«Филолог» деп алған дипломым «Kaspi» қосымшасында неге «қаржыгер» болып жүр?
- author «Ақ жол»
- 26 маусым, 2025
- 321

Жақында бірге білім алған құрбыларыммен сөйлесіп отырып арамыздағы Гүлзана Оралова дипломының «Kaspi bank» қосымшасындағы электронды нұсқасында мамандығы «ветеринар» деп көрсетілгенін айтты. «Өңірімізге ветеринарлар жетіспейді, өте дұрыс болды», – деп қалжыңдап күлдім. Артынша болашақ профессор, Түркияда докторантурада оқып жатқан құрбым Балмира Мырзабай байланысқа шықты. Оның да мамандығы ветеринар болып шығыпты. Қаламыздағы Төле би атындағы №8 гимназиясында қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып істейтін Гүлбайра Датқабек электронды дипломы ақ парақ болып тұрғанын жеткізді. Содан өзімді тексердім. Қарасам, қызықтың бәрі менде тұр. Электронды дипломымда мамандығым «Қаржыгер, финансист», дипломды берген оқу орны «Тараз өңірлік университеті» деп жазылып тұр. Осылайша, табан астында қаржыгерге айналып шыға келдім. Университет атауы бірнеше рет ауысқандықтан шығар сол кездегі Тараз мемлекеттік университеті деген атауы ұмытылыпты.
2021 жылдан бастап барлық құжаттарымыз, нақтырақ айтсақ, жеке куәлік, диплом, төлқұжат, жүргізуші куәлігі, көп балалы ана куәлігі, неке куәлігі және де тағы басқа құжаттар толықтай электронды форматқа көшіріле бастады. Бүгінде мектеп бітірген түлектер аттестатын, ал университет тәмамдағандар дипломдарын электронды түрде алуда. Баяғыша қағаз түрінде берілмейді. Осылайша, 1991 жылдан бастап берілген жоғары оқу орындарының дипломдары электронды базаға енгізілген.
Бүгінде базада 3,5 миллион диплом тұр. Электронды базаға ену жайлы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек былай дейді:
– Электронды құжат өте тиімді. Қағазбастылықтан айырыламыз. Тиісті мекемелерге қағаз күйінде тасымайсыз. Тағы бір себебін айтайын, бүгінде жалған дипломдар көбейіп кетті. Ал жалған диплом жасау – қылмыс. Әр дипломның жеке нөмірі мен QR коды бекітілген. Осы тұрғыда жалған дипломды анықтауға болады, – дейді ол.
Электронды дипломды туралау үшін 1414 қызметіне қоңырау шалдым. Мәселемді айттым. Оператор маған қателіктің жоғары оқу орнынан кеткендігін, базаға деректерді енгізгенде мәліметтер дұрыс енгізілмегенін айтты. Ол үшін өзім 20 жыл бұрын оқып кеткен білім ордасына қайта баруға тура келді. Сонымен, білім алған М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің әлем тілдері факультетіне бардым. Сұрастыра жүріп қателікті архивтен түзету керектігін білдім. Архивке барсам университет ішіндегі академиялық жұмыс жөніндегі департаментке жол сілтеді. Іздеп жүріп оны таптым. Технологиялық факультеттің екінші қабатында академиялық жұмыс жөніндегі департамент бар. Электронды дипломдағы кеткен қателіктермен білім бағдарламаларын жоспарлау және жүзеге асыру бөлімінің мамандары айналысады екен. Бөлім жетекшісі – Гүлмира Дәуренбекова. Ісімді айтқаннан-ақ жылы жүзді жетекші «жөндеуге келетін іс», – деді.
– Өмірде өлімнен басқасының бәрін түзеуге, шешуге болады. Бұл да бір сондай іс. Кезінде алғаш 2018 жылы деректер базаға енгізіле бастағанда қолмен терілгендіктен қате кеткен. Мойындаймыз. Десе де, түпнұсқа дипломды әкеліп, өтініш қалдыру арқылы электронды дипломды жөндеуге болады. Сіз айтқан электронды дипломдары ақ қағаз болып тұрғандар олардың жеке сәйкестендіру нөмірі бізге белгісіз деген сөз. Олар да келіп бізге электронды дипломдарын түзетулеріне болады. Егер кімнің жоғары оқу орнын яки колледж бітірген дипломы дұрыс болмаса, өзі оқыған оқу орнына барып түзетулеріне мүмкіндік бар, – деді Гүлмира Дәуренбекова.
Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың да қажеті болмай қалды. Іс оңынан шешілді. Мен секілді электронды дипломыңыз дұрыс болмаса, жоғары оқу орнына барып, мәселеңізді шешіп алыңыз. Біз тек жолын көрсеттік.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді