«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сот беделі – мемлекет беделі

Сот беделі –  мемлекет беделі
Ақәділ Рысмахан
Сот билігі – мемлекеттегі заң үстемдігі мен әділеттіліктің негізгі тұғыры. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – халқымыздың құқықтық ой-санасының биік деңгейін көрсететін бірегей тарихи құжаттар. Бұл дала заңдары әділдік, парасат, адамгершілік қағидаттарына негізделген және бүгінгі сот жүйесінің рухани-тарихи іргетасы саналады. Тәуелсіздік алған тұста да төл Ата Заңымыз қабылданып, бүгінгі бейбітшілігіміз бен тұрақтылығымыздың кепілі ретінде қызмет етуде. Осы ретте 24 маусым – Судьялар және сот қызметкерлері күні қарсаңында облыс орталығында сала мамандарына құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиынды аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев ашып, сала қызметкерлерін мерейлі мерекесімен құттықтады.

– Атадан қалған «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қанатты сөз сот билігінің әділетке сүйенуін басты қағида еткен. Бүгінде бұл дәстүр тәуелсіз еліміздің сот жүйесінде жаңаша сипатта жалғасып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған әділетті сот төрелігінің негізіне айналып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен соңғы жылдары сот жүйесінде әділдік пен сенімді күшейтуге бағытталған кешенді реформалар жүргізілуде. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – сот төрелігін заманауи талаптарға сай жаңғырту, халыққа жақын, қолжетімді, әрі ашық сот билігін қалыптастыру. Халықтың сотқа деген сенімін арттыру – баршамызға ортақ мақсат. Бұл жолда сот пен жергілікті атқарушы органдардың тығыз әріптестігі, әсіресе әлеуметтік және еңбек дауларын заң шеңберінде шешудегі бірлескен жұмысы – оң нәтиже беріп келеді, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Сала ардагерлерінің өмірлік тәжірибесі мен парасаты, қазіргі буынның кәсіби шеберлігі – сот жүйесінің дамуына негіз болып келе жатқандығын атап өткен облыс әкімі бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Атап айтқанда, облыстық соттың судьялары Гүлнұр Егембердиева мен Айгүл Нұрлыбекова, Тараз қалалық сотының төрағасы Берік Оразымбетов пен судьялар Ғазиза Қамзиева, Жанат Дүйсебаева және Байзақ аудандық сотының төрағасы Досжан Төленбековке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.

Сонымен бірге Жамбыл аудандық соты әкімшісінің басшысы Гүлнар Есқараева, Тараз қалалық соты әкімшісінің бас маманы - сот отырысының хатшысы Зүлфия Абдуалиева мен облыс бойынша ауданаралық экономикалық сотының бас маманы Дина Оразбаева облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Сот әкімшілігі облыс бойынша департаментінің бас маманы Ерсін Амантай аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Жалпы, бүгінгі сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланысты реформаларды бастан өткеруде. Реформалардың мақсаты – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру.

Жиында Сот беделі – мемлекеттің беделі екендігін атап өткен облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов іскерлік қабілеті мен күш жігері халықтың заңды құқығы мен ар-намысын қорғауға бағытталған қызметкерлерге алғысын білдірді.

– Қазіргі таңда елімізде сот жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Цифрландыру, ашықтық, халыққа қолжетімділік біздің басты жетістіктеріміз. Бұл реформалардың барлығы – сот төрелігін халық үшін тиімді әрі әділетті ету жолындағы нақты қадамдар. Осы орайда сіздердің жоғары кәсіби деңгейдегі адал еңбектеріңіз сот жүйесінің беделін арттырып, дамытуға зор үлес қосуда, – деді Ербол Ахметжанов.

Бұдан бөлек жиында Сот саласының ардагері, облыстық соттың доғарыстағы судьясы Асылхан Дармурзаев пен Сот әкімшілігінің облыс бойынша департамент басшысы Азиз Әлиев жиналғандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, сот органдарындағы мінсіз қызметі үшін бірқатар азаматтарды марапаттады. Еске сала кетейік, бүгінде облыс бойынша 120 судья мен 296 сот қызметкері құқықтық мемлекет қағидаттарын іске асыру жолында еңбек етіп келеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

 

Ұқсас жаңалықтар