн. Есепті кезеңде алынған техника саны – 144. Оның 140 ы трактор болса, 4-і комбайн. Бұл жоспардың бар болғаны 23 пайызын құрайды.

– Бүгінгі күні егіс алқаптарын ылғалдандыру – басты назарда. Қазіргі таңда «Қазсушар» мекемесімен шаруалар арасында жасалған келісімшарттар негізінде 72 мың гектар алқапта, жер асты сулары арқылы ұңғымалармен 12 мың гектарға жуық алқапта, ішкі су қоймаларына тіркелген 6,3 мың гектар алқапта орналасқан ауыл шаруашылығы дақылдары сумен қамтылған. Вегетациялық кезең барысында шаруалар суармалы суды шартты түрде келісімшарт негізінде алуда. Бұл бағытта облыстық «Қазсушар» мекемесі тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Суармалы суды үнемдеудің бірден-бір жолы су үнемдеу технологияларын қолдану. Биыл су үнемдеу технологияларының облыс аумағындағы жалпы көрсеткішін 80,4 мың гектар алқапқа жеткізу жоспарланды. Есептік кезеңде 66,5 мың гектар алқап жаңбырлатып, тамшылатып ылғалдандырылуда. Жалпы, биыл шаруалардың материалдық-техникалық қажеттіліктері толығымен қамтамасыз етіліп, көктемгі дала жұмыстары тиісті мерзімінде аяқталды, – дейді басқарма басшысы Қайрат Есенұлы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар