«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Колледж арасында қткен бәсекеден көп ой түйдім

Колледж арасында қткен бәсекеден көп ой түйдім
Автор
№16 Жуалы колледжінің техникалық-материалдық базасы жылдан жылға жақсарып келеді. Жұмысшы мамандықтарын дайындауда колледждің қосып отырған үлесі де зор. Жалпы, білім ошағы бүгінгі күні республикалық және облыстық фестивальдерге қатысып, колледждің мүмкіндігін барынша насихаттауда. Атап айтсақ, жуырда колледж ұстаздары елордамыз Астана қаласында өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне қатысып қайтты.

Топ құрамында өзім де болдым. Астана қаласында колледждер арасында ұйымдастырылған фестивальдан зор әсер алдым. Өзім Абай облысының (бұрынғы Семей облысы) тумасымын. Шәкәрім Құдайбердиев атындағы Семей мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдадым.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай, жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Жақсы –жаңашыл ұстаз болу үшін де, ізденіс, білім керек. Жұмыспен қатар оқуды ұштастыра жүріп «Педагогика және психология» мамандығын да оқып алдым.

Психолог – ол бөлек әлем. Жұмыс өтілімде бірнеше жерде жұмыс істедім. Соңғы жұмыс орыным Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжі. Осында бұған дейін педагог-психолог болып жұмыс істесем, қазіргі таңда жастар ісі жөніндегі инспекторы, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы болып еңбек етудемін.

Бүгінге дейін талай іс-шараларға белсене қатысып, колледждің абыройы мен жақсы атын танытуға әріптестеріммен қатар үлес қосып келемін. Жалпы, елорда төрінде аталған іс-шара жұмыс берушілер және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайту үшін ұйымдастырылған еді. Оның ресми ашылу салтанатына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысқан. Әлбетте, бұл ауқымды жобаның басты мақсаты – қоғамдағы жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, экономикада сұранысқа ие мамандықтарды танымал ету. Сондай ақ жастар арасында кәсіптік бағдар беруді дамыту, жұмыс берушілердің қызметкерлерді оқытуға және қолдауға атсалысуын ынталандыру екенін де ерекше атап өткен жөн.

Сонымен «Жұмысшы мамандықтар қаласының» қонақтарына арнайы тақырыптық көшелер: тау-кен металлургия, машина жасаушылар мен көлік саласы қызметкерлері, ауыл және су шаруашылығы қызметкерлері, құрылысшылар көшесі, болашақ мамандықтар, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бұрышы және басқа көрмелер жасақталды. Бірнеше күн ішінде түрлі семинар мен шеберлік сыныптары, мұнай және энергетика салаларындағы тақырыптар бойынша хакатон, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесері, машина жасау бойынша шеберлік сыныптары, концерттер, халықаралық аккредиттелген техникалық және кәсіптік оқыту курстары және тағы басқа іс-шаралар өтіп, одан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Бұдан бөлек, жуырда Тараз қаласында ұйымдастырырылған «Адал еңбек – адал табыс» тақырыбында Жұмысшы мамандықтар жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, онда колледждің ауыл шаруашылығы көрмесін жасақтадық. Мұндағы жұмысшы мамандықтар жылының салтанатты ашылуында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жұмыс беруші кәсіпорындардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Ауыл шаруашылығы – мемлекетті дамытатын сала болғандықтан, өз ауылымыздан шыққан өнімдер көрмесін жасақтадық. Бір апта уақыт аралығында әр түрлі сұрыптағы арпа, бидай дақылдарын өсіріп апардық. Әлеуметтік серіктестеріміз де құр қалмай, өз өнімдерін ортаға салды. Оған қатысқан студенттер әрбір колледждердегі оқу бағдарламаларымен танысып, үгіт-насихат жұмыстарын тыңдап, кәсіптік білім берудің заманауи мүмкіндіктерімен танысты.

Қорыта айтсам, облысымызда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының атқарған қызметі зор. Көптеген жарыс, сайыс, фестиваль және де тағы басқа ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Биыл колледжімізде өткен облыстық ауыл шаруашылығы байқауынан жүлделі бірінші орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдама алып, сол аталған республикалық жарыста облыстың намысын қорғап, 2-орыннан көріндік. Біз үшін бұл-керемет көрсеткіш.

 

Жұпар ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ,

№16 Жуалы колледжінің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі

Ұқсас жаңалықтар